Қызықты үй тапсырмасы

Қызықты үй тапсырмасы
Фото: kopilkaurokov.ru

Алдыңғы материалымызда үй тапсырмасы қызықты етіп тексерілсе, баланың да құлшынысы арта түседі. Ал бір сарынды тексеруден кез келген адам жалығады. Әсіресе балалар қайталана беретін құбылыстан тым тез жалығады. Сондықтан әр сабақты әртүрлі өткізуге талпынған абзал.

Жауаптың суретін салу
Мұғалім тақырыпқа қатысты сұрақтарды алдын ала дайындап қояды. Балалар түсінгенін ауызша айтпайды, қағазға суретін салады. Суреттің әдемі болуы емес, бала тапсырманы қалай түсінгені маңызды.

Шапалақтау не аяқ соғу
Мұғалім өз сұрағына екі жауап дайындайды. Жауап дұрыс болса балалар қол шапалақтайды, дұрыс емес болса, аяқтарын тарсылдатады. Бұл балалардың жылдам ойлау қабілетін арттыруға таптырмас тәсіл әрі сергітіп алуға да пайдалы.

Сұрақ қою
Балалар үйден тақырыпқа қатысты сұрақ дайындап келеді. Әр баланың сұрағына көршісі жауап береді. Балалар бір бірінің сұрағын қайталамау үшін топ басшы алдын ала әр қайсысының сұрақтарын жазып алады да, жауаптың дұрыс-бұрыстығын тексереді.

Жеті гүл
Оқытушы әрбір топқа арнап жеті түсті гүл жасап әкеледі (үш топ болса, 21 гүл). Топқа бөлінген балалар бір-біріне сұрақ қояды. Дұрыс жауап берген топқа бір гүл беріледі. Балалар жеті гүлді толық жинағанша, яғни жеті сұраққа толық жауап бергенше сұрақ қойыла береді.

Доп лақтыру
Балалар дөңгеленіп тұрады. Мұғалім сұрақ қояды да, қолындағы допты кез келген балаға лақтырады, бала допты қағып алып, сұраққа жауап береді.

Әр ойын сабақ аяқталғанда оқушыларға арнап мақтау қағазы не диплом беріп отырған дұрыс.

@. @assel_assanova