12 жылдық білім беру жүйесінің құрылымы қандай?

12 жылдық білім беру жүйесінің құрылымы қандай?

Биылдан бастап Қазақстан 12 жылдық білім беру әдісіне көшпек. Бастапқыда бұл өзгеріске қарсы шыққандар көп болғанымен, соңғы уақытта бұған қатысты даудың қарасы байқалмайды. Дегенмен, бұл оқу жоспарының құрылымы қандай деген сауал халықтың көкейінде әлі жүрсе керек.

Жалпы орта білім берудің құрылымы қандай? 

12 жылдық жалпы орта білім беру жүесінің құрылымы мынандай дәйектерге сүйене отырып жасақталған:    

• Адамның жасына сәйкес даму мүмкіндігі
• Күтілетін нәтижеге бағытталу
• Оқу жүйесінің бірізділігі
• Оқудың әр сатысындағы баланың даму үрдісі

12 жылдық білім жүйесінде басты назар мектепке дейінгі балалардың тәрбиесі мен біліміне ауады. Мектеп алды бағдарламаларға сәйкес 5 жасар бала психологиялық, физикалық тұрғыдан және ойлау жүйесі негізінде бастауыш мектептерге дайын болуы керек.  

Жалпы орта білім берудің алғашқы сатысы (1-4 сыныптар)

Оқуға дайын баланың жасы – 6 жас.

Оқу мерзімі – 4 жыл.

Алғашқы сатының негізгі міндеті бала бойындағы оқу мүмкіндіктерін зерттеу, оның оқуға деген қызығушылығын оятумен қатар, баланың санасында қоршаған орта туралы жалпы түсінікті қалыптастыру.  Баланың тұлға ретінде жетілуін қамтамасыз ете отырып, оны бойындағы қабілеттеріне жол ашу. Оқу, жазу, санау секілді бастапқы білім негізімен таныстыру бұл сатының қызметіне енеді.

Жалпы білім берудің екінші сатысы (5-10 сыныптар)

Оқу мерзімі – 6 жыл.  

Екінші саты оқушыға негізгі білімді бойыңа сіңіріп, әлемде жеке тұлға ретінде көзқарас қалыптастыруға, әлемдік мәдениет пен қарым-қатынас орнатуға және өзін-өзі тануға септігін тигізеді. Баланы сыни ойлауға үйрете отырып, болашақта өзіңе сай келетін мамандықты таңдауға жол ашады.  

Негізгі мектеп міндетті оқу болып есептеледі. Ол мамандандырылған мектепте оқуға мүмкіндік береді.

Жалпы білім берудің үшінші кезеңі (11-12 сыныптар)

Оқу мерзімі – 2 жыл.  

Үшінші сатының басты қызметі мамандандырылған оқу жүйесін қалыптастыру. Яғни, оқушының таңдаған мамандығына сәйкес оны бір бағытта ілгері жылжытуды қолға алу. Жоғары оқу орнына аяқ басу үшін дайындық жұмыстарын жүргізу де үшінші сатының міндетіне жатады.

Мамандандырылған білім жүйесі мына бағыттар бойынша жіктеледі: жаратылыстану ғылымдар және математика, техникалық.

Болашақ мамандығына сәйкес негізгі білімді мектепте жүріп жетілдіру арқылы, нағыз өз ісінің шеберін дайындауға болады. Сіз қалай ойлайсыз, 12 жылдық білім жүйесі еліміз үшін қаншалықты тиімді?

Т. Есқали