12 жылдық білім беру жүйесі: Қазақстан мен өзге елдер тәжірибесінің ұтымды үйлесімі

12 жылдық білім беру жүйесі: Қазақстан мен өзге елдер тәжірибесінің ұтымды үйлесімі
Фото: Ернар Алмабек

Тәуелсіздік алған ширек ғасыр аралығында еліміз үлкен жетістіктерге қол жеткізгені баршаға аян. Әлемнің үздік мемлекеттерімен иық түйістіре алатын жағдайға жеттік. Дегенмен, бұл жетістіктің шегі емес.

Алдағы уақытта әлемдегі көшбастаушы елдердің қатарына қосылу жолын келер ұрпақтың білімі мен тәрбиесінен бастауды жөн көрген елбасымыз жаңа білім жүйесін қалыптастыруды жолға қойған болатын. Осы орайда елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 12 жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасын ұсынып отыр.

Десе де, білім берудің жаңа моделіне көшу оңай шаруа болмасы анық. Себебі, заман өзгеруі, қоғамның басқа сипатқа енуі де осы өзіміз дағдыланған ескі жүйеден бас тартып, абсолютті жаңа мақсаттар қоюды талап етіп отыр. Ал, осыны міндеттеп отырған жаңа үдерістер қандай?

Әлемдік дамудың негізгі үрдістері мыналар болып табылады:
• қоғам дамуының қарқындылығы;
• постиндустриалдық, ақпараттық қоғамға көшу, мәдениаралық өзара қатынас ауқымының кеңеюі;
• халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде шешілуі мүмкін ғаламдық проблемалардың туындауы және өсуі;
• қоғамның демократиялануы;
• экономиканың қарқынды дамуы, бәсекелестіктің өсуі;
• адам капиталы мәнінің артуы.

Оқытудың дәстүрлі өнімсіз стилін ығыстыру және оқушылардың танымдық белсенділігі мен өзіндік ойлауын қамтамасыз ететін жаңа дамытушы, сындарлы білім беру моделіне көшу әлемдік білім берудің стратегиялық бағыттарының бірі.

Қазақстандық жалпы орта білім беретін мектеп соңғы жылдары өз келбетін өзгертті. Білім беруді жаңарту жүйесін қолдайтын нақты қадамдар жасалды. Олардың ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарының әзірлену және енгізілуі, кредиттік технология негізіндегі үш сатылы жоғары білім моделінің енгізілуі, вариативті білім берудің енгізілуі, білім сапасын бағалау критерийлерін әзірлеу жөнінде жұмыстар басталды. 

Бірақ қол жеткен жетістіктер адам капиталының дамуы мен орнықты экономикалық өсуді толық қамтамасыз ете алмайды.

Қазақстанның білім беру жүйесінің даму деңгейіне кері ықпал ететін мынадай факторлар да аз емес. Олар:
• Орта білім беру жүйесінде диагностикалық мақсаттылықтың болмауы.
• Білім берудің жеке тұлғаның дамуына емес, формальды нәтижелерге бағдарлануы.
• Оқу жетістіктерін бағалауда оқушыны қызықтырмайтын, шынайылықты қамтамасыз етпейтін және қиындық тудыратын жағдайға душар ететін  ескірген жүйенің сақталуы.
• Жасөспірімдердің тұлғалық, азаматтық және адамгершілік қасиеттерінің  жеткілікті  дамымауы, өзін-өзі анықтау мотивтерінің болмауы, өзіндік қызығушылығы мен болашақ жоспарын сезіну деңгейінің төмендігі.

Қазақстан қоғамының қазіргі геосаяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайы, әлемдік білім кеңістігіне кірігуі Қазақстан Республикасының жалпы орта білім жүйесін жаңғыртуды, атап айтқанда, орта білім мазмұны мен құрылымын, мақсаттарын қайта қарауды және оқыту мерзімін кеңейтуді  талап етеді. 

Қазіргі кезеңде 12 жылдық мектепке есептелген  белгілі бір халықаралық білім беру стандарты қалыптасты.

Еуропа кеңесінің 1992 жылғы Декларациясына сәйкес 12 жылдық білім беру әлемдік білім кеңістігінде 136 елде жүзеге асырылуда. Олардың ішінде дамыған елдерден: АҚШ, Жапония, Германия, Франция және т.б. ТМД елдерінен 12 жылдық оқыту мерзімін Беларусь, Украина, Өзбекстан және Балтық елдері таңдады.

Қазақстаның 12 жылдық білім беруге көшуі білім берудің жаңа ұлттық моделін жобалаудың стратегиялық міндеттерін табысты шешуге мүмкіндік береді.

А. Оралқызы