Мақсатына Массагетпен жететін келешегі кемел «Кемеңгерлер»

Мақсатына Массагетпен жететін келешегі кемел «Кемеңгерлер»
Фото: GetBg.net

Жыл сайынғы дәстүр бойынша Массагет порталы оқушыларға арналған «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауын үшінші жыл қатарынан ұйымдастырып отыр. Биыл да байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен жалындап жанып тұрған жастар жиналды. Жаз мезгілін пайдалы өткізіп, Массагет мотивациясы арқылы мақсатына жеткісі келетін оқушылар төрт топқа біріктірілді. Соның бірі – «Кемеңгер» тобы. Топтың құрамындағы жетілікпен таныс болыңыздар.

Ақниет Жаманқұл – 2002 жылы 17 наурызда Оңтүістік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Састөбе ауылында туған. Өткен жылы ұйымдастырылған «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауында үшінші орын алды. Осы жылы қаңтар-мамыр айлары аралығында өткен Үздік блог байқауында екінші орын иемденді. Байқау барысында ғана емес, басқа уақыттарда да Массагеттен қол үзбей, блог жазып, оқырмандардың іздеп оқитын блогшысына айналып үлгерді.

Айдана Турткулбаева – 2000 жылы желтоқсанның 28 күні Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Нұрлыкент ауылында өмірге келген. Бос уақытында тәтті тағамдар әзірлегенді, ән айтып, би билегенді ұнатады. Баскетболдан жарыс жеңімпазы. Мәнерлеп оқу сайысында да жеңімпаз болған. Болашақта журналист болуды қалайды. Байқауда туған-туысқандарын жанкүйерлікке жұмылдырып, әп дегеннен алдыңғы орынға шықты.

Айсұлу Би – 2003 жылдың 29 маусымында өмірге келген, Қарағанды облысының тумасы. Шахмат ойынын, пианинода ойнайды. Қабілеттерін жетілдіре түсу үшін байқау көп көмегін тигізбек. «Қарындаштың құлағында да ойнайды», яғни суретті өте жақсы салады. Патриоттар академиясына қабылданған. Тарих пәнінен жоба қорғап, жүлделі орын алған.

Арай Сисенбай – мамыр айының 9 күні 2001 жылы, Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Мұқыр ауылында жарық дүниеге келген. Дзюдо спортын жанына серік еткен. Режиссер болғысы келеді. Әртүрлі фильмедерге сын көзбен қарап, қазақша рецензия ұсынбақ ойы бар. Француз, ағылшын тілінде өлең жазған ақындарды қазақша сөйлетемін деп ерекше мақсаттарды алдына қойып отыр.

Бахытнұр Нұрболатқызы – сәуірдің 27-сі күні 2001 жылы туған, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында өмірге келген. Ұлттық дәстүрден сусындап, қолөнермен айналысады. Чарльз Диккенс шығармаларын жата-жастанып оқып, бойына нәр алады. Әлем әдебиетінің жілігін шағып, майын ішіп, зерттеу жүргізгісі келеді. Кәріс тілін үйренуді басты мақсат етіп отыр.

Жұлдыз Халдарова – 2000 жылы бесінші айдың алтыншы жұлдызында дүние есігін ашқан, туған жері – Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Нұрлыкент ауылы. Қолөнермен, джиу-джитсумен, каратэмен айналысады. Енді шет тілдерін меңгеріп, гитарада ойнауды үйренуді мақсат тұтады.

Әсел Нұрланқызы – тобымызға ең соңынан қосылды. Ол 2001 жылы шілденің 17 күні  Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданында өмірге келген. Шахмат ойынына жаны құмар. Волейбол ойынынан да талай жеңімпаз атанған. "Жасыл сақшы" табиғатты қорғаушылар бригадасының топ басшысы. Ағылшын тілі пәні бойынша олимпиада жүлдегері, "Президент оқулары – 2016 " байқауының жүлдегері. Спорттық жарыстарда жүлдесіз оралмайды.

Байқағандарыңыздай, «Кемеңгер» тобына өңкей спорт сүйер, өнерлі, шебер қол қыздар жиналған. Барлығы да қолы қалт етсе, кітаппен дос болып, тіл байлығын молайтқан, өмірге деген өзіндік көзқарастары қалыптасып үлгерген. Өздерін ғана ойламай, топтық жеңісті бірінші кезекке қойып, әр жазбасын уақытында жауапкершілікпен жариялап отырады. Ең бастысы барлық мақсат толығымен орындалуын алға тартады. 

@. @assel_assanova