Шығарма қалай жазылады?

Шығарма қалай жазылады?
Фото: TheSchoolRun

Шығарма жазу білесіз бе?! Оған қойылатын талаптар қандай? 

Оқу бағдарламасындағы ең көп тараған, тәжірибеде жиі пайдаланылатын жазба жұмыстардың ішінде күрделісі де, маңыздысы да шығарма жұмыстары. 

«Шығарма» деген сөздің негізінде «шығару» деген ұғым жатады (Яғни, ойдан шығару, ойлап шығару).

Бұдан шығатын қорытынды: шығармаға қойылатын талап аса күрделі, әрі маңызды болады. Бұл жұмысты мектептегі шығармашылық іздендіруге негізделген жұмыстардың күре тамыры десек те, артық емес. Шығарманың күрделілігі сол – бұл оқу процесіндегі бірден-бір жеке дара орындалатын жұмыстардың түрі. Қарастырылатын мәселе, жазатын тақырып біреу болса да, әр оқушы оны өзінше жеткізеді, яғни тілі, пікірі, қорытыныдысы сол көркем туындыны не кейіпкерді қабылдау дәрежесіне байланысты. Дегенмен шығармаға қойылатын негізгі талаптарды мұғалім оқу кабинетіне «Жазба жұмыстарына байланысты нұсқаулар» деген атпен (басқа да тақырып алу әр мұғалімнің өз еркі) жазып қоюдың тиімділігі зор.

Шығарма жазуда басшылыққа алынатын дүниелер:

1. Таңдаған тақырыбыңды әбден ойлап алу керек

2. Жоспар тақырыпқа байланысты нақты жасалу керек

3. Эпиграф алынуы керек. Ол тақырып пен негізгі идеяны ашуға сәйкес алынады.

4. Пікірлердің,ойдың, жазатын негізгі мәселелердің реті мен жүйесін сақтау қажет

Шығармадан ізденілетін кемшіліктер:

А) Тақырыптан ауытқушылық

Ә) Кіріспенің тұжырымды, бірақ шығарманың қалған бөлімдерінің де дұрыс, нақты жазылуына бағыт, бағдар беретіндей болмай қалуы

Б) Пайымдауың, дәйек сөзің, салыстыруың негізгі пікірге байланысты алынбай қалуы.

В) Қосымша материалдарды, ғылыми еңбектерді пайдаланғанда, авторы, кітаптың аты, беті айқын жазылмай қалуға болмайды

Г) Негізгі болімнің толық, әрі дәлелді келуімен қатар, шығарманың ең басты пікірлері осында болатындығын ескеріп жүру керек.

Д) Қорытындың негізгі пікіріңнің төңірегінде жазылуы шарт. Оған ерекше назар аудар. Себебі түйін,соңғы пікір-жұмысыңның нәтижесі осында көрінеді.

Тақырыбыңа байланысты материалды алдын ала дайында,ізде,оларды іріктей отырып,ең негізгісін сұрыптап ал.

Шығарманың тіліне, стиліне аса жауапкершілікпен қара:

а) Сөйлемдердің тиянақты,ойлы болсын. Шұбалаңқылықтан сақтан.

ә) Әдемі айшықты сөздерді пайдалан. Бұл - шығарма, сондықтан оның тілі де төгіліп тұруы қажет.

б) Мақал-мәтел, сөз тіркестерін не әдемі сөз оралымын пайдаланғың келсе, алдын ала оны жазып алуға болады. Сонан соң керегіңді пайдаланасың. Емілелік сөздіктер жаныңда болсын, сауаттылық - шығарма үшін ең маңызды мәселе. Жазу мәдениетіне де ерекше ден қой: таза, ұқыпты жаз әрі әрбір әрпің айқын, еркін оқуға жарайтындай болсын, әрі жазуың көркем түссін.

5-6-сыныптарда, әсіресе, шағын шығарма – суреттеме, шығарма – сипаттама, шығарма – кескіндеме т.б. жаздыруға болады. Бұлар-көркемөнер туындылары бойынша жазылатын шығармашылық бағыттағы жұмыстар.

Көлемі шағын болып келеді, бірақ нақты бір өнер туындысының негізінде жазылады. Мысалы: «Амангелді» портреті бойынша шығарма – кескіндеме жазуға болады (екеуінің негізінде). Мүсіндеме, сәулет өнері шығармаларында суреттеме, табиғат көрінісі, т.б бойынша жазылады. Мұғалім бұл тапсырмаларды орындауда нақты көмек көрсетеді, ең алдымен сынып болып, сол өнер туындылары бойынша жұмыс жүргізеді (ауызша суреттеу деген сияқты), шығармаларда қандай сөз тіркестері, көркем, айшықты, бейнелі сөздерді пайдаланады,-соған бағыт-бағдар беріледі. Бұл шығарма арқылы оқушылардың көркем тілін дамытудың бір ұтымды тәсілі-көп болып талқылау, олардың өздеріне пікір айтқызу.

Мұғалім өзі тексеріп, талдау жасап келгеннен кейін, шығармаларды (қалауы бойынша) оқытып, бірігіп талдау жасатқызады. Олар шығарманың тілі, мағынасы, стилистикасына назар аударады, өздеріне ұнағанын айтады, кемшілігіне тоқталады. Шығарма жазу бар да, оны түсіндіру, талдау, онымен жұмыс түрлері де бар. Екеуін де тиімді, дұрыс ұйымдастыра білген мұғалім көп нәрсені ұтпақ. Бұл әдістерді жоғары сыныптарда пайдалану дұрыс. 5-6-сыныптарда еркін тақырыпта («Менің сүйікті кітабым», «Ардақтайық та құрметтейік Ананы!»,т.б), 5-7-сыныптарға өздері оқып жатқан көркем туындылардың жанрына байланысты жазуларына болады. Мысалы, ертегілерді оқып болған соң, өз қалаулары бойынша ертегі, мысал, әңгіме (қарасөзбен) жаздыру, пікір жаздыру сияқты, т.б. іздендіру. Біріншіден, мұндай шығармалар балалардың дүниетанымын, білімін кеңейтеді, екіншіден, қабілеті, дарынына әсер етеді, үшіншіден, көркем тілін дамытады. 5-7-сыныптарда өздері оқып жатқан әдеби тақырыптарға жазылатын шығармалардың көркемдік ерекшеліктері, оған арнайы талаптар қойылады.

Шығарманы жазарда тақырыбыңызды толық ашатындай, жан-жақты көзқараста зерттеп, білікті оқушы ретінде ой қозғаңыз. Сәттілік!

Ә. Жутаева