Ұстаз болуға тұрарлық себептер

Ұстаз болуға тұрарлық себептер
Фото: freepik.com

Ұстаз – жанның бағбаны. Баланың оқуға қызығушылығы ұстазбен қарым-қатынасымен тығыз байланысты. Дегенмен, басқа сала секілді «ұстаз» боламын деп армандап, өз еркімен келгендер бар. Одан бөлек, жұмыс табылады немесе ата-ана қалауымен «мұғалім» боламын деп шешкендер де кездеседі. Ендеше, екінші себеппен келіп, жол таппай жүргендер үшін ұстаз болудың артықшылықтарын былайша жіктейміз:

1. Бөлісуге тұрарлық қабілет:
Әр адамның өзіне тән қабілеті мен таланты бар. Ұстаз болу – бар біліммен бөлісуге болатын ерекше қабілет. Үйреткеннен, оқушының үйренгенінен рахаттанбайтын адам баласы жоқ. Егер сізге ылғи «қабілетсіз оқушы» тап болса, онда оған оқушыны кінәламағаныңыз жөн. Мүмкін, сіз қажетті мөлшерде тер төкпеген шығарсыз. Өйткені, «түсінбеймін» деген оқушы, мұғаліммен тіл табысқан сәттен-ақ пәнге қызығушылық таныта бастайды. Барлық адамның бойында «үйрету» қабілеті бар. Мұғалімдікі тек өзгелерден әлдеқайда басым болуы тиіс.

2. Мұғалім әлемді өзгертуге атсалысады:
Өз оқушыларымен мақтанатын ұстаздарды жиі кездестіреміз. Сіз де солардың қатарына қосыла аласыз. Сіз біліміңізбен бөліскен күні, әлемде бір бала өзгеше ойлана бастайды. Бала әп сәтте-ақ ер жетіп, ересекке айналады. Бір күні сіздің бір сөзіңізді «Кеізнде ұстазым айтқан еді...» деп үлкен тебіреніспен еске алып, соны өмірлік қағидасына айналдыруы әбден мүмкін.  

3. Әр түрлі күн:
Кеңсе қызметкеріне қарағанда, балалармен жұмыс жасаған ыңғайлы. Әр күні бір сыныпқа сабақ берсеңіз де, түрлі оқиғаның куәгері боласыз. Адамдармен жұмыс жасаудың ең үлкен жетістігі сол – ертең сені не күтіп тұрғанын білу мүмкін емес.

4. Қарым-қатынас:
Балалардың бойынан тек қызығушылықты оята білсеңіз жеткілікті, олардың өзі «былай етсек, қалай болады?» деп ұсыныстарымен қасыңызға келеді. Тіпті, шаршаған сәтіңізде сізді алаңдатып, көңіліңізді көтеріп, қызықты оқиғаларымен бөлісе алады. Оқушылармен ұстазды байланыстыратын нәрсе – сенімді қарым-қатынас. Сіз «екі» деген баға қойсаңыз да, сізден қашпайтын оқушы болады. Құттықтаймыз, ондай оқушы жаныңыздан табылса, сізге деген сенімнің күшті екенін аңғаруға болады.

5. Әріптестер:
Бір ортада химия, биология, физика мен математиканы (басқа да сала) меңгерген адамдардың жиналғаны қызық секілді. Сіздерді ылғи байланыстыратын әңгіме мен сұрақ жеткілікті. Жастары үлкен ұстаздармен сөйлесе отырып, олардың тәжірибесінен сабақ алуға да болады. Одан бөлек, сабақты жоспарлау барысында идеялармен бөлісуге де болады.

6. Өзгенің өміріне әсер ету мүмкіндігі:
Неге ата-ана мұғалім таңдайды? Өйткені, мұғалімнің аузынан шыққан әр сөз бала санасына әсер етеді. Сенімді болу, ешкімнен жеңілмеу, алға қарай жүру, үйрену осының бәрін мұғалім арқылы қалыптасады.

7. Адалдық пен өзгеру мүмкіндігі:
Балаларға өтірік айтпаңыз. Одан бөлек, мінезіңіздегі кез келген «қиындықпен» күресуге тура келеді. Ойланып сөйлеу, өзіңізге қарау, киіну осының бәрін қалыптастырасыз. Өз балаларыңызға көрсететін мінезді оқушыларыңызға көрсете алмайсыз. Қол көтеру, дауыс көтеру, кемсіту секілді нәрседен аулақ болыңыз. Жоғарыда атап өткенімдей, сіз баланың өміріне әсер ететін басты адамсыз.

Болашақта мақтану үшін тер төгуге болатын әрі еңбегі бағаланатын мамандық – ұстаз. Жақсы болсын, жаман болсын, сіз бала ойында «ұстаз» болып қаласыз.

Т. Есқали