Заңғар жазушы

Заңғар жазушы

Туған халқына мәңгілік мұра болғандай

ғасырлық туынды сыйлау тек қадау-қадау ұлылардың ғана үлесіне тиген. Солардың бірі - Мұхтар Әуезов.

Зейнолла Қабдолов

Салыстыру атаулының бәрі сәтті бола бермейді. Десе де, Погодиннің «Қазақстан үшін Әуезов – екінші Абай» деп айтқан сөзінде бір шындық бар. Абай Құнанбаев та, Мұхтар Әуезов те – жомарт табиғаттың жарық дүниеге шашар нұрлы сәулелері, қазақ халқының ұлы перзенттері. Қазақ әдебиетінің XIX ғасырдағы асқар биігі – Абай, XX ғасырдағы асқар биігі – Әуезов.

Мұхтар Әуезовтің туындылары әрбір адамның жүрегінен орын алып, әлемдік әдебиеттің айнасына айналып, күллі адамзатқа ортақ рухани қазынаға айналды. Оның көптеген шығармаларының сарыны – қорғансыздардың қатал тағдырға мойынсынуы, байырғы қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, озбырлық туралы адамдар арасындағы қым-қиғаш қайшылық, әйел басындағы ауыр хал, айықпас мұң, қайғы хақында жазған топтамалары. «Оқыған азамат», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Барымта», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», т.б. өгейлік, өктемдік құрбаны болған қорғансыздар тағдыры бұл әңгімелерде үлкен суреткерлік шеберлікпен бейнеленген.

Десек те, сыншыл реализм әдісінің күштілігімен қатар осал жері де ап-анық көрініп тұрады. Осының зәбір көргендер мен жапа шеккендер қанаушылар қиянатына қанша ашынғанмен, оларға қарсы бел шешіп күресе алмайды, бас кейіпкерлердің бәрі дерлік өз қарсыластарымен батыл тіктесе алмай, көбіне құлап түседі, өздерін құрбандыққа, бір адым ілгері басып, қаналған адамның қанаушыға қарсы айқасқанын көрсеткен шығарма – «Қараш-Қараш оқиғасы». Бұл хикаят жиырмасыншы жылдардағы Әуезов прозасының шоқтығы биік шығармасы.

«Қараш-Қараш оқиғасы» да сол жылдардағы қазақ қоғамының шындығынан туған, ескі ауылдағы әлеуметтік теңсіздік тәрізді өткір тартысқа құрылған. Бұл шығармада да жиырмасыншы жылдардың әңгімелеріндегідей дала билеушілерінің заңсыз жуандығы – байлардың кедейлерге жасар өктемдігі, зорлығы, кедейлердің байлардан көрер қиянаты, қорлығы...

Шығарманың бас кейіпкері Бақтығұлдың ісі мен мінезі өзіне дейінгі өзі секілділерден өзгеше. Бұл – олар секілді өз тағдырының құлы емес, қожасы болуға ұмтылған адам. Ағайынды Бақтығұл мен Тектіғұлдың Сәлмен мен Жарасбайдан қорлық көрген азапты тағдырлары, адамгершіліктен өктем де қатыгез Сәлменнің әділетсіз, аяусыз жазасына жазықсыз ұшыраған Тектіғұл мерт болса, Бақтығұл жоқшылық пен жамандықтың екі жақты қыспағына мейлінше түсіп, адамдық намысы үшін күресіп, өзін ашындырған озбырлық иесінен кек алуға, жауыз болыс Жарасбайды өлтіріп, абақтыға түсуі, бұның бәрі өзін осыған мәжбүр еткен байларда кеткен есесі үшін егеске түскен ер, кек қайтарушы, қимыл-әрекет адамы. Демек, тақырып шығармада кейіпкерлердің түрлі мақсат жолындағы іс-әрекеттері, өзара күрес-тартысы, осы бағыттағы жеңісі немесе жеңілісі арқылы айқандалады, шешімін табады.

Жазушы шығармада адамдардың тағдырын, күрес-тартысын жайдан-жай бейнелемейді. Адамдар тағдырына, оқиғаның сипатына, шешіміне қатысты өз көзқарас-ойын да білдіреді.

«Қараш-Қараш оқиғасы» повесінде жазушы теңсіздік азабын қанша тартса да, намысы мен адамдық арын жоқтай білген нар тұлғалы азамат – Бақтығұл тағдырын оның Жарасбай болысты өлтіріп, түрмеге қамауымен аяқтайды. Оқиғаның осылай аяқталуы мен тартыстың бұл шешімінен біз жазушының бар ниет-тілегі Бақтығұл жағында екенін, ал қарғысы мен қаһары әділетсіздік иелеріне арналғанын көреміз. Жазушы Бақтығұлдың тағдырын суреттей отырып, оның күресі арқылы халықтың әділетсіздікке қарсы тұра алар қайраты мен биік рухын, жігерін көрсеткен. Повестің басты идеясы да осы.

Уақыт озған сайын ой-санамыздың бедері мен болмысын ірілендіре түсер осынау ұлы тұлғалар қатары үркердей шоғырланып, жарқырай түссе уақыт кеңістігі ұлғайған сайын Әуезов жұлдызының планетарлық болмысы мен кескін-келбеті де айрықша нұрын, сәулесін ғаламға шаша түсері, жарқырай түсері ақиқат.

Мұхтар Әуезов – тек сіз бен бізді ғана емес, әлі дүниеге келмеген жаңа ұрпақтардың да сарқылмас игілігі, өлшеусіз бақыты. Өйткені, М. Әуезов құдіреті, оның елге деген шексіз махаббаты мен сенімінде жатыр. Осы бір ақиқатты сезіну мына біздерге, бүгінгі тәуелсіз мемлекеттің іргесін нығайтып жатқан ұрпаққа қажымас қайрат, жасымас жігер қосады. Бұл – ұлы Әуезов қашанда бізбен бірге деген сөз. Ұлы қаламгердің рухына көрсетер ең биік құрметіміз – елдігімізді нығайту жолындағы ерен еңбегіміз бен жігерлі күресіміз болмақшы.

Мұхтар Әуезов шығармалары әрбір адамзат баласына үлгі-өнеге болары анық және осындай тәрбиелік мәні зор туындылардың дүниеге келетініне сенемін. 

Садыкова Арайлым

Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетінің

1-курс студенті

Сурет: zhelide.kz

Ж. Исакаев