Сапар Байжанов – ғибратты ғұмыр иесі

Сапар Байжанов – ғибратты ғұмыр иесі
Фото: furcsa.hu

Кітап — бұл адамға дос және ақылшы. Ол көптеген мейірімді ойлар мен сезімдердің, білімнің бұлақ басы. Кітапты жақсы көретін және оны түсіне оқи алатын адам — ең бақытты адам. «Кітап – ең құдіретті әлем» дейді ғой халық. Әр кітап өзінше бір керемет дүние. Сол дүниелерді танып-білуге кім-кім де болса қызығары анық.

Әдебиетке бір табан жақын, Филология факультетінің студенті атанып жүргендіктен, осы уақытқа дейін біршама кітаптың басын қайырыппыз. Сол кітаптардың арасынан "сүйікті кітабым" атауына ие болған – "Өнегелі өмір" сериясының 65-шығарылымында жарық көрген қазақ журналистикасына өлшеусіз үлес қосып, жаңалықтың жаршысы бола білген Сапар Байжановтың ғибратты ғұмырынан сыр шертетін әңгімелері. Бұл кітаптың жүрегіме жақын тиюінің бірнеше себебі де бар. Әр жазушының өз оқырманы, әр оқырманның өзі сүйіп, шығармаларын жата-жастана оқитын қаламгері болатыны рас. Осы кітапты қолға алған кезімде өте баурап алар деп ойламаппын.

Автордың жазушылық шеберлігіне тәнті болдым және аса таңырқадым. Себебі шағын әңгімелерінің өзінде ол үлкен өмір туралы көп нәрсе аңғарта алды, оқырманымен шебер сырласа біледі. Оның әңгімелері құбылысты суреттеу ерекшелігімен де адам кейіптерін ашу әдісімен де тартымды келеді. Бұл кітаптың 5 тарауы да өзіндік сипатқа ие. Алғашқы "Уақыт елестері – өмір белестері" тарауында Сапар Байжановтың балалық шағы мен үлкен өмірге аяқ басуын, дүниені танып білуін көркем тілмен суреттейді. Келесі тарауларында да, яғни, "Мұрағатқа тіл біткенде", "Дүниенің дүбіріне құлақ түрсек" қоғам, халық, ұлт төңірегінде толғанған қаламгер тұлғасын көре аламыз. Соңғы екі "Естеліктер" мен "Жүрек сөзі жыр болып құйылғанда" тарауларында жанына жалау бола білген жолдастары туралы, жақын жандардың ыстық ықыласы, аға мен іні арасындағы ізетті шебер жеткізе білгеніне таңғалмасқа амал жоқ.

Ұлылардан ұлағат, өнеге алу үшiн олардың өмiрi мен шығармашылық өмiрбаяндарына үнемi қайта оралып, ой салатын тұстарын  жиi-жиi еске алып тұрсақ, одан ұтылмасымыз хақ. Ол біз секілді ұрпақтар үшiн керек. Бiздiң бүгiнгi рухани зәрулiгiмiздiң қажетiн молынан өтейтiн Сапар Байжанов мұрасының тағылымдық-тәрбиелiк тұсына осы мақсатта тағы бiр үңiлiп көрейiкші.

Сапар Байжановтың шәкірті әрі әрiптесi болған Сауытбек Абдрахмановтың «Ұстаз» деген естелiгiне көз жүгiртсек, бүгiнгi өзіміз сияқты жастарға үлгi-өнеге боларлық жайттар молынан кездеседi: "…Сапар Байжановтан біздің талайымыз үйренер бір қасиет – өмір сүйгіштігі, өнер сүйгіштігі. Жасыратыны жоқ, газетте жұмыс істей бастаған алғашқы жылдарда өз басым Сапакең ұжымның той-томалағында, би билеп кететініне таңданыңқырып қарайтын едім. «Бас газеттің редакторы, Жоғарғы Кеңестің депутаты, ЦК-ның мүшесі, жасы болса қырықтың жуан ортасында…» дегендей. Өзіміздің жиырма беске жетпеген кезіміз ғой. Сөйтсем, бәрі бекер екен. Сапакеңнің жаны жас екен. Адамның көңілі нешеде болса, жасы да соншада. Сапакеңнің достыққа адалдығы да – үйренерлік үздік үлгі. Абай Бейсенбаев, Кәкімжан Қазыбаев, Әбсаттар Бөлдекбаев, Баянжан Мәдиев, Әбілфайыз Ыдырысов, Шерхан Мұртаза сияқты «Лениншіл жаста» журналистік жолын жарысып бастаған достары, Ұзақ Бағаев, Баймырза Дәуренбеков, Кекілбай Нүсіпбеков сияқты курстастары туралы Сапакеңнің небір жарқын жолдары бар… 

Асыл ағаның өзгеше өнегесі ретінде айтатын тағы бір қасиеті – адамды тек адам ретінде ғана, қазақты тек қазақ ретінде ғана қарастыратыны. Мені студент аудиториясынан шыққан бетте республиканың бас газетіне, оның өзінде Алматыдағы талай ақын-жазушының түсіне кіретіндей әдебиет пен өнер бөліміне жұмысқа алғаны аздай, арада бір жыл өтер-өтпестен редакциядағы бастауыш журналистер ұйымының жетекшісі етті, тағы бір-екі жыл өтті ме, өтпеді ме – жергілікті кәсіподақ комитетінің төрағасы болдым, әуелі партбюроға, екі жылдан кейін бастауыш партия ұйымының хатшылығына сайландым. Қысқасы, бір адамға жасайтын жақсылықтың бәрін маған жасады… 

Сапакеңнің 1983 жылы Бас архив басқармасына бастық болып барған тұстағы танытқан қажыр-қайраты да айта қаларлықтай. Редакциядағы тағы бір асыл ағамыз Сарбас Ақтаевтың естелігінде: «Кім білсін, осы бейнетқорлығы мен еңбекқорлығы денсаулығына кері әсер етті ме, әлде шығармашылыққа шындап бет бұрғысы келді ме, сексен үшінші жылдың ақпанында ол өз өтінішімен орнынан босап, тынышырақ жұмыс деп, Министрлер Советі жанындағы Архив бас басқармасының бастығы болып барды» делініпті». 

Шынында да, ұлы тұлғалардың әрбiр сәтi, мағыналы мезетi бiз үшiн құнды дерек, таусылмайтын тағылым. Сонымен бiрге Сапар Байжанов туралы естеліктерді оқи отырып біз оның әрi өте сабырлы, ұстамды, асып-тасуды, көкiрегiн көтерудi, кейiп, күйiп-пiсудi, қайғыға омырылып, уайымға салынуды бiлмейтiн, сәттi-сәтсiздiкке бiрдей төзiмдi болатын, тағы бiр жақсы қасиетi ол адамға мейiрiмдi, қамқоршы ұстаз бола білгенін, жәрдемiн аямайтын, қалайда жұртқа жәрдем еткiсi, пайдасын тигiзгiсi келiп тұратын дара болмысындағы қасиеттер бiздей бүгiнгi рухани кемелдiлiктi аңсап жүрген жас ұрпаққа ұлағат емес пе?! 

Жазушының табандылығы, еңбекқорлығы жөнiнде өсиет еткен, соны жастарға жеткiзудi міндет еткен замандас, сырлас қаламдастарының сөздерiн оқи отырып өзіме тағлымы терең өнеге алдым. Сонымен қоса Сапар Байжановты нағыз шыншыл, шындықты сүйген қаламгер дей алар едім. Жүсіп Баласағұнның бір сөзінде айтқан: «Шындық – дәмі жағымсыз ащы сусын, әйтсе де денсаулықты түзетеді» деген, оның қаламынан туған әңгімелерді оқи отырып байқағаным, шындыққа тура қарай білгендігі. Балалық шағынан бастап, өмір белестері туралы жазған естеліктерінде осыны байқаймыз. Шығармаларын оқи отырып, бала көңілім қазақтың біртуар азаматын «ана дүниеге» қимай қалды. Себебі, шығармаларымен танысып шыққаннан кейін, «егер тірі болса – бізге осындай дүниелерін қалдырған атамыздың берері бұдан да көп боларма еді»,- деген ой келді. Мүмкін, жазушы өз әлемін әлде де тың туындылармен толықтырып, тарих қойнауына бұдан да көбірек өзіндік үлесін қосар ма еді. Бұл кітапты оқи отырып алған әсерім соншалық, ол мені өзінің туған жеріне – Қарқара-Кеген атырабына алып кетті. Беті айнадай жалтырап, жылмия, жұмсақ ағатын арқырап-сарқырауды білмейтін сұлу өзен – Кеген өзенінің үнін естіп, жағасында жүріп қайтқандай әсер алдым. Оның серілік қасиеттері: әншілігімен, бишілігімен, ғажап шахматшылығымен, теннисші, шабандоз сияқты өнерімен тәнті етті. 

Тұтастай алғанда бұл кітап өзінің сан түрлі талантымен төңірегіндегілерді тамсандыратын адамдардың қатарынан орын алатын Сапар Байжановтың өнегелі өмірінен мағлұмат беретін біз секілді жастарға дерегі көп, берері мол құнды жазба. Сонымен қатар осындай тұлғалар туралы, олардың тағдыры мен заманы туралы сыр шерте жазатын «Өнегелі өмір» сериясының әр кітабы өзіндік өрнекпен өріліп, оқырман жүрегінен жол табарына сенімдімін.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 
Филология және әлем тілдері факультеті 
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының 
студенттік шәкіртақы иегері Мұхамедсапақызы Жансая

Ж. Жұмағұлов