12 жылдық білім беруге өту: Бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс

12 жылдық білім беруге өту: Бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс
Фото: Ернар Алмабек

Қазақта «Бала ұлан жасындағысын ұмытпайды» деген сөз бар. Бұл жердегі «ұлан жас» ұғымы 6 жас шамасымен сәйкес келсе керек. Дана халқымыз зор тұлғаның қалыптасуына оның жасөспірім шаққа жеткенге дейінгі тәрбиесі үлкен рөл атқаратынын әу бастан білген. Оның үстіне қазіргідей білімділер ғасырында тәуелсіз ел ретінде өмір сүріп жатқан мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін баланың дәл осы кездегі жағдайы, үйренері мен білері маңызды болып отыр.

Жоғарыда айтылған жәйттерде ескере келе елбасы Н.Ә.Назарбаев та ескі білім жүйесін түбегейлі өзгертіп, жаңа 12 жылдық білім беруге өтуді ұсынған болатын. Бұрын-соңды мектептерде бастауыш сынып балаларына қажет деңгейде көлемді ақпарат берілмеген болса, қазір, яғни, жаңа жүйе негізінде оларға деген көзқарас та өзгеріп отыр. Өйткені, бастауыш мектеп – бұл оқушы тұлғасы мен сапасының дамуы қуатты жүретін, ерекше құнды, қайталанбас кезеңі. Сондықтан да, бастауыш білім үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Бұл қиын да, қадірлі жұмыс. Бастауыш мектеп балаға белгілі бір білім ғана беріп қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, оқу, қоршаған ортаға дұрыс көзқарасын қалыптастыру, жағдайларға объективті түрде баға беру, зерделі талдау жасауға үйрету, ойын толық жеткізуге, оны дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйрету керек. 12 жылдық білім беру жүйесіндегі дамыта оқыту бағытының басты мақсаты – баланы оқыта отырып, толыққанды дамыту.

Әрине, бастауыш сынып оқушысының зейіні тұрақсыз, шамадан тыс импульсивті, қабылдау мүмкіндіктері әртүрлі болып келетіні айдан анық. Дегенмен әр баланың бір нәрсеге бейімі болады.Соны анықтау –  парыз.

Бейімділік –  енді оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы белгісі. Баланың жасырын, тіпті тым терең жатқан қабілеттерінің көрінуіне мүмкіндік жасау тек оқыту үрдісі кезінде үлкендердің басшылығымен ғана жүзеге асырылады.

Педагогика ғылымы еш нәрсеге бейімі жоқ, қабілетсіз адам болмайтынын дәлелдеп келеді. Сол себепті, балалардың қабілетін кеңінен өрістете дамытуға тек мектеп қана мақсатты түрде ықпал ете алады. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады. Оқушылардың өзіндік жұмыстарының мән-мағынасын ұйымдастырудың амалдарын бір ғана белгімен сипаттауға болмайды. Өзіндік жұмыстың ұйымдастырудың негізгі шарттары мыналар:

• Мұғалімнің нақты тапсырмалар беруі;
• Жұмысты орындаудың уақытын белгілеу;
• Мұғалімнің басқаруымен оқушылардың дербестігін сақтай отырып олардың жұмысты өз еркімен орындауын қамтамасыз ету.

Оқушылардың өзіндік жұмысы –  мұғалімнің қажетті нұсқаулары бойынша оқушының оқу жұмысының жеке-дара және ұжымдық түрі. Өзіндік тапсырмаларды орындау барысында оқушылардан белсенді ойлау талап етілді. Осының нәтижесінде оқушылар өздігінен бақылауды үйренеді, олар да тапсырылған істі орындаудағы жауапкершілік сезім, еңбексүйгіштік, табандылық, ұйымшылдық, бір - бірімен деген жолдастық көмек қалыптасады. Өзіндік жұмыстың негізгі мақсаты оқушылардың танымдық міндеттерін қалыптастыру, шығармашылық қабілеттері мен қызығушылығын жетілдіру, білімге қүштарлығын ояту. Мұғалім сабақта әдіс - тісілдерді пайдалана отырып, балалардың ұсыныс - пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға және өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отыру қажет. Әдіс – тәсілдер арқылы өткізген әрбір сабақ оқушылардың ойлануына және қиялына негізделіп келеді, баланың тереңде жатқан ойын дамытып оларды сөйлетуге үйретеді. Түрлі әдістемелік тәсілдер пайдалану арқылы қабілеті әртүрлі балардың ортасынан қабілеті жоғары баланы іздеп, онымен жұмыс жасау, оны жан - жақты тануды ойлап, оқушылардың шығармашылық деңгейін бақылап отыру әрбір мұғалімнің міндеті.

А. Оралқызы