БАЛАНЫ ЖАЗАЛАУ
Бала тәрбиесіндегі жазалау туралы жан-жақты пікір
"Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. ... бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы".

Мағжан Жұмабаев
"Педагогика" еңбегінің авторы
Жазалауда қателеспес үшін
... тәрбиелеуші алдымен баланың теріс қылығын емес, соған апарған жағдайдың мән-жайын байыппен таразылап, бақылағаны жөн. Белгілі педагог А. Макаренко "жазаны әр баланың ерекшелігін ескеріп, өзіне лайықтап беру керек", - дейді. Осы тақырыпта біз педагогтан, бала психологынан, жас ата-ананың пікірін білдік.
Пікір №1
Гаухар Қожамқұлова, жас ана
Мен бұған көп уақыттан кейін келдім. Ұрысып, соғып жазалаудан дұрыс нәтиже шықпайды, себебі адамда қорғаныс реакциясы іске қосылып, агрессия күшейе береді екен. Бұл әдісті маған ұлым өзі бірінші қолданды. Мен бір нәрсені дұрыс жасамағанда "Сен маған ұрысасың, ал мен оған ренжимін, содан кейін мен ренжігенде ештеңені дұрыс жасағым келмейді, содан соң сен тағы да ұрысасың. Неге?" деді. Сол кезде ойландым. Содан бері оны жазалап, ұрысуды қойдым. Өзіңді ұстау қиын, сонда да, үндемей кетіп қаламын. Артынан "Сенің бұл қылығыңа ренжідім" деп айтамын. Сонда бала өзі кешірім сұрап, қатесін түсінеді. Кейін құшақтасып, достасамыз.

Кызығы, бір күнде жеке-жеке әкесіне де, маған да осы әңгімені айтыпты. Бір күнде екі ересек адам түзелді.

МАҢЫЗДЫ
"Ұрысып, соғып жазалаудан дұрыс нәтиже шықпайды, себебі адамда қорғаныс реакциясы іске қосылып, агрессия күшейе береді"
Пікір №2
Айбол Исламғалиев, жас әке
Жас жарымнан асқан қызымыз бар. Көз қуанышымыз, өмірдің мәні - сол балапан. Әрине, "қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай", зерделі, жан-жақты бала тәрбиелеуге тырысып-ақ жүрміз. Бақытты өмір сүргенін қалаймыз. Осы уақытқа дейін перзентімізге "қатаң жаза" қолданып көрген жоқпыз. Біздің наз "олай істеуге болмайды, қой енді" дегеннен әрі аспайды. Рас, кейде ашуланып кететініміз бар. Бірақ ол өкпенің бәрін сыртқа шығармаймыз. Өйткені баланың психикасына теріс әсер еткенін қаламаймыз. Керісінше, қуанып жүргені бізді бақытты қылады. Соңғы кезде, ренжісе, мультфильм сұрайтынды шығарды. Ол еркелігіне де көнетін болдық. Бірақ бәрі өз өлшемімен. Күндіз-түні телефонға қадалып отырудың зияны көп қой. Сондықтан сананы жетілдіретін, танымын арттыратын ойыншық беруден бастап, картиналар көрсету, сурет салдыру, ертегі оқып беру, табиғатта серуендету сынды амалдарды құп көреміз.
Жалпы, қоғам болған соң, әр отбасының өмір сүрудегі, бала тәрбиесіндегі өз принциптері бар. Ұрып-соғатындар да, қолына телефон беріп қойып, өздері әңгіме айтып, ел кезіп жүретіндер де, далаға шығарып жіберіп, балконнан сығалап қоятындар да, әртүрлі себеппен ата-әжесіне тастап кететін, уақыт бөлуге мүлде құлықсыз жандар да аз емес. Бәрін бірдей айыптай алмайсың. Дегенмен баланың жақсы тәрбие алғаны дұрыс қой. Ата-ана – Освенцимдегі жазалаушы емес. Егер жетілмеген баланы көк ала қойдай ғып сабайтын болсақ, ертең ол қандай болады?! Мүгедек пе, ызақор ма, есерсоқ па, әлде санасыз ба?.. Өскенде де оған "қазақи жауапкершілік" артудың қажеті жоқ дейді бір ойымыз. Асылы, әр бала көркем ғұмыр кешуге лайық! Бір сәт, ойланайықшы!.
МАҢЫЗДЫ
Ата-ана – Освенцимдегі жазалаушы емес.


сауалнама
Сауалнама әлеуметтік желіде өтті. 36 адам қатысты. Оларға 3 түрлі сұрақ қойылды:
1) Балаңызды ұрасыз ба?
2) Қалай жазалайсыз?
3) Біріңіз ұрысқанда, екіншіңіз...
Балаңызды ұрасыз ба?
11
Иә
25
Жоқ
Қалай жазалайсыз?
7
Керек дүниесінен айырамын/көңіл бөлмей қоямын
16
Ренжимін, келісуге тырысамын
6
Ескерткенге көнбесе, құйрықтан тартамын/ұрысамын
7
Жазалап көрмеппіз
Біріңіз ұрысқанда, екіншіңіз...
10
балаға жақтасамын
24
үндемеймін
2
басқа бөлмеге кетемін/жылаймын
Бала психологы не дейді?
Біздің қоғамда «БІЗ ДЕ ТАЯҚ ЖЕП ӨСТІК, ЕШТЕМЕСІ ЖОҚ» деген пікірді ұстанатындар бар. Олар –балалық шағы ауыр, көбіне мейірім мен еркелік емес, ұру мен ұрыс арқылы өскен адамдар.
Мен ол қоғамның психологы емеспін, ол қоғамдағы ата-аналарға сын да тақпаймын, алайда, дәл қазіргі таңда, «баланы ұрып тәрбиелей алмайсыз, СТОП!» деп айқайлағым келеді.
Шұғыла Дуанаева
Бала психологы
Жалғасы...
Енді мынаған қараңызшы, адам өз күшін (ұру, жұдырық) не үшін қолданады? Бәлкім өзіне келген қауіптен қорғану үшін болар, бала бізге қауіп болғаны ма?
Ал, енді, өзіңіз ойланып қараңызшы, БАЛА мен ЕРЕСЕК адамның күші тең бе? Баланы ұрғанда бала өзін қаншалықты қорғансыз, қаншалықты үрейде болатынын сіз өзіңізге елестете де алмайтын шығарсыз. Мен анда-санда болатын көтеннен соғып жіберу туралы айтып тұрғам жоқ, оған үйтіп-бүйтіп ақтау табуға болар, баланы «ТӘРТІПТІ, АҚЫЛДЫ, ТІЛ АЛҒЫШ» болсын деп үнемі ұрып тәрбиелейтіндер туралы айтып отырмын.
Баланы ұрған кезде, мысалы, анасы делік, сол ұрумен қатар үлкен негатив теріс «күш» бала психикасына енеді. Ол күштің мықтылығы сонда, баланың бүкіл болашақ тұлғасының дұрыс қалыптаспауына, өз өзіне деген сенімнің төмен болуына, өзін ешкімге керексіз санауына, «мен ешкім емеспін бұл өмірде» деген установкасына жетіп артылады. Елестетіп көріңізші, бала осы теріс «күшпен» өмір бойы алысумен болады. Адам психикасының ерекшелігі сонда, бұл негативті міндетті түрде сыртқа шығарады, ол психикаға сіңіп жоқ болып кетпейді, кез келген формада шығады. Мысалы, үнемі ұрумен өскен бала өте агрессив, өз дегеніне тек конфликтімен жететін адам немесе қоғамды қатыгез санап, өзі де қатыгездікке баратын адам, яғни, балалықта көрген негативтерін сыртқа да дәл солай негативпен шығаратын адам болып қалыптасуы мүмкін. Немесе бұл негатив өзіне бағытталуы мүмкін: «менің жолым болмайды, ештеңеге қол жеткізе алмаймын, ешқандай ситуацияны өзгертуге шамам келмейді» осы сынды позициядағы адам болуы мүмкін. Ұрудың тағы бір нәтижесі, өз ата-анасына деген мейірімнің сөніп қалуы, ең қорқыныштысы да осы сияқты. Ойлаңызшы, өмір бойы баланы «адам» болсын деп ұрып болса да өсірдіңіз, ал ол бала безбүйрек... еш мейірімі мен махаббаты жоқ. Осы кезде бір хадис есіме түсіп отыр: «мейірім көрмегеннен мейірім күтпе...» Ойланайық, АНАЛАР...

СҰРАҚ-ЖАУАП
Ескендір Бестай, балатанушы
* Баланы жазалаудағы дұрыс шешім қандай?
Баланы жазалаудағы дұрыс шешім? ???? Ондай болатынына күмәнім бар. Бұл адамды қалай дұрыс өлтірсе болады дегенмен бірдей-ау. Қандай жаза болса да оның дұрысы болмайды. Өзім баланың жасы, жынысы және жеке бас ерекшелігіне қарай кері байланыс беруді құптаймын.
* Ұрып-соғу баланың тағдырына психологиялық тұрғыда қалай әсер етеді?
Теріс әсер етеді. Орны толмайтын соққы тудырады. Бала мінезіне қарай сынады немесе іштей тығылып қалады.
* Әлемдік тәжірибеде, мысалдарда баланы жазалау қалай жүзеге асады?
Әлемдік тәжірибе дегенде Саммерхилл мектебі есіме түсті. Оларды өздері құрған ұжымдық сот бар. Мұғалім де, оқушы да теңқұқылы ол отырыста өзара бекіткен ереже бойынша түрлі "жаза" қолданады. Ең өнегелі кейс деп баға беремін.
* Өз тәжірибеңізде ше?
* Өз тәжірибемде де жазасыз тәрбиеге ұмтыламын. Жаза әлсіздіктің тетігі деп білемін. Ал баланың өзіне өзі жаза қолдануын, яғни, жауапкершіліктің көрінісін қолдаймын әрі диалог арқылы сондай ситуация құруға тырысамын.
ТӘЖІРИБЕ
Әлем ата-аналары қалай жазалайды?
ЖАПОНИЯ
Сәбиге 5-6 жасқа дейін барынша ерік беріледі. Олардың сындырғанына, бүлдіргеніне, орынсыз айтқан сөздеріне ешқандай назар аударылмайды. Сол сағатында тәрбиелейміз, жөнге саламыз деп жүйкесін жұқартпайды. Тек әрбір бала 5-6 жастан асқан соң оларға басқаша талаптар қойылады. Себебі, ақыл-есі бар бала ол талаптың керегін, мән-маңызын түсіне алады.
ҚЫТАЙ
Біздің жыл санауымыздан бұрын қытай данагөйінен қалған бір өсиет: «Біржылдық ғұмырың қалса, дәнді дақыл себіңіз, онжылдық ғұмырың болса, жеміс ағашын отырғыз, ал егерде бірғасырлық өмірің болса, онда оны бала мен жастарды тәрбиелеуге арна».
ИТАЛИЯ
Баланың болашақтағы қызмет мансабы 2-3 жасынан қалыптасады. Яғни, дүние есігін ашқан сәттен бастап сәбиіне еркіндікті, мейірім мен махаббатты мейлінше көп берген отбасының баласы қызметтік өсу жолында кедергіге аз кезігеді. Өзіне деген сенімі мықты бала кез келген қиындықты мойымай көтеріп, алға қарай ұмтыла түседі. Керісінше, қатал тәрбие мен шектеуді отбасында көп көрген баланың өмірлік жолы ауыр болады, тіпті, олар кейде ішімдікке салынып, қаңғыбасқа да айналып кетеді. Рим психологтары осы орайда әрбір баланың сенімін арттыру арқылы оның болашағына үлкен үлес қосуға болатынын айтады.
Left
Right
Сіз ұл-қызыңызды тек өзіңіздің ата-аналық қуанышыңыз үшін ғана дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жатқан жоқсыз. Сіздің отбасыңызда болашақ азамат, болашақ қайраткер және болашақ күрескер өсіп келеді.

А. Макаренко
Педагог
Түйін
Ата-ана – баланың ұясы
Баланы таяқпен жазалау қазіргі қоғамға тән емес. Психолог айтқандай, біз ондай қоғамның "тұрғыны" емеспіз. Біз өркениетті, ғаламдық тұрғыда ойлануға аяқ басқан заманда өмір сүреміз.
Кез келген адам өмір жолында сан түрлі сынаққа тап болады.
Болашақ азаматтың балалық шағында сізден, сіздің жұдырығыңыз бен таяғыңыздан сынақ көрмеуі керек. Керісінше, сізден балаға керегі – жылу, махаббат, сенім.
Ол сізде бар ғой. Демек, бере де аласыз.
Осы тақырыпта толығырақ
ДАЙЫНДАҒАН:
Берік Гүлжанар
Шығарушы редактор