Пәндік олимпиадаға дайындығыңыз қалай?

Пәндік олимпиадаға дайындығыңыз қалай?
Фото: Womo.com.ua

Пәндік олимпиадаға қатысасыз ба? Оған қалай дайындалған дұрыс?

Қыркүйек айы келісімен қауырт жұмыстар басталады. Ұстаздар мерекесіне дайындық, тілдер күніне іс-шара ұйымдастыру, күзгі балл сынды қоғамдық шаралардың қызықты күндері өз алаңына шақырады. Әрине, өте қызық. Алайда, білім алуды да ұмытпау керек. Мектептің де басты көрсеткіші білім екені сөзсіз. Қазан айының соңы мен қараша айларының басында пәндік олимпиадаға іріктеу басталатыны белгілі. Мектепшілік кезеңнен басталатын бұл дода республикалық деңгейге дейін жалғасады. Мәреге жететіндердің көпшілігі табанды еңбектеніп, талмай оқитындар. Сонымен олимпиадаға дайындалудың тиімді жолдарын тізімдейік.

1. Тапсырмалар ешқашан тосыннан сүріндіретіндей болмайды. Барлық жұмыс оқулықтан алынады. 5-11 сынып аралығындағы кітаптарды толық қамтыңыз. Қалтарыс қалдырып, оқымай кеткен жеріңізден сұрақ келуі мүмкін.

2. Таза беттен бұрын шимай бетке толтырып жаттығыңыз. Олимпиада ережесінде шимай бет ескеріледі.

3. Асықпаңыз. Алайда, уақыттан ұтылмау да керек. Алдын ала уақытпен санасып жаттығыңыз.

4. Ережені жаттап жүріңіз. Олимпиадада әділ қазылар нақтылыққа сүйенеді. 

5. Есеп шығаратын болсаңыз, жауаптың қандай жолмен шыққанын міндетті түрде көрсетуіңіз керек. Тиімді тәсілді көрсетпесеңіз, жауабыңыз есепке алынбауы да ықтимал.

6. Шығарма жазатын болсаңыз, мектеп бағдарламасының негізінде берілетін алдыңғы екі тақырыпқа көбірек жүгініңіз. Еркін тақырып дәл сіз ойлағандай ашылмай қалуы мүмкін.

7. Информатиканың есептерін шығарар алдында кез-келген дүниені сақтап қалыптасыңыз. Әйтпесе, техника тілі ақауға бейім тұрады. Еңбегіңіз еш кетуі мүмкін.

8. Каллиграфияға мән беріңіз. Кей әділ қазылар үшін жазуыңыздың дұрыс болуы да маңызды. Әсіресе, шығарма, мазмұндама секілді сынақта өте маңызды рөл атқарады.

9. Шығарған есептеріңізді арнайы шимай бетке жазып шығуыңызға болады. Аппеляцияға кірер кезде нақты жауабыңыз қамтылуы керек.

10. Кітаптардың соңында арнайы қоршалған құнды мәліметтерге көз тігіп жүріңіз. Көптеген тапсырмалар сол секілді қалтарыс бұрыштардан құрастырылып жатады.

Осындай әдіс-тәсілдердің септігі тиіп, кезеңнен кезеңге жетіп жатсаңыз, жеңіске жақындағаныңыз. Қалалық, облыстық кезеңдерді қанағат тұтып, масайрап кетуге болмайды. Өзіңізді қамшылаудан шаршамаңыз. Оның үстіне мемлекеттік грант тек республикалық олимпиададан орын алғандарға ғана беріледі. Оның үстіне жеңілдік қарастырылады. Сол себепті оқудан, еңбектенуден ешқашан шаршамаңыз.

Ә. Жутаева