12 жылдық білім берудің мақсаты және нәтижесі

12 жылдық білім берудің мақсаты және нәтижесі
Фото: Ернар Алмабек

Еліміз он екі жылдық орта білім беру жүйесіне көшу идеясын қолға алғалы біраз уақыт өтті. Әлі де ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет етіледі. Бүгінгі кезекте бұл жүйенің басты мақсаттары және одан күтілетін нәтиже туралы мәлімет берейік.

Жаңашаландырылған жүйенің ең негізгі мақсаты қайта құру, білім беруді жетілдіру, білікті, бәсекеге қабілетті, шығармашылық тұлғаны мектеп қабырғасынан қалыптастырып шығару. Серпінді дамыған ортада жақсы өмір сүруге қабілетті, жеке қызығушылығына байланысты өзін өзі жетілдіруге дайын тұлға тәрбиелеу.

Қойылған мақсаттарға байланысты нақтыланған білім беру нәтижесінде түлектің мынадай құзіреттілігі күтіледі:

• Құндылықты-бағдарлы құзіреттілік – оқушы қоршаған ортаны жағдайға сәйкес қабылдай алуы, жасампаз өмірде жоғары этикалық құндылықтарды, азаматтық пен патриоттықты бойына сіңіре отырып қоғамдағы өз орнын табуы. Бұл құзіреттілік өмірде кездесетін түрлі жағдайда дер кезінде дұрыс шешім қабылдай білуге үйретеді. Ең бастысы өз Отаны Қазақстанның ұлтжанды тұлғасы болып, азаматтық белсенділігін танытып, саяси жүйені ұғынып, болып жатқан әлеуметтік жағдайларға өз бағасын бере білуі.

• Мәдениеттанушылық құзіреттілігі – жалпы адамзаттық мәдениет жетістіктерін және ұлттық құндылықтарды тәжірибелі түрде тани білуі. Этномәдениеттік оқиғалар мен қоғамдық дәстүрлерді, тұлғалық мәдениеттану негіздерін отбасылық және әлеуметтік тірлікте игере білуі. Адам мен қоғамның дамуында ғылымның атқаратын маңызы зор екенін түсінуі. өз халқының мәдениеті мен өзге елдердің сан қырлы мәдениетін түсініп, бағалауға мүмкіндік беретін мәдени-ойын-сауық ұйымдарының әрекетін тиімді тәсілмен меңгеру. Рухани келісім мен төзімділік идеясына адал болуы.

• Білімдік-танымдық құзіреттілік – кешенді құзіреттілік, бұл оқушының білімдік-танымдық, ғылыми әрекетін өз бетімен игеру үдерісін қамтамасыз етеді. Өзінің білім алу жолын ұйымдастыра алуы, әлемдік ғылым картинасында ізденімдік-ғылымдық машықтарын бойына сіңіруі, қызметтік шеберлікке құрылған білімді игеру әрекетін сараптауы және тиімді жоспарлай білуі.

• Қарым-қатынас құзіреттілігіне өзара әрекеттесу және өзгелермен араласу барысында өз тілін және өзге тілдерді білуі, құрметтеуі жатады. Нақты өмірдегі жағдайларда шешім қабылдауда әртүрлі әлеуметтік топтарда әртүрлі қарым-қатынас объектілерін қолдана білуді үйренуі, мемлекеттік тіл ретінде қазақша қарым-қатынас құруды, халықаарлық қарым-қатынаста шет тілінде сөйлесуді игеруі.

• Ақпараттық-технологиялық құзіреттілігі барлығынан хабардар болуы, ақпараттық технологиялар мен нақты техникалық нысандарды білім арқылы өз бетімен іздеу, сараптау, ақпарат алмасу үдерісін түсіндіру, сақтау, өңдеу.

• Әлеуметтік-еңбектік құзіреттілігі Отбасылық, еңбектік, экономикалық, саяси қоғамдық қатынаста азаматтық-қоғамдық әрекетті тәжірибелі түрде білуі деген мәнге ие. Бұл құзіреттілікте әртүрлі өмір тарауларында, әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді нақты шешім қабылдау білу қасиеті де қарастырылады.

• Тұлғалық өзін-өзі жетілдіру құзіреттілігі. Бұл жеке қызығушылығына байланысты зияткерлік, рухани, физикалық тұрғыда өзін өзі жетілдіруді қамтамасыз ету мүмкіндіктері. Өзін өзі жігерлендіріп, эмоционалдық тұрғыда өзін өзі басқара алуы. Психологиялық тұрғыда мықты болуын қайта құру, ішкі экологиялық мәдениеті, қауіпсіз өмір негізін қалауы.

Бүгінгі дамыған заманда оқушы осы қасиеттердің барлығын мектеп қабырғасынан бойына сіңіріп шығуы үшін он екі жылдық жаңашаландырылған білім беру жүйесінің маңызы зор.

@. @assel_assanova