Қиын бала ұғымы кеңейіп бара жатыр

Қиын бала ұғымы кеңейіп бара жатыр
Фото: EngageNY

Мектеп өмірінде түрлі жағдайлар орын алып жатады. Соның бірі – психологиялық ауытқушылыққа ұшыраған қиын балалармен жұмыс жасау. Бұл атаудың өзі ғылыми тұрғыдан қолданысқа ие болып кеткені де белгілі. Кешегі иі жұмсақ, ибалы ұл-қыздарымыз қазір аз десек те болады.

Бүгінгі таңдағы мектеп жасындағы балалардың психологиясы мүлде басқа. Айтқанға көнбейтін, айдағанға жүрмейтін, тізгінсіз кеткен балалар бар. Қазақы қоғамға жат мұндай құбылыс тіпті ресми атауға ие, яғни «қиын бала». «Қиын балалар» санының артуы үкіметті де алаңдатпай қоймады. Естеріңізде болса, 1999 жылы елімізде бұрын-соңды болмаған «Қиын жасөспірімдерді оңалту орталығының» құрылуы сөзімізге дәлел. Кейін, яғни 2006 жылы ол «Девианттық мінез-құлығы бар балаларға арналған арнайы білім беру ұйымы» болып өзгерді. 2010 жылдары Алматы қаласындағы орталықта 38 бала тәрбиелеген еді, қазір де соның төңірегінде. Бұдан шығатын қорытынды – жағдай әлі өзекті.

Алдын алу шаралары шынымен әлсіз бе?

Жанға тағы бір қатты бататыны – жасөспірімдер арасындағы суицид. ҚР Бас прокуратурасы таратқан мәліметке сәйкес айтсақ, елімізде 2013 жылы – 250; 2014 жылы – 189; 2015 жылы – 201 жасөспірім суициді тіркелген.

Балаларымыздың жауқазын жасында осындай жан сыздатар әрекеттерге баратындары несі екен? Қазір баршамызды ойландырып, толғандырып отырған ортақ сауал – осы. Оның себебін әркім әртүрлі айтады. Бұл түйткіл Парламент қабырғасында да талай мәрте талқыланған-ды. Ел қалаулыларының басым бөлігі жағдайдың ушығып кетуін профилактикалық шаралардың әлсіздігінен көрсе, Қазақстан психологтар қауымдастығының төрағасы Владимир Стеблянко бар жауапкершілікті ата-аналарға артады. Енді бір мамандардың пайымынша, баланың «қиын бала» атануы – «шектен тыс қамқорлықтың» зардабы.

Бүгінгі ұрпақ – еліміздің ертеңі. Қиын балалар қатары көбейіп кетсе, не болмақ? Көз алдыңа елестетудің өзі қорқынышты. Көп жағдайда біз балаларды, балалар бізді түсіне алмай, кей кездері арты қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады. Сол себепті де, өз тәрбиемізге баса көңіл аударғанымыз жөн. «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын» дейді қазақ. Ұрпақ тәрбиесі қай заманның, қай қоғамның болсын көкейкесті мәселесі. Тәрбие – ана сүтінен басталып, біреудің біреуге ықпалы арқылы өмір бойы қалыптасатын күрделі құбылыс.

Бала тәрбиесі салғырттыққа, себеп-сылтау іздеуге төзбейді. Оны жүргізу үшін педагогикалық ұжымның кәсіптік білгірлігі, ата-аналардың саналық көзқарасы және осы принциптерге негізделген мектеп пен отбасы арасындағы тығыз қарым-қатынас қажет. Жалпы еліміздің көп өңірлерінде соңғы кездері жеткіншектеріміздің кейбірінің мектеп қабырғасында жүріп-ақ келеңсіз оқиғаларға ұрынулары «қиын бала» қатарын көбейтіп, мұғалімдер мен мектеп ұжымдарының жауапкершіліктерін күшейтуді қажет етуде.

Ә. Жутаева