Бес алу – бес күндік өмірдің мақсаты ма?

Бес алу – бес күндік өмірдің мақсаты ма?
Фото: egemen.kz

Қандай ата-ана болмасын баласының мектепте үздік әрі елдің алды болғанын қалайды. Ешкім бастысы жақсы білім ал немесе ортаның алды не арты болма деп айтпайды. Себебі қазір заман ерте тұлға болып қалыптасқан азаматтарға мұқтаж. Осы негізде мектеп ішіндегі саясатта жеке оқушыны қалыптастыруға бағытталған.

«5» деген баға алу – оқушының өзін жетілдіруге және өзгеге үлгі болуына жанама әсер етпесе, ол оқушының бүкіл өмір бойына салатын жолына бағыт-бағдар емес. Себебі баланың туа бітті таланты мен мектеп бағдарламасындағы талап сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан әрбір оқушыға жеке тұлға ретінде қарай отырып, оларды жан-жақты тәрбиелеу керек.

Тегінде ұлылардың бәрі үздік оқып, мектепті «5» деген бағаға оқымаса да қоғамдық жолдары тың болды. Міне, осыған қарап әр оқушының ойына, оның қалауына да басты назар аударған жөн. Ол үшін оны не мектепте, не үйде «5» деген баға алмадың деп сөгудің қажеті жоқ. Баламен үлкен адам секілді сөйлесіп көріңіз. Оның бәлкім айтар дүниесі, өз мақсаты сіздің талап етіп жүрген білімнен әлдеқайда арыда болуы ғажап емес.

Отбасы – ошақ қасында баланың күнделігін тексеріп, қызылға толған «4» пен «3» тіпті «2» деген бағаны көріп ол баланы надан деуге бола ма?! Мүлде олай емес. Ол «3» пен «2» дейтін бағаны алса ол сабаққа ынта танытпағаннан кейін. Егер ынтасы болса өзіне керек дүниеден төмен баға алар ма еді. Оның үстіне мектеп қабырғасындағы білім жүйесі бойынша өз алдыңызға ойлану, шешім қабылдау дұрыс деп есептелмейді. Сызып қойған шеңбермен берген тапсырманың мүддесінен шықпауыңыз керек. Ал баланы дәл сол әдіспен қамап ұстап, ойын кеңістікке жібермей сіз одан қандай баға талап етесіз.

Жоғары оқу орнындағы, одан әрі өмір жолындағы білімнің ең негізі мектепте қалыптасады. Бала мектепте алған білімін өмірі азық қылады. Ал азығын өзі таңдамай, аузына тықпалай берсек нәтиже ала алмаймыз. Баланың өз ой еркіндігіне құлақ асыңыз. Жаттанды дүниені тыңдай беріп, жаттанды бағаны күнделік пен сынып журналына толтыра бергенше, еркін ойды тыңдап, соған сараптама жасап баға қойыңыз. Сонда барып шәкірт те, сіз де ұтылмайсыз.

М. Ақан