Өмірдің қимас сәттері (эссе)

Өмірдің қимас сәттері  (эссе)
Фото: storyfox.ru

Қазақ айтады: «Таудай талап бергенше бармақтай бақ бер» деп. Менің талабым тау бұзардай еді. Бірақ бағым кеш жанды. Өзім армандаған оқу ордасына көп кешігіп түстім. Ештен  кеш жақсы деп, осы оқу орнының табалдырығын қалай аттағаным да есімде. Құжат, жатақханаға орын алу мәселелерімен шашылған тарыға жүгірген тауықтай әр есікке бір жүгіреміз.

Қала берді суатқа бас қоюға асыққан қойдай боп әр есікте бір кезек күтеміз. Осындай кезде, іш пысқанда уақыт өлтірейін деп жан-жағыңа бағамдап қарай бастайсың. Ауылдан жаңа келген, ана сүті аузынан кеппеген ұл-қыздар бір-біріне үрке қарап тұрады. Әр жанарда бір ой, әр санада бір сұрақ. Құжат пен жатақхана «қиындықтары» біткен соң, бірінші курстарды топ-топқа бөлді. Алғаш өз тобыммен танысқаным да есімде.

Бәрі шетінен аты-жөнін айтып өзін таныстырып, менің мынадай өнерім бар деген соң, міндетті түрде «ақынмын, өлең жазамын» деген сөзді қосып қояды. Тек, бір қыз ғана «ақын» болмай шықты. Өз басым қара өлеңнің қаймағынан аздап дәм татып жүргесін 22 ақын ұл-қызды көргенде: «Құдай-ау, қайда кеп қалдым» деп таңғалғанымды да жасырмаймын...

Осылай таныстықтан соң ептеп семинарға қатысып, сабақ айта бастадық. Алғаш сабақ айтқанымыз да есімде. Басқа топты қайдам, біздің топ сабақ айтқанда өрістен келген енесін іздеген қозы-лақтай боп шуылдап, жамырап бір-біріне сөз де, кезек те бермейді. Бұл ауру 3-курсқа кеп басылғанымен, салқыны әлі де бар. Балалық қой...

Міне, ақырындап 4-курсқа да келіп жеттік. Осы уақытқа дейін басымыздан қимас сәттердің талайын өткіздік. Оның бәрін айта берсек, эссеміз романға айналып кетер түрі бар. Менің айтпағым, осы оқу орнына кеш түскеніме қуанамын. Алдымнан ағалап жүгірген қазақтың қара көздерін көргенде тағдырыма тәубе деймін. Мен әр жазда қара шаңыраққа асығып келемін. Осындағы ұл-қыздарды, осы қара шаңырақты сағынамын.

Аз уақыттан соң университет бітіріп жан-жаққа тарыдай шашылып кетеміз. Осы жолдарды жазып отырып, ертең бітіріп кететіндей бойыңды біртүрлі қимас сезім билейді екен. Жаныңнан жанай өтсе, мөлдірліктің лебі есіп тұратын осындағы студенттерді қалай қимайсың, қайтіп сағынбайсың. Әкем айтатын: «Қайда барсаң да жалғызым – Жаратқан жар, жұлдызың жарық болсын», - деп. Жақында өмір көгіне қанат қағатын барлық студенттерге айтарым да осы.

Әмәнда солай болғай!

Т. Раушанұлы