Баланың оқуға ынтасын қалай ашуға болады?

Баланың оқуға ынтасын қалай ашуға болады?
Фото: fs00.infourok.ru

Баланың ой-өрісін, шығармашылық қабілетін, сөздік қорын, рухани байлығын дамытуда (пайдасын тізбектей берсек, әрине көп), жалпы адам болып қалыптасуында кітаптың алар орны ерекше. Психологтар баланың кітап оқуға деген махаббатын ашуға алғашқы 9 жылында үлгеру керектігін айтады. Әрине, әрбір ата-ана (әсіресе қазір, интернет кең етек жайған заманда) баласының білімді, ақылды, көргенді азамат болып өскенін қалайды. Ол үшін баланың кітаппен дос болуының, жақсы көруінің маңызы зор. Ал баланың кітапқа деген ынтасын ашуға, қалай арттыруға болады?

бала ата-анасынан үлгі алады, сондықтан ең алдымен кітап оқуды өзіңіз әдетке айналдырыңыз;

бала өмірге келісімен-ақ оған ертегі, бесік жырын, батырлар жырын басқа да халық ауыз әдебиетінен шығармаларды оқып беруді бастаңыз;

оқуға күн сайын кем дегенде 5-10 минутыңызды жұмсаңыз;

кітапты баланың көңіл-күйі жақсы (ұйқысы қанық, қарны тоқ) кезде оқыған абзал;

баланың қызығушылығын арттыру үшін әдемі суреттері, түрлі-түсті бейнелері бар кітаптар алсаңыз болады;

мәтінді әдемі дауыспен, ырғақпен, әдемі көңіл-күймен, ықыласпен оқып беріңіз;

оқыған шығармаңызды талқылаңыздар, кейіпкерлердің қайсысы ұнады, жақсы-жаман, дұрыс-дұрыс емес, болады-болмайды деген ұғымдарды түсіндіріңіз, балаңызға сұрақтар қойыңыз, қиналып жатса көмектесіңіз;

жасына қарай баланың әрбір оқыған әрпіне, сөзіне, сөйлеміне, әрбір шығармасына (әңгіме, повесть, өлең т.б) мақтау айтыңыз;

баладан бірден бір кітапты «тауысуын» талап етпеңіз;

кітап оқудың адамға қаншалықты пайдалы екендігін айтыңыз (кітапты көп оқысаң үлкен азамат боласың, ақылды боласың т.с.с.).

Дереккөз: islam.kz

Ж. Жұмағұлов