"Болашақ бүгіннен басталады" – "Бастау" тобы

"Болашақ бүгіннен басталады" – "Бастау" тобы
Фото: massaget.kz

Биылғы "Мақсатыңа массагетпен бірге жет" байқауына қатысушылардың қарасы көп. Байқасаңыз, кілең "сен тұр, мен атайын" дейтін сайдың тасындай сараланған мықтылар. Әрқайсысының биік арманы мен оған жету үшін қойылған үлкен мақсаттары бар екенін байқадық. Алғашқы рет жетекшілік ететін менде аз-кем қобалжу болды. Тобыма қаламы жүйрік, жігерлі жастар жиналды. 

Барлығымыз ақылдаса келіп, тобымыздың атын "Бастау" деп қойдық. Барлығымызға мәлім болғандай, кез келген дүниенің бастауы болатыны хақ. Топта өңкей ертеңіне үлкен үмітпен қарайтын таланттылар. Қазақта "Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу" жақсы сөз бар. Біз де шама-шарқымызша жалынды жастардың талабын ұштау ниетімен жетекшілік етудеміз. "Болашақ бүгіннен басталады". Ендеше, болашағын бүгіннен бастайтын "Бастау" тобының таланттыларымен қысқаша таныстырып өтейін. 

Көркем Жұмаханова – Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жақсықылыш кентінің тумасы. «Ұлан» газетінің белсенді авторы. Газетте ұйымдастырылған түрлі байқаулардың бірнеше мәрте жүлдегері. Енді «жас тілші» болғысы келеді. Айдыны кең Аралда туған қыз өлеңнен де кенде емес. Бүгінде ол аудандық, облыстық жыр мүшәйраларынан жүлделі орындарды қанжығасына байлап жүр.

Тобымыздың келесі белсенді мүшесі – Перизат Сағантай. Ол Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүние есігін ашқан. Болашақта ақын бола ма, болмай ма, белгісіз, десе де қалам тербейді. Оның арманы асқақ. Перизат келешекте біздің әріптесіміз болуды қалайды, яғни Массагетте жұмыс істегісі келеді. Бізге көп айта қоймаса да, жетістіктері жетерлік. Перизаттың Жылылық есіп тұратын жазбаларына қарап, әдебиетті сүйіп оқитынын байқауға болады. Мектеп қабырғасында әдебиет пен тарихтан ғылыми жобалар қорғап, бірнеше марапатқа ие болған. 

Тобымыздың тағы бір белсенді мүшелерінің бірі – Мадина Оқас. Мадина Алматының маңындағы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылында туған. 10-сыныпты аяқтап, 11-сыныпқа аяқ басты. Оқу үлгерімі үздік. Байқасам, менің тобымдағы қыздардың барлығы ақын. Мадинаның да өлеңге әуестігі бар. Жақында "Ұлан" газетінің жас тілшісі куәлігін алады. Қаламы жүйрік қыздың жеткен жетістіктері көп екен. "Ағай, осы екеуі жетіп қалар", деді. Біз де оның жеткен жетістігінің көптігіне сеніп, екеуін ғана жазуды жөн көрдік. Олар: Республикалық Мұқағали оқуларының лауреаты, облыстық жас ақындар байқауының бас жүлде иегері.

Тобымыздың келесі белсенді мүшесі Арайлым Ысқақ – Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққұм ауылының тумасы. Арайлымның мақсаты – қаламы қарымды журналист болу. 9-сыныпты қызыл аттестатпен аяқтаған талантты қызымыз 10-сыныпқа көшті. Әуезовтердің табаны тиген қасиетті қара шаңырақ КазГУ-дың филфагында оқығысы келеді. Асқақ арманына қол созған Арайлым жетістіктен де кенде емес. "Өзін-өзі тану "пәні олимпиадасы жүлделі 3-орын, қазақ тілі мен әдебиеті, пәндік олимпиадасы жүлделі орындар, "Ұлы Дала Елі" байқауында 1-орын, "Махамбет оқулары" 1 кезең – 1 орын, 2 кезең – 3 орын. "Универсиада 2017,  Универсиада тарихы" шығарма жазу – 2 орын. 

"Армандар орындалады, мақсаттар айқын болса" дегенді берік ұстанатын келесі қатысушымыздың есімі Сымбат Дабылқызы. Ол Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Толқын ауылында 8-сыныпқа дейін оқып, кейіннен Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатына қабылданды. Қазір 10-сыныпты бітіріп, 11-сыныпқа аяқ басты. Сымбаттың да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері бар. Атап айтсақ, "Жарқын болшақ" халықаралық байқауында 1-орын, "Атадан мұра" республикалық байқауында бас жүлде.
"Фариза, Фаризажан, Фариза қыз" республикалық байқауында 3-орын. Бір қызығы, ол тек республикалық байлауларда бақ сынаған екен. Массагет порталының ұйымдастырып отырған "Мақсатыңа массагетпен бірге жет" бауқауы да республика деңгейіндегі байқау екенін ескерсек, Сымбат үлкен додаларда ғана бақ сынайтын жүйріктің нақ өзі десек болатындай.  

P.S. Ешкімді бөліп жарғымыз жоқ. Бәрінің де өз арманы мен мақсаттары бар. "Үлкен боп қалу үшін, үлкен арман керек екенін" (М.Шаханов) жақсы білетін жігерлі жастардың болашағы жарқын, келешегі кемел. Тегінде, өнер қуған, білім жолын қуған жастар жолда қалмасы анық. Кімнің қай биікке баратынын төреші уақыт көрсетеді. Ең бастысы, жүректегі сенім жоғалмасын. Жақсы, сауатты жазбаларыңызбен жұртты сүйсіндіре беріңіздер дегім келеді. 

Ж. Жұмағұлов