Оқу жылын сәтті аяқтау үшін

Оқу жылын сәтті аяқтау үшін
Фото: nis.edu.kz

Оқу жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Осы уақыт аралығында "бағаларымды түзеп, кем-кетігімді толықтырып алайын" деп, 25 мамырға дейін "түзелуге" бет бұратындар қатары көбейе бастайды. Олар алдымен нені ескеруі қажет?

1. Блокнот арнап, оған барлық тапсырмаларды бүге-шүгесіне дейін жазып отыру керек. Олар – реферат, бақылау, сарамандық жұмыстары белгіленген күн, тест орындайтын күн, күнделікті тапсырма, мектептегі сабақтан тыс іс-шаралар және т.б. Мұндай әдіспен кез келген тапсырманы дер кезінде орындауға үйренесіз.

2. Бөлу және демалу. Үйге берілген тапсырма шамадан тыс көп болып кетсе, уайымдайтын түгі де жоқ. Оған да айтар кеңесіміз бар. Тапсырманы күрделіден жеңілге қарай функциясымен бөліп алыңыз. Кейін күрделіден бастап орындаңыз. Әр тапсырманың арасына 30 минуттық үзіліс салыңыз. Мысалы, алгебрадан 10 есеп берді, тарихтан 2 параграф оқу керек, әдебиеттен шығарма жазу деген тәрізді бөліп алыңыз. 5 есеп шығарып болған соң, бір демалып алыңыз да қалған 5 есепті орындаңыз. Бірақ, есіңізде болсын: демалу деген ˜интернетте отыру, компьютермен ойнау емес.

3. Теледидарды шектеулі уақыт ішінде ғана көру. Қызықты телесериал, мультфильмдер "Сабақты кейін оқисың, мені қарап алшы" деп еріксіз байлап алуы мүмкін. Ал сабақ жайына қалады. Ерік күшіңізді игеріп, көк жәшіктің алдында мейлінше көп отырмауға тырысыңыз.

4. Арбайтындардан аулақ. Телефонмен сөйлесу, достармен кездесу, футбол ойнау деген секілді дүниелерден аулақ болған жөн. Оқу жылының соңына дейін жақсы бағамен бітіремін деген мақсат қойсаңыз, cоған жетуге талпыныңыз. Демалысқа шыққанда да телефон, достар, футболмен қауышасыз.

5. Ұстаздармен сөйлесу. Білмегеніңізді не түсінбегеніңізді мұғалімдерден сұрау айып емес. Ол үшін ұялып, қысылудың қажеті жоқ. Егер сабаққа дайындалуға бір нәрсе кедергі болса, мектеп психологына жолығып, кеңес алып көріңіз, артық етпейді.

Осы кеңестерді ұстанып жүрсеңіз, көмегі тиер. Ал сіз қандай кеңес айтар едіңіз?

Г. Берік