Толғаныс (әңгіме)

Толғаныс (әңгіме)
Фото: Даурен Кошербаев

Осыған дейін 1-ші тамыздан 15-ші қазанға дейін Қазақстанда балалар әдеби байқауы өткізілетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз. Байқауға қатысуға қазақстандық мектеп оқушылары мен 18-ге толмаған кәсіби оқу орындары және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары шақырылады. 

Екінші халықаралық «Полифония» әдеби фистивалінің шеңберінде өтетін «Балалар әдеби конкурсы - 2015» байқауына қатысуға ниет білдірген  Мұятов Даулетбақ Сабитұлының әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

Толғаныс

Кітап беттеріне көз жүгіртіп, минут сайын атлас бетін парақтап, қанша дайындалғандай болғанымен, Азаматтың ойы бөлінуде. Нағыз шудың, тоқтаусыз қозғалыстың нақ ортасы қалада тұңғыш болғаннан кейін бе, оның үстіне өзіне жат төрт қабырға оған бұрын соңды беймәлім болған бір сезімді көкірегіне түйіп қойғандай. Жайсыздық деуге келмес, дұрысы еркіндік сыйлар емес.

Жалғыздық құшағында отырған, аядай бөлмеге жарық беріп тұрған терезеге еріксіз көзі түскен ол, өзіне бейтаныс әлемге жоғарыдан қарағысы келді.

Ауыл баласының төрт қабырғамен серік болуы, сирек болатын жағдай. Кейде Азаматтың сырқаттанып қалған кезінде атасы қамқорлық танытып, оны үйінен шығармайтын. Сол сәттерде Азамат «мөлдір қабырғаға» аспанды көру үшін ғана жақындай түсетін. Оның түсінігінде, терезе түпсіз аспанға қарауға арналғандай тәрізді.

Кейде мақта бұлттардың ерекше бейнелері; шайдай ашық аспанның көз тойдырар көк түсі; бар маржандары төгіліп жатқан, сөгілген қап секілді сүреңсіз бұлттардың; түнімен сауық құрып жымыңдайтын жұлдыздардың; әккеншектің екі басында отырғандай көрінетін ай мен күннің; биіктігін, ұлылығын дәлелдегісі келгендей көрінетін таудың өрлей өсіп, бойын тіктей түсетін, бағындырғысы келетін мекені – шексіз аспан емес пе?! Осындай ұлылықтың терең ойлы жас буынды өзіне тартуы да заңдылық секілді.

Терезе алды. Төменде беймаза тіршілік. Көліктердің дабылы, бұрылыс кезіндегі дөңгелектердің шиқылдаған дыбысы төмендегі жүргіншілерге үйреншікті дыбысқа айналғаны байқалады. Еш алаңдау жоқ. Барлығының өз жұмысы, өз жолы. Асығыстық. Осының барлығын зәулім үйлер үнсіз, қоғалыссыз бақылап тұрғандай. Азаматтың бойындағы еркіндікті сезінуге кедергі болғанда, осы қамал тәрізді зәулім үйлер секілді.

Азамат төмендегі, өзге әлемге көп кідірместен, өзіне таныс баяғы көрініске, жоғарыға қарады. Бірақ жоғарыдағы көрініс көңіліне қаяу түсіргендей. Қала секілді аспанда терезеден оған бейтаныс көрінді. Ауылдың аспанындай емес. Сол сәт терезе жанындағы Азаматтың санасында бір кездері әкесінің жиі тыңдайтын өлеңінің үзіндісі жаңғырып, құлағынаң түбінде ойнай жөнелгендей болды: 

«Я сижу и смотрю в чужое небо из чужого окна,

И не вижу ни одной знакомой звезды».

Сүреңсіз аспан. Сұрғылттанған, адамның көңіліне салмақ түсірер түске енген аспан. Жауынның еш белгісі байқалмайды. Күннің көзі анық болмасада, сәулесін шашып тұр. Азамат үміттенген, ауылдың шайдай ашық, көк аспаны мұнда жоқ екен. Неге? Мұнда қалаға келуіне себепші болған білімі, мұның себебін ұғындырып тұрғандай. Іштей барлығын түсініп, алыс көкжиекте, қаланың өзге шетінде орналасқан, түтіні будақтап жоғарыға көтерілген сайын ауаның құрамына еніп жатқан үлкен мұнараға сын артқандай қарайлады. Ауылдағы атасының үйінің жанында ағып жатқан өзеннің, бұлақтан бастау алатынын, осыншалықты судың бірнеше бұлақтың бірігуінен пайда болатынын, бір жолы атасымен біраз қызықтағаны бар-тын. Осынау солғын тартқан аспанда, түтіні будақтаған мұржалардың бірігуінен пайда болғандай. Азамат сәл уақыт өзгеде кінәлілерді іздеп, төмендегі көліктерді де көзімен шолып өтті.

Жастықтың лебі байқалатын бұл жас буын, жаздың түндерін далада қарсы алып, жымыңдаған жұлдыздарға қарап, қиялдарына қарай самғайтын.Төңкерілген қазанның тесіктеріндей болған көрініске қарап, армандарының есігін қағатын. Сол әдетімен ол кешкісін жұлдыздарға қарап, ұйқыға кететін жандар ұзақ өмір сүреді деген өзіндік жаңалық ашқаны да бар-тын. Себебі осыншалық керемет, тылсымға қарап, жаман ойлар ойлау немесе біреуге ызалану, уайымдау мүмкін емес нәрсе еді. Ал уайымы жоқ адамның жаны да тыныш, өмірі де ұзақ болмайды ма?! Бірде жұлдыздар жайлы атасының айтқан бір сөзі бар-тын. Ол: «Қараңғы жерде жұлдыздар анағұрлым жарық көрінеді» - дейтін. Мұны еске алғанда Азаматқа қалаға жұлдыздар керек емес тәрізді болып көрінді. Ал мұнда әр көшеде жұлдыздай жарық шашар (тіпті ай тәрізді) жарық бағаналары орналасқан. Қала ішінде жұлдыздар әлдеқайда бұлыңғыр көрінері сөзсіз. Қаланың түнгі көрінісін көрмесе де, Азамат осылай түйді.

Адамзат – қызық құбылыс. Жұлдыз алыс болған соң, оның өзінің қолында болғанын қалап, көшеге жарық бағаналарын орнатты. Ал шаң тозаңнан сүреңсіз, солғын тартқан аспанды немен алмастырмақ?

Терезе алдындағы осынау ішкі толғаныстың соңғы сәттерінде Азамат қарсы беттегі, ертеңгі жарыс өтетін қала мектебінің төбесінде желбіреп тұрған «аспан түстес, көк туға» көзі түсті.

Шығармалар мен байқауға қатысуға өтініштер litshkola@gmail.com электронды поштасына қабылданады.

Қ. Бүйенбай