XX ғасырдағы әдеби туындылардан Алаш идеясын тауып дәлелдеңіз (эссе)

XX ғасырдағы әдеби туындылардан Алаш идеясын тауып дәлелдеңіз (эссе)
Фото: postmania.ru

Әдебиет әр заманның, әр дәуірдің көшірмесі деуге болады. Кез келген автор сол шақта болып жатқан оқиғаны кемінде бір шығармасына арқау етіп, өмірдің өзекті тақырыбын қозғайды. ХХ ғасырдағы елді елең еткізген мәселе – қазақ халқының азат халыққа, егемен елге айналуы. Сол тұста «заманына қарай адамы» десе, қазір сонау кезеңдерді «адамына қарай қаламы» деп толықтыруға болады. Көкірек көзі ашық, оқыған-тоқығаны мол данышпан дарындар – Алаш ардақтылары қарапайым халықты өнер-білімге шақырумен болды. Жазған-сызғанының барлығында бірде бүкпелемей, бірде астарлай ағарту істерін жүргізіп отырды.

Қазақ арасынан шыққан тұңғыш романшы Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» шығармасы да, «Қамар сұлу» (С.Торайғыров), «Қалың мал» (С.Көбеев), «Ақбілек» (Ж.Аймауытов), «Қыз көрелік» (Т.Жомартбаев) – бәрі-бәрінде де Алаш идеясы жатыр. Әйел теңсіздігі тақырыбын жарыса жазысқан авторлардың бәрінің көксегені – бостандық. Әйел құқығын арттырып, мәртебесін көтеру – егемен елдің есігіне бет алған алғашқы сатыдан сүрінбей өтуі еді.

Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ қалпы», «Қазақ салты», «Маса» өлеңдері, Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ», «Шағым» туындылары Алаш идеясын насихаттауға арналғаны бесенеден белгілі, ашықтан-ашық көрініп тұр. Сонымен бірге айтар ойын айқындамай, астарлап, шумақтардың шырмауына жасырып жеткізетін жолдар да бар.

Міржақып Дулатұлы «Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі» деген өлеңінде:

«Міржақып, неге отырсың қалам тартпай,
Байғұс-ау, оянсаңшы қарап жатпай»,– деген жолдармен бастайды. Көз жүгіртіп оқып шыққан адам бар кінәні өзіне артқан екен, өзін ғана жазғырған, өзін өзі сынға алған, қайраған, осылайша жігерленіп жетілуді көздеген деп ойлауы мүмкін. Алайда көңіл қойып, шын ықыласымен түйсінген жан әлемді өзгертпес бұрын өзінен бастауы керек екенін және ешкімді жазғырмай, сөкпей-ақ өз-өзіне өжет тіл қату арқылы басқаларға да ғибрат бергісі келгенін ұғады.

«Не пайда бір орыннан қозғалмайтын,
Тазармас қарасу да жатқан ақпай.
Артықтан тағылым алып, кемге үйрет,
Жүруің лайық па ғақыл таппай»,– деп толғайды жырының жалғасында. Бұл жолдарды оқығанда біз де өзімізді Міржақып Дулатұлындай сезініп, осы қайрау сөздерді өз басымызға бағыттап қабылдауымыз керек. Өзен ағысымен өлі балық та жүзе алады. Біз бір орында тұрып қалсақ, өзімізді басып озып жатқан кейінгілердің ізін ғана көріп қаламыз. Бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, бір-бірімізді батыр деп, білгенімізді біреуге үйретіп, білмегенімізді игеріп, сәт сайын ілгері жылжып отыруымыз қажет. Әйтпесе Алаш арыстарына арман болған егемендігіміздің парқына жетуіміз екіталай. Әлихандар аңсаған экономикалық тәуелсіздіктің иісі мұрнымызға бармай қалады.

Ахмет Байтұрсынұлы «Адамдық диқаншысы» өлеңінде:

«Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ қырға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құр халықтың»,– деп терең астарлы ақиқаты бар ой жеткізеді. Өнерсіз-білімсіз жұрттың санасын сәулелендіріп, көңіл көкжиегін кеңейту үшін шығармаларын егістікке себетін дәнге, өзін диқаншыға балайды. Ахаңдар бастаған топ қазақтың идеологиясын гүлдендіріп, баптап өсіріп, аманаттап кеткен қазыналарымызға қиянат жасауға қақымыз жоқ!

@. @assel_assanova