Шөген академиясы балаларды тегін қабылдайды

Шөген академиясы балаларды тегін қабылдайды
Фото: Қазақстан шөген федерациясының баспасөз қызметі

Қазақстан шөген Федерациясы Балалар шөген академиясына 9-16 жас аралығындағы ұл және қыз балаларды ақысыз негізде қабылдауды бастады. Осыған орай сәуірдің 23 күні Алматы облысы, Талғар ауданы, «Ақбұлақ» ССК-нің ат спорты кешенінде орналасқан Балалар шөген академиясында «Ашық есік күні» өтті. Ата-аналар мен балалар шөген тарихымен және ойын ережелерімен танысты. Сондай-ақ балаларға ойындар көрсетіліп, экскурсия жүргізілді.

Қазақстан шөген федерациясының вице-президенті Сәрсен Құранбек Балалар шөген академиясында атқа міну мен шөген ойнау тегін үйретілетінін айтты.

«Сонымен қатар, Балалар шөген академиясы Халықаралық турнирлердің жеңімпаздарынан дәріс алуға, өңірлік, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді», - деді Сәрсен Абайұлы.

Академияға балалар қабылдау жұмыстары жалғасуда. Қосымша ақпарат алу және тіркелу үшін 8 701 206 17 17 нөміріне хабарласу қажет. Толық ақпаратты мына сілтемеге өтіп ала аласыз.

Г. Берік