Мұғалім баланы ұрса, кім кінәлі?

Мұғалім баланы ұрса, кім кінәлі?
Фото: mommyish.com

«Сәлеметсіздер ме, менің жасым 14-те. 8-сынып оқушысымын. Бірде мектепте мұғалімге қарсы шыққаным үшін таяқ жедім. Мұғалімнің өзінен. Бірақ, оны ата-анама айтуға жасқанамын. Ал, достарымның арасында бұл оқиға ұзақ уақыт бойына айтылып жүрді. Олардың көзінше таяқ жегенім үшін ұяламын. Сонымен қатар, сол мұғалімнің сабағына мүлде барғым келмейді. Бірақ, бармасам, себебін ата-анама түсіндіру керек. Олар естісе, шу шығарары анық. Ал, сыныптастарым білсе, екі ортада мені «өсекші» етіп қояды. Қандай ақыл-кеңес бересіздер?» 

«Сабақ болсын...» 
«Кезінде біз мұғалімге шағым айтпайтынбыз немесе айтсақ та, ата-анамыз өзімізге дүрсе қоятын. Қазір мұғалім баладан қорқады» деген пікірді жиі естиміз. Әсіресе, соңғы уақытта баланың дегенінен шықпайтын ата-аналардың көбеюімен де мұны байланыстырамыз. Дегенмен, бұл пікірлер кейбір мұғалімдердің балаға қол көтеруіне кедергі болмайтын секілді. Ғаламторды шарлаған мұғалім мен оқушы арасындағы тартысты видеолар – мұның дәлелі. Бұл көрініске қарап отырып-ақ қоғам екіге жіктеледі: 
1. Мұғалімнің ісі – дұрыс: Өйткені, еркеліктен не істерін білмей жүрген балаға сабақ болады. Таяқтың ұшы батпайынша түзелмейді. 
2. Мұғалімнің ісі – бұрыс: Біреудің мәпелеп отырған баласына қол көтеру – қатігездік. Баланың сабаққа қызығушылығы сабақ беретін мұғалімге тікелей байланысты. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Ал, таяқ жеген бала екінші рет бұл пәнді «қызықты» деп атауы мүмкін емес. 

xxxПсихолог пікірі: 
Лаура Шамишева 

«Баланың психологиясы уақыт өте бұзыла бастайды. Ол жасқаншақ, өзіне сенімсіз болып өседі. Уақытында шешім қабылдай алмайтын дертке шалдығады. Таяқ жемеу үшін өтірік айтуды үйренеді. Оның бойында балаға тән емес агрессия пайда болады. Ызақор, кекшіл болып жетіледі. Ал, мұғалімнен де, ата-анадан да зорлық көріп өскен бала ешқашан өз қатесін түсінбейтін болады. Керісінше, айналасын жазғыра бастайды. Ал, ұруға бейім мұғалім психологиясы қандай? Балаға қол көтеретін мұғалімнің жүйкесі жұқарған. Ол адам жеке және жұмыс жағдайын ажырата алмайды. Бар ашуын баладан алуға тырысады». 

Мұғалімнің жүйкесі жұқаруына не себеп деген сауал туындайды.
Жеке, отбасылық мәселелерден бұрын, кейде таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін үй көрместен кететін мұғалімнің жағдайына кім назар аудармақ? Ұстаздың берік жүйкесіне сызат түсіретін мынандай себептер бар:
• Біріншіден, қағазбастылық. Оқытуың керек, сәйкесінше, қағаз толтыруға тиіссің. Бір құжаттың ескерусіз қалуына болмайды.
• Екінішіден, шексіз цикл. "Министрлік" – басшылық – мұғалім – оқушы. "Министрлік" талап етеді, басшылық бұйырады, мұғалім жанталасады, оқушы шамасы жеткенше іске асырады.
• Үшіншіден, ата-аналардың қоятын талабы. "Менің балама неге 5 қоймайсыз?" деп басталатын әңгімеден гөрі баланың жағдайы, мектептегі үлгерімі, мұның бәрін қазбалап сұрайтын ата-анамен кері байланыс орнату керек. Сонымен қатар, шегі жоқ тексеріс пен бітпейтін үрей. Мынандай психологиялық жүкпен бірге, оның отбасылық жағдайы, балалары мен олардың міндеттері мен талаптырын қоссаңыз мұғалімнің арыстанша ақыруы жөн-ақ дерсіз. Бірақ, мұның бәрі біреудің баласының психологиясын бұзуға болады деген сөз емес. 

dddМұғалім пікірі:
Ануарбек Өтешқалиев

«Біз де оқушы болдық. Үлгілі ұстаздардың сабағында артық қимыл жасамақ түгілі, сабағының соңынан қалып қосымша сұрақтар қойып мұғалімнің мазасын алатынбыз. Баланың мұғалімге бағынуы оның қолданатын әдісімен тығыз байланысты. Ұру – еркінен тыс көндіру. Бұл арқылы баланы өзіңе бағындырасың, бірақ, сізге деген сыйластығын жоғалтады. Ұруды «директорға апарамын» немесе «ата-анаңды шақырамын» деген сөздер алмастырады. Бірақ, бұл сөздердің өзін қолдану сіздің тығырықтан шығатын жол таппағаныңызды көрсетеді. Бастысы, мұғалімнің жүрегі балаға деген махаббатқа толы болуы керек. Балалар оны сезеді». 

Бір уақыт таяқ жемесе, басқа шығады... 
Мойындау керек, мұғалім ғана емес, баланың да кінәсі бар. Неге? Баланың сөз көтере алмайтынын, оның тыңдауға зауқы жоқ екенін де білеміз. Мұғалімнен бұрын, ересек адам сөйлеп тұр деп қымсыну, ұялу деген әдеттерден жұрдай екенін де аңғаруға болады. "Қарсы шықсам ғана өзімнің дұрыстығымды дәлелдеймін" деген бала психологиясына кім жауапты? Қоғам әлде ата-ана? Бала 3 жасқа дейін тәрбиеленеді. Бұл – бірінші рет айтылып тұрған зерттеу қорытындысы емес. Демек, үш жасқа дейін тәрбиелеу барысында ата-ана қателік жіберген бе?

sssАта-ана пікірі: 
Нұргүл Қойшыбаева 

«Өз балама мұғалімнің қол көтеруіне қарсымын. Балаға қол көтеру – өзінің тәжірибесіздігін, шарасыздығын мойындау. Мұғалім ізденсе, баланың бойындағы кемшіліктермен күресу жолын табар еді. Ынтасыз деген баланың өзін түрлі әдістер арқылы қызықтыруға болады». 

Әрине, ешкім баласына өзге біреудің дауыс көтеріп, оны ұрғанын қолдамасы анық. Бірақ, сол мұғалімнің бала алдындағы беделі үшін сіз, ата-ана ретінде не істедіңіз? Баланың ұстазға деген құрметі сол «таяқтың ұшы» тимей тұрып-ақ жоғалған. Оған не себеп? 
• Біріншіден, ата-ана баласының көзінше оның мұғалімін жамандаса, баланың идеалы – ата-анаға жағымсыз адам бірден бала санасында жаман адам санатына енеді. 
• Екіншіден, сөйлеу әдебі. Балаларыңыздың көзінше жанжал шығару, ұрысу баланың бойына сол әдеттердің сіңуіне мүмкіндік береді. 
• Үшіншіден, ылғи баланы жақтай беру дұрыс емес. Балаңыздың бұрыс әрекетін көрдіңіз бе? Бұрыс деңіз. Дұрыс әрекетіне де кейде сараптама жасаңыз. Сол кезде бала саналы түрде ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін аңғара бастайды. 

Барлық адам, барлық оқиға – жанжал мен ұрыс тудырушы конфликтоген. Бірақ, шешім табу үшін барлық кінәні бір жаққа артып тастау – қоғамдағы ең үлкен қателік. Мұғалім ұрды, демек мұғалім кінәлі. Жоқ, сіз адаспаңыз. Мұғалімнің ісі заң мен рухани тұрғыдан дұрыс емес. Бірақ, екінші тараптағы оқушыны бұл себептер ақтап ала алмайды. Демек, белгілі бір жанжалдың артында сіз бен бізге беймәлім итермелеуші күш бар. Ол оқиға, сөз, әрекет форматында сипатталады. 

Ата-анаға айтарымыз: балаңызбен жиі сөйлесіз, ақылдасыңыз, оның қоғамға керек екенін ұқтырыңыз. Конфликтоген бала өзінің қажеттілігіне күмәнмен қарай бастағаннан туады. 
Мұғалімге айтарымыз: сабаққа кірген бойда, балалар үшін келгеніңізді ұмытпаңыз. Бастың ауыруы, күйзеліс, қағазбастылық, баланың тентек әрекеті – кішкентай буынды улауға болатын себеп емес. Оқушыңызбен мақтанғыңыз келсе, ол сізбен мақтанатын дәрежеде болыңыз. 
Оқушыға айтарымыз: ұстаз – екінші анаңыз. Қандай жағдай болмасын, қол көтертпеуге тырысыңыз. Сіз мектепке қайта ораласыз (Мектепті өртеп жіберуге дайын адамдар да қайта келген). Таяқ жегеніңізді әлі күліп еске аласыз. Бірақ, тіліңіз бен ісіңізге абай болу керектігін ұққаныңыз жөн. Бүгін мұғалім шапалағының дәмін көрсеңіз, ертең аңдамай сөйлегініңіз үшін өзгенің таяғын жейсіз. Ешқашан, өзіңізге деген сенімді жоғалтпаңыз.

Т. Есқали