Бала дамуына шахмат ойынының әсері

Бала дамуына шахмат ойынының әсері
Фото: kazchess.kz

Шахмат – бұл спорт, ғылым әрі өнер. Егер шахматшы жарысқа қатысып, жетістікке жетсе, онда бұл ойынның спорттық көрінісі. Егер ойын барысында тың ойлар туындап, ерекше жүрістер болса, бұл – өнер. Ал шахматшы ойынға дайындық барысында шахмат жүйесінің теорияларына зерттеу жүргізіп, жаңа жоспар мен идея ойлап тапса және осыны шынайы ойында жүзеге асыра білсе, бұл шахматтың ғылыми тұрғысы.

Шахмат ойнауды кез келген адам және кез келген жасында үйрене алады. Мысалы әлем чемпиондарының бірі Анатолий Карпов шахмат ойнауды 4 жасында үйренген. Ал небары 13 жасында осы Карповты жеңген қазақ шахматшы қызы Жансая Әбдімәлік 8 жасында-ақ әлем чемпионы атанып үлгерген еді. Қазіргі кезде көптеген бала жеті-сегіз, кейде бес жасынан бастап шахматпен әуестене бастайды.

Әрине, әр адамның әлемді қабылдауы әртүрлі. Бірі тез түсініп, есте сақтап алатын болса, енді бірі ақырын жүріп анық басады. Алайда бала бойындағы жеткіліксіз қасиеттерді осы дана ойын арқылы сіңіруге болады. Шахматпен айналысу адамның біршама тұлғалық қырын жетілдіреді.

Шахмат ойнап жаттыққанда логикалық және түйсіктік ойлау қабілеті дамиды, ұзақмерзімді және қысқауақыттық есте сақтау қабілеті, ойды шоғырландыру қасиеті жетіледі. Ойын басырында шешім қабылдауда ерік, шешімшілдік, эмоциялық ұстамдылық қалыптасады.

Шахмат уақытты бағалай білуге, төзімділікке, өтірік пен шындыққа тура қарауға үйретеді. Тек қарсыласыңа ғана емес, өз-өзіңе де сыни тұрғыдан қарай бастайсың. Ол мектепте тапсырмаларды жақсы орындауға ғана емес, баланың өзін ұстай білуіне, өз әрекеттерін басқарып, жинақталуға септігі тиеді.

@. @assel_assanova