Таудай тұлғалар тарыдай болып кірген алтын ұяда

Таудай тұлғалар тарыдай болып кірген алтын ұяда
Фото: massaget.kz

Тәлім мен тәрбиені бойға сіңіріп алтын ұядан қияға ұшқан бүгінде елімізге танымал бірқатар тау тұлғалар тардай боп кірген киелі ордаға қонақ боп келді. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Нұра ауылының О.Жандосов атындағы орта мектебіндегі бұл жиынның негізгі мақсаты, жақсы аты шыққан ауыл мақтаныштарын оқушылармен кездестіре отырып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру.

Алтын бесік ауылдың топырағына аунап өскен бір топ делегация балалық пен жас дәуренін еске алып, қызықты әңгімелерін ортаға салды. Бүгінгі тұрған жерден туған жердің қашанда ыстық болары сөзсіз. Кіндік қан тамған жерге бүгіндері қонақ боп келген құрамның қатарында Қазақстанға белгілі әр саланың үздік мамандары бар.

Әнші, композитор Ермек Елгезеков, Кикбокстан әлем чемпионы Елмұрат Қайыпжанов, «Тамашаның» тарланы, сықақшы, актер Асылбек Боранбай, Массагет порталының бас редакторы Ербол Молдажан, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұстаздары, аудандық әкімшілік аппаратының мамандары және құрылыс, бизнес саласында үлкен жетістіктерге жеткен тұлғалармен құрам толықты. Топ бастап келген осы ауылдың тумасы және қамқоршысы, журналист, Егемен Қазақстан газетінің шолушысы, Алматы облысының құрметті азаматы Сүлеймен Мәмет сөз бастап, ауылды жандандыру жолындағы бірқатар жұмысты алға тартты.

Жас буынды білімді және үздік болуға ынталандыру мақсатында оқуда озат атанған екі оқушыны және бір ұстазға қаржылай сыяқы беруді дәстүрге айналдырған Сүлеймен ақсақалдың игі ісі үлгі аларлық бастама. Сонымен қатар, жаз мезгілінде екі оқушыны «Балдаурен» балалар лагерінде демалуға жіберуі бүгінде оқушылар арасындағы бәсекелестікті, үздік болуға деген талпынысты тудырғанын ұстаздар қауымы растайды.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ойды ұран қылған мектеп ұжымының басшысы, оқу ордасының директоры Ысқақ Салманның айтуынша мектеп қабырғасында озат оқушылардың қатары көп. Ауылдың намысын облыста, Республикада ғана емес, алыс-жақын шет елдерде қорғап жүрген жас буын бар. Атадан қалған құсбегілікке құштарлық танытқан жастар Моңғолия, Англия, Франция, Германия, Венгрияда өткен халықаралық жарыстарда ел қоржынына олжа салған.

Егін егу мен мал өсіруді негізгі кәсіп қылып, ата дәстүрді дәріптеп Республикаға «Бүркітшілер ауылы» деп танылған мекен берекелі де ұйымшыл екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. 1964 жылы құрылған «Сөгеті» қой совхозы бүгінде облыстағы, Республикадағы ең беделді ауылдардың қатарында. Сағыныш Есбергеновтің бастамасымен бой көтеріп, жыл өте гүлденіп келе жатқан ауылға уақытында Дінмұхаммед Қонаев жиі келетін. Қаланың тоқтаусыз тіршілігінен жалығып, жабыққанда бұл ауылдың жайлылығынан жаны жай табатын еді. Қазақтың жеті қазынасының құнын, қадірін білетін аядай ғана ауылдан ерекше бір әсер алып, демалып қайтатын.

Жазбаның соңын Асылбек Боранбайдың мінберде сөйлеген мына бір сөзімен аяқтаған жөн болар: Бұл өңірден шыққандар неге шет-шетінен мықты, абыройлы деуші едім? Бүгін жауабын таптым, бұлардың көсегесі көгерген елі, өскен жері қасиетті екен.

Іс-шара барысындағы қызықты оқиғалардан суреттер сөйлесін:

А. Қажиев