Білім күніне арналған сценарий

Білім күніне арналған сценарий
Фото: freepik.com

1. Оқушыларды сапқа тұрғызу
2. Қонақтардың орналасуы
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын шығару.
4. Салтанатты жиынды ашу, мектеп директорына сөз беру
5. Әнұран шырқалады.
6. Құттықтау сөз (қонақ, ата-ана,ұстаз)
7. Ән жолданады.
8. 1- сынып оқушыларының әдеби монтажы
9. Салтанатты жиынның жабылуы.
10. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын шығару
11. Алғашқы қоңырау қағылады.

I жүргізуші: 
Қайырлы күн, құрметті ұстаздар мен қадірменді ата-аналар!

ІІ жүргізуші: 
Арма ағайын, мектеп оқушылары мен балауса балдырғандар!

І жүргізуші:
Баршаңызды 1-қыркүйек Білім күнімен құттықтай отырып, бүгінгі мерекелік шарамызды ашық деп жариялаймыз. 

ІІ жүргізуші:
Көк тудың желбірегені
Жаныма қуат береді,
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес маған керегі
Көк тудың желбірегені –
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ресми түрде енгізілсін.
(Туды енгізу рәсімі)

Барлығы: Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындайды.

І жүргізуші: 
Бүгінге мерекелік шараға балалар мен ата-аналарды және ұстаздарды Білім күнімен құттықтай келген қонақтарымызбен таныс болыңыздар:
Келген қонақтардың атын атап, қызметін көрсетеді.

ІI жүргізуші:
Жан шуағы, күн шуағы арай ма,
Ұстаз деген әулиедей талайға
Басын иіп өткен жоқ па біз түгіл,
Әл- Фараби, Омар Хаям, Абай да.

І жүргізуші:
Бүгінгі мерекелік шараны салтанатты түрде ашу үшін алғашқы сөз кезегі мектеп директоры __________ беріледі.

ІI жүргізуші:
Құшақ жая қай жерде де қарсы алар,
Абзал жан бар, биік тұлға байсалды.
Қуаныш пен салтанатты шақтарда
Қонақтар да ақ тілегін ақтарар.
Сөз кезегі қадірменді қонақтарда. (қонақтарға сөз беріледі)

(Ән)

II Жүргізуші:
Өмірдің бейбіт бағы гүл,
Асудан асып асқарлы
Мінекей биыл тағы бір
Жаңа оқу жылы басталды.
Шаттықпен шалқып толғана
Ой толқытқан жүрегін
Өмірге алмақ жолдама
Сыр шертсін енді түлегің

11-сынып оқушысы:
Кеше ғана аттаған,
Мектеп табалдырығын
Бүлдіршін едік бастаған
Ақ бантикті тұлымың
Иә, кеше, кеше еді,
Сәби едік балдырған
Азамат болып көшелі,
Табылмақпыз сан қырдан
Сусындап білім нұрына
Өткеріппіз он жылды
Қанығып өмір қырына,
Зердеге түйдік мол сырды.

11-сынып оқушысы:
Оқыған әпке, ағаңыз,
Қадірлі мектеп – бұл мектеп.
Сендердей біз де болғанбыз,
Есейдік, міне, қараңыз.
Құт болып алғаш қадамың,
Жағарсың білім шырағын.
Биылғы жыл ерекше,
Ұғарсың оның шын мәнін. 

I Жүргізуші:
Егемен елдің төсінде,
Шуағын шашсын арай ,күн
Азамат болып өсіңдер,
Қызыға жұрттар қарайтын.
(ӘН)

I Жүргізуші:
Біреулер енші ап өмірден,
Аттанбақ болса асып қыр
Біреулер балғын көңілмен
Алғашқы қадам басып тұр
Сондықтан да назарды,
Солар жаққа бұрайық
Балдырғандарды базарлы
Қарсы алып, қол ұрайық.
(Бірінші сынып оқушыларын таныстыру)

I Жүргізуші:
Айқара ашқан есігін
Қайнары білім нұрының
Мектебің – алтын бесігің
Жылы ұяң, міне сыныбың
Қаламсап алып қолыңа,
Достасарсың да әріппен
Шуағын себер жолыңа,
Жан серігің - әліппең – дей келе, бүгінгі мектеп табалдырығын аттағалы отырған 1-сынып оқушыларына сәтті қадам, таудай талап тілейміз.

II Жүргізуші:
Жаңа оқу жылы құт болып,
Ізгілік оты жағылсын.
Бөбек пен түлек жұп болып,
Алғашқы қоңырау қағылсын – алғашқы қоғырауды күмбірлете соғу үшін ортаға мектебімізден биыл түлеп ұшатын және мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған оқушыларды шақырамыз.

(Бірінші және он бірінші сынып оқушылары қоңырау соғады)

I Жүргізуші:
Аялар бейбіт күн нұры,
Мектебім, бізге жөргексің.
Алғашқы қоңырау сыңғыры
Ән болып сені тербетсін.

Сыңғырла қоңырау, сыңғыр қақ,
Жаңа оқу жылын ашқасын
Бал үнің сенің сырлы ырғақ
Сыныпқа бізді бастасын

Қоңырау үні шарықта,
Өзіңнің сиқыр тіліңде
Қызмет көрсет халыққа
Шақырып өнер – білімге

Жаңа оқу жылы жемісті
Мерейі үстем жыл болсын
Шәкірттеріміз өрісті
Елім дер қыз бен ұл болсын.

II Жүргізуші:
Оқысаңыз балалар
Шамнан шырақ жағылар
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар 

І - жүргізуші:
Осымен 1-қыркүйек білім күніне арналған мерекелік шарамыз өзі мәресіне жетті. Салтанатты жиынымызды жабық деп жариялаймыз. Білім күні құтты болсын. Еліміз аман, еліміздің беделі асқақ болсын!

ІI жүргізуші:
Жаңа оқу жылы баршаңызға құтты болсын!

Т. Есқали