Азамат (очерк)

Азамат (очерк)
Фото: voxpopuli.ru

Осыған дейін 1-ші тамыздан 15-ші қазанға дейін Қазақстанда балалар әдеби байқауы өткізілетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз. Байқауға қатысуға қазақстандық мектеп оқушылары мен 18-ге толмаған кәсіби оқу орындары және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары шақырылады. 

Екінші халықаралық «Полифония» әдеби фистивалінің шеңберінде өтетін «Балалар әдеби конкурсы - 2015» байқауына қатысуға ниет білдірген  Ақсұңқар Сәмибекқызының очеркін назарларыңызға ұсынамыз. 

Қандай керемет күндер! Мен мамыр айын қатты ұнатамын, оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, мен мамыр айында дүние есігін ашыппын. 6 мамыр мен үшін мейрам, сыныпта достарым, апайларым құттықтап жатады. Ертесі 7 мамыр «Ұландар күні» болғандықтан сабақтан ерте кетеміз, одан кейін «Жеңіс күні». Айта берсек мамырда мейрам көп-ақ. Екіншіден, соңғы қоңырау. Жазғы демалыстың басталуы бізді зор қуанышқа бөлейді. Аяулы мектебімізге, достарымызға, ұстаздарымызға «қош» айтып ұзақ көңілді демалысқа кетеміз...

Анам демалысты ойдағыдай өткізу үшін алдын ала жоспар түзеді. Бұл жолғы бет алысымыз Астана қаласы. Әкем жұмыстан қолы босамайтындықтан, анам, сіңілім Зере үшеуміз «Тұлпар» жүрдек пойызына отырып еліміздің жүрегі Астанаға жол тарттық. Бұл менің тұңғыш рет пойызға отыруым еді. Зере әлі үш жасқа келе қойған жоқ, өзі сондай ерке. Алғашында қорқып жылағанымен, біраздан соң біресе төсекке шығады, біресе түседі, біресе басқа купеге кірмекші болады, өзінше көңілді сияқты. Біздің қасымыздағы бос орынға бір әдемі тәте келіп жайғасты. Ол кісімен амандық сұрастық. Зеренің қылықтарын көріп, оған риза болып күліп кетті, бір кезде көзіне жас келіп жылап жіберді. Анам ол кісіні әңгімеге тартты. Мен де себебін білмекке асықтым.

— Мен Астанаға баламды көруге барамын, ол сырқат. «Республикалық балаларды сауықтыру орталығында» ем қабылдап жатыр. Жүре алмайды. Осында жақсы емдейді деген соң алғаш рет әкеп отырмын. Баламды көрмегелі бір ай болды. Сағындым балапанымды.

Анам ол кісіні жұбата «балаңыз жазылып кетеді, бір Аллаға, одан соң медицинаның мүмкіндігіне сеніңіз» деді.

Анам мен әдемі тәтенің әңгімесінен білгенім, өзінің есімі Бақыт, ұлының аты Азамат екен. Азамат 6 жасқа келіпті. Тәй-тәй басып жүріп жүрген кезінде, арақ ішіп келген әкесі «жолымнан былай тұр» деп есікке қарай лақтырып жіберіпті. Байқұс бала содан қатты соққы алып, ұзақ уақыт төсек тартып жатып қалыпты...

Зере шаршап, сүтін ішіп пысылдап ұйқыға кетті. Мен үстіңгі төсекке шығып ұйықтаған кейіпте әңгімеге құлақ түріп жатырмын. Мына сұмдықты естігенде қорқып кетсем керек, дауысым шығып кетті. Анам маған «ұйықта» дегендей қарап қойды.

Қандай жаман, өз баласын мүгедек еткен әкені кім дейміз? Әке деген баланың қорғаны емес пе?! Менің әкем бізге ешқашан дауыс көтерген емес, еркелетіп, мойнына мінгізіп өсірді ғой. Анам Бақыт тәтеден «қазір әкесі қайда?» деп сұрады.

Бақыт тәте: «Ол баланы емдеткеннің орнына, ішкенін қоймады, содан ажырасып кеттік», — деді. Азаматты анасы мақтан тұтады екен. Айтуынша Азамат өте ақылды көрінеді. «Әрдайым көңілді жүреді, оқуға құштар» деп мақтанышпен айтып жатты. Оған анам екеусіз де қуанып қалдық...

Таң атты. Астанаға кіріп келеміз, жаңбыр жауып тұр екен. Әне-міне дегенше вокзалға келіп тоқтадық. Анам Бақыт тәтенің телефон нөмірін жазып алды. Бақыт тәте Зере екеуміздің бетімізден сүйіп қоштасты...

Астана қандай көркем қала еді. Тұп-тұнық аспаны маған қатты ұнады. Көк аспанда әппақ бұлттар тұрақтап қалыпты. Бір-біріне ұқсамайтын ерекше құрылыстар, кең жолдар, оюлап келтірілген гүлдестелер... бәрі сондай ерекше. Ең алдымен, «Бәйтерекке» келдік. Бәйтерекке шығып Астананы толық көруге болады екен. Менің ойымнан «осының бәрін Азаматта көрсе ғой, анасы алғаш рет келуіміз деген еді, бәлкім көрмеген шығар» деген ой кетпей қойды. Бұл ойымды анама айтып едім, анам да келісе кетті. Бақыт тәтеге телефон шалып сөйлесті. Сөйтіп Астанадағы төртінші күнімізді Азаматқа арнадық.

Біз Азамат емделіп жатқан орталыққа бардық. Бақыт тәте Азаматты мүгедектер арбасына отырғызып алып шықты. Азамат ақсары келген сүйкімді бала екен. Біз тез тіл табысып кеттік. Бірге Бәйтерекке шықтық, Еслідің үстінде кемемен жүздік...

Азамат еңбекқор бала екен. Әліппені жаттап алыпты, есепке де жүйірік. Тіпті шахматты тамаша ойнайды екен. Ол өскенде су спортымен айналысамын дейді. Жүріп кетуіме аз қалды деп күліп қояды.

Біз Азаматтың кішкентай жүрегінің сонша мықтылығына, жігерінің беріктігіне таң қалдық. Ол ешқашан жыламайды, тек күлімсіреп жүреді екен.

Бұл кездесу маған ой салды. Кейде «бойым қысқа, түріп қап-қара»... деп ренжіп жатамыз. Жалқаулыққа басып «менің қолымнан келмейді» деп құтылуға асығып тұрамыз. Төрт мүшеміз сау болса да, төрт қабырғаға қамалып компьютер алдынан кетпейміз, міне бұл нағыз мүгедектік деп санаймын. Азамат қазір балдақпен жүріп жүр. Енді көп өтпей балдақсыз жүріп кетеріне сенімдімін.

Азамат, сен нағыз азаматсың! Армандарың орындалсын!

Шығармалар мен байқауға қатысуға өтініштер litshkola@gmail.com электронды поштасына қабылданады.

Қ. Бүйенбай