“Ұлы даланың жеті қыры” – тарих пен болашақтың алтын көпірі

“Ұлы даланың жеті қыры” – тарих пен болашақтың алтын көпірі

Бабалар аңсаған азаттыққа қол жеткізгенімізге аса көп уақыт болған жоқ. Мемлекетіміз орда бұзар отыз жасқа жеткен бір азаматтың ғұмырын жасады. Осы жайтқа қатысты болса керек, ел ішінде дамыған өркениетті елдерден үлгі алып, солардың салған сара жолымен жүру керек деген қатып қалған қағида қалыптасқан. Алайда тәуелсіздік алғанымызға отыз-ақ жыл болғанымен, оның алдында мың өліп, мың тірілген ата-бабамыздың сан ғасырлық тарихын ешкім жоққа шығара алмайды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы қараша айында жариялаған “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласында бүкіл әлемнің кереметі біздің бабаларымыздан қалған мұрамен астасып жатқанын тереңнен толғап, нақты дәлелдермен шебер жеткізген. Мақала кіріспесінде ежелгі адамдар ойлап тапқан техникалық құралдар әлі күнге қаймағы бұзылмаған қалпында не жетілдірілген нұсқада қолданылып жүргенін тілге тиек етеді. Тұңғыш ағартушымыз Ыбырай Алтынсарин жырлағандай, “мың шақырым жерлерге күн жарымда барғызатын” тікұшақты инелікке қарап жасаған. Ал қазіргі ұшақтар, парашюттер сонау замандағы ауыз әдебиетімізде, халық ертегілерінде ұшатын кілем бейнесінде суреттеліп қойған. 

Болашақ пен тарихты байланыстыратын – тәрбие. Тұңғыш президентіміздің бұл мақаласы тарих пен болашақтың алтын көпірі деуге толықтай негіз бар:

Мақаланың екінші, яғни “Тарихи сананы жаңғырту” бөлімінде жазылған идеяларды толық жүзеге асырсақ, тарихты ұлықтай отырып, нағыз дамыған елге айналарымыз хақ.

Жастардың бойына патриоттық рух дарыту үшін осы мақаланы негізге ала отырып тәрбие берсек, осыншалықты қазба-байлықтың, бүкіл әлемді аузына қаратқан мол мұраның қайнар көзі өз ата-бабамыздан бастау алатынын түсінген жас ұрпақ туған еліне деген сүйіспеншілігі артып, оның “отына күюге де” дайын болар еді.

Қазіргі тарихымызда бұрмаланған, жаңсақ ақпарат қосылған тұсы көп екені белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін тарихты, оқулықтарды қайта жазып шығу керек. Қайта даярлау жұмыстары барысында елбасының осы мақаласын және көреген жазушыларымыздың романдарын басшылыққа алған абзал. Өйткені Есенберлин “Көшпенділер” трилогиясын жазу үшін қанша тер төккені әмбеге аян. Ал Мағауин қазақ тарихының сан құпиясын ашып “Аласапыран” романын жазу үшін Мәскеудің мұрағатын ақтарып, талай түнін ұйқысыз өткізген. Осы еңбектер негізінде қайта жазылған тарихымызда жаңсақтық азырақ болары сөзсіз.

“Ұлы даланың жеті қыры” мақаласын әр қазақ бес саусағындай тануы тиіс. Оған тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков “Тарихпен тәрбиелеудің ерен үлгісі” деп баға берді. Мұнда тарих қойнауына саяхат жасай отырып, болашаққа кемел жол салып берген. Қазір немен айналысамын, неден бастаймын деп қол қусырып отырған азаматтар осы мақаламен толық танысса, бизнес бастауға да, жаңа проектіге де дайын идея қорын алады.

@. @assel_assanova