Жазғы демалыстан соң баланы сабаққа қызықтыру

Жазғы демалыстан соң баланы сабаққа қызықтыру
Фото: pixabay.com

Ала жаздай әбден ойын баласына айналып, бар ойы ойнау мен қыдыру болған бала қыркүйек келе салысымен бірден мектеп тапсырмаларына бейімделіп кетуі оңай емес. Мұндайда ата-ана тарапынан зор қолдау мен көмек қажет. Біз ұсынған кеңестерді байқап көріңіз.

Егер балаңыз бірі түске дейін, бірі түстен кейін оқитын болса, оларға үй тапсырмасына бірдей уақытта отыру деген шарт қоймаңыз. Бірі тапсырмасын мектептен келген бетте орындағысы келсе, енді бірі таңертең тұрғаннан кейін сабақ оқығысы келетін шығар, ал енді біріне сіз кешкі ас дайындап жүргенде жаныңызға барып тапсырмасын орындау ыңғайлы шығар. Тапсырма орындау уақытын өздері белгілеуіне мүмкіндік беріңіз, бірақ міндетті түрде қай уақыт екенін келісіп алыңыздар.

Балалар сабақты осы уақытқа дейін оқып болуы керек деген уақыт шегін қойсаңыз да болады. Мысалы егер үй тапсырмасын орындап, душ қабылдап, сағат 21:00-ге дейін ұйықтауға дайын боп тұрсаңдар, бір сағат уақытты ойынға арнаймыз деген секілді. Бұл уақытта мультфильм көруге рұқсат немесе отбасылық ойындар ұйымдастырасыз. Егер кім осы уақытқа дейін сабағын орындап үлгермесе, сол отбасылық отырыстан құр қалады. Сағат 20:00 шамасында бір-ақ сағат уақыттары қалғанын ескертіп қойсаңыз да болады.

Жастықпен бір-бірін ұрып ойнау. Бірақ бұл да жай ойын емес, сабаққа дайындақ ретінде жүреді. Әр ұрған сайын үйге жаттауға берілген өлеңнің бір жолы немесе көбейту кестесінің бір көбейтіндісі айтылады.

Жұмыс үстелі секілді орын дайындап беріңіз. Балаға сабақ оқуға арнайы парта сатып алыңыз. Үй тапсырмасын орындауға қажетті барлық затын алдымен партаға қойып дайындап алсын. Сонда барлық жайлылықты сезінген бала тапсырма орындауға құлшыныспен кіріседі.

Балаңыз жоспармен жүргенді жақсы көретін болса, құмсағат не оятқыш (будильник) қолданыңыз. Белгіленген уақыт болған кезде бала іске кірісуі керек. 20 минут сабақ оқиды, 5 минут үзіліс, үзілісте тәтті жеп, жаттығу жасап, аздап серуендеп үлгерсе 5 минуттан кейін қайтадан келіп 20 минут сабақ оқиды. Осылай барлық тапсырмасы орындалғанша 5 минут үзілістен беріп отырасыз. Оятқыш шырылдаған кезде үзіліс бірден аяқталуы тиіс.

Балаға магнитті-маркерлі тақта сатып әперсеңіз болады. Бұл жерге көптеген ескертпелер, орындауы керек тапсырмалар, сөздердің аудармасы, анасының хаты секілді қағаздарды іліп қоюға болады. Оның үстіне маркері де бар болса, бала өзіне қажет деп тапқан нәрселерді жазып қойса қызығырақ болады әрі әдемі жазу дағдысы да қалыптасады, мектептегі тақтаға да ұялмай жаза алатындай деңгейге жетеді. Біріңіз үйде болмаған кезде осы тақта арқылы хат алыса аласыздар. Тақта алуға мүмкіндігіңіз болмаса, жай ғана тоңазытқышқа жапсыратын магниттер арқылы жасасаңыздар да болады.

Балаңыз басқалардан ерекше болуына жағдай жасаңыз. Мысалы ешкімде жоқ қалам сатып алып беріңіз, не спорттық аяқ киіміне басқаша бау тағып беріңіз, спорттық киімін не басқа қажетті нәрселерін пакетке салмайтындай ерекше сөмке сатып алып немесе қолдан жасап беріңіз. Өзінің өзгелерден ерекшеленіп тұрғанын білген бала мектепке де қуанып, асығып барады. Бірақ балаңыз өзінде бармен көзге ұрып, дандайсып кетпеуін де қадағалап қойыңыз.

@. @assel_assanova