10-5 = ?

10-5 = ?
Фото: turkystan.kz

«Оннан бесті ала алмай жүрген қандай оқушы» деп ойлайтын шығарсыз? Иә, ондай оқушылар бар. Бірақ олар сауатсыз деген сөз емес.

Математика – ғылымдардың патшасы. Ол – сандарды зерттеудің озық технологиясына бастайтын баспалдақ. Бірақ сандармен жұмыс істей алмайтын оқушылар бар. Ең бірінші себеп, дұрыс білім алмауы немесе бала күнінен төрт амалды (қосу,алу, бөлу, көбейту) жетік меңгермеуі. Екінші себеп, баланың қабілеті басқа дүние іздейді. Оның қиялында алу (-) белгісі біз ойлағандай қарапайым математикалық бірлік болмауы да мүмкін. Ол басқаша ойланатын, ақылды бала болуы да мүмкін. Ал біз оны ескермейміз. Себебі білім жүйесі бойынша бала төрт амалды игере алмаса, ол белгілі тұлға болып қалыптасуға жарамсыз деп табамыз. Үшіншіден, түрлі әлеуметтік жағдайға байланысты баланың ақылы кем дамуы мүмкін. Бүгін білмеген дүниесін ертең білуі де ғажап емес.

Тақта алдында маңдайынан тері ағып, іштей «не істеймін?» деп тұрған оқушыны күнде көреміз. Оларды есеп шығара алмайды деп оқушыдан тартып, ұстазға дейін сөгеміз. Ал оның шығармашылық қабілетін біз тек ана тілі сабағында немесе басқа пәнде ғана байқауымыз мүмкін. Міне, көрдіңіз бе, бала о баста белгілі бір маман иесі болып туылмаса да, табиғатынан өзіне ете жақын саласы немесе кәсібі болады. Ол сол сала бойыша оқып-тоқып білім алғысы келеді. Ал біз қайтеміз, оны қинаймыз, қажеттілік болмаса да қажет деп табамыз.

Ата-анасымен бірге үй тапсырмасын орындап отырып, «оннан бесті алса қанша болады?» деген сұраққа бала жауап бере алмаса ұрсамыз. «Ақымақ», «соны білмейсің бе», «не оқып жүрсің» деп алдымен баланың психологиясына әсер етеміз. Математиканың бір бөлшегі болып қана саналатын қарапайым есеп үшін бала өзі өмір сүріп отырған кеңістікті жек көріп кетсе, өкініш сол кезде басталмақ. Одан қала берді ұстаздар қауымына келіп тиісеміз. «Балаға алуды үйрете алмай жүрген қандай ұстаз?!» деп. Жоқ, ұстаз үйрете алмады немесе бала үйренбеді деген сөз емес. Немесе мектепте сабақтың бәрін «5» дейтін баға үшін оқу да міндетті дүние емес. Сондықтан баланың сырт дүние үшін ғана жұмыс жасап жүргенін басты орынға қоймау керек. Оның жан дүниесі нені қалайды, іздеп жүрген дүниесі қандай, саласы, болашақта адам болып қалыптасуына әсер етуші пәні қандай деген сұрақтарға жауап іздеу керек.

Тұлға бүкіл ілімді білсе ғана қалыптасады деген заңдылық жоқ. Тұлға адамгершілік қасиетімен ерекшеленеді. Ендеше балаңыз бір есеп білмей қалса ештеңе білмейді деп тон пішу қателік.

Тақырыптағы «10-5=?» бұл жай ғана мысал. Астарына үңіліп, байыппен бағалап, түсінік таныта отырып, жазылған мақаланы түйсінген болсаңыз, қазірден бастап балаңыздың сабағымен емес алдымен жан дүниесімен жұмыс жасаңыз.

Есепке жүйрік бала санның қадірін сізден артық түсінеді. Ал руханиятқа берілген бала саннан гөрі әріптің қадірін жақсы біледі. 

М. Ақан