Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Алтын ұя / Мектеп өмірі / Ұстаздың қадірі – қоғамның қадірі

Ұстаздың қадірі – қоғамның қадірі

Ұстаздың қадірі – қоғамның қадірі

Бүгін – ұстаздар күні. Хакім Абай «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деп текке айтқан жоқ. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» әрбір баланы білім нәрімен сусындататын да – ұстаз.

Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Ұстаз... Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген сөзі тегін емес.

Жер дүниені тітіреткен Ескендір Зұлқарнайын да әрдайым жорықтан оралғанда ең әуелі ұстазына, одан кейін барып, ата-анасына сәлем беруге баратын көрінеді. Оның себебін сұрағандарға: «Ата-анам менің аспаннан жерге түсуіме, дүниеге келуіме себепкер. Ал ұстазым жерден аспанға кіруіме себепші», – деген екен.

Бала тәрбиесінде ұстаздың атқаратын рөлі зор. Оқушы өміріндегі негізгі мәселені шешудің кілті ұстаз қолында. Олар елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиесіне жауапты. «Адам тәрбиелеу – ұлы міндет» десек, ол міндетті атқарып жүрген де ұстаз қауымы. Ұстаздың қолындағы негізгі құрал – сабақ.

Бала кезімізде қариялардың қолына су құйсақ, үлкендер алғысын білдіріп, «молда бол, балам» деуші еді. Өйткені өткен дәуірдің ең сауатты адамы молда болатын. Бүгінгі заманның да ең сауатты адамы деп ұстаздар қауымы саналып келді. «Ұстаз» деген ұлы сөзге ерекше құрметпен қарауымыздың да сыры осында. Өйткені бабаларымыз бізге солай тәлім-тәрбие берді. Ақынды да, дананы да, білікті мен білімдіні де ұстаз тәрбиелегеніне көз жеткіздік. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген қанатты сөзді басты қағида етіп ұстадық. Алыстан ат арытып келген баланы бірінші ұстазына сәлем беруге жіберуінің де басты себебі осында жатыр.

Керек дерек

  • Осыдан бірнеше жыл бұрын The Varkey GEMS қоры әлемде мұғалімді қалай құрметтейтіндігі жөнінде арнайы сауалнама жүргізген екен. Сауалнамаға әлемнің 21 елінен 21 мың адам қатысыпты. Нәтижесінде, Қытай мен Грекияда бұл мамандықтың беделі жоғары екендігі белгілі болыпты. Ең төменгі көрсеткіш Израиль мен Бразилияға тиесілі. Ұлыбритания мен АҚШ ортаңғы орындарды иемденіпті. Бұл ненің көрсеткіші: демек, бұл елдерде мұғалім мамандығы аса зор құрметке ие деген сөз.


Ендеше, барлық өнегесімен тағылым болып келген осы озық дәстүрдің жібін бүгін неге үзіп алдық? Ұстаздың биік мәртебесін неге сақтап қала алмадық? «Молда болуға» асықпауымыздың сыры неде? Молда болу дегеніміз – сауатты болу деген ұғым емес пе еді?..

Шындығын айтуымыз керек, бүгінгі күні ұстазға құрмет көрсетуді ұмытып барамыз. Оған ең бір мазмұнсыз мамандық деп қарайтынымыз да жасырын емес. Мұғалім атаулының таңның атысы, күннің батысына шекті мектепте жүретінін де ұмыттық. Іс-қағаз толтырудан шаршап-шалдығып жүргенін де ескере бермедік. Солай екенін біле тұра, балаларымыздың әрбір басқан теріс қадамы үшін мұғалімге кінә арттық. Тіпті, қоқан-лоққы жасай бастадық. Тәрбиенің басым көпшілігі үйде берілетінін кейбір ата-ана ұмытып та кеткен сияқты. Қит етсе мұғалімді айыптауға дайын тұратын жаман ғадет пайда болды. Осындай жағдайлар ұстаз дейтін ұлы ұғымның қадірін төмендетіп жібергендей.

Мұғалімнің құны жоқ. Неге? Оған мынадай бірнеше факторларды алға тартуға болады. Ең алдымен, әке-шеше кінәлі. Кемшілікті баладан емес, ұстаздан көретін ата-аналар көбейгені рас. Мойындауымыз керек.

Екіншіден, мамандық таңдау барысында педагогика саласына өз қалауымен, өз еркімен сұранатын түлектер азайған. ҰБТ-дан төмен балл алғандар амалсыздан осы мамандықты таңдауға мәжбүр.

Үшіншіден, мұғалім болғысы келетіндер жоғары оқу орнын тәмамдауға асықпайды. Оларға колледж бітіргендігі туралы диплом жеткілікті. Сондықтан мұғалімдік қызметке кез келгеннің ұмтылуы бұл мамандықтың қадірін қашырып жіберді.

Төртіншіден, мектептерде ер мұғалімдер жоқтың қасы. Мұғалім болуға қыз балалар ғана көбірек ұмтылады.

Бесіншіден, «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ. Отбасында тәрбие бұзылған соң, бала да мұғалімнің тәрбиесіне көне қояр ма екен?!.

Өзге мемлекеттерде мұғалім болу оңай кәсіп емес екен. Мәселен, Оңтүстік Корея мен Сингапур елдерінде бұл мамандыққа мектеп пен университетті озық бітірген мамандар ғана лайықты. Әрі мұғалімдердің жалақысы да жоғары. Білікті маманнан дәріс алса, білім сапасының да деңгейі жоғары болатындығы айтпасақ та түсінікті. Демек, бізге де осындай жүйе қажет!

Біздің бұл пікірімізге ұстаздардың өзі не дейді? Бұл сауалымызды Шымкент қаласы, А.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейінің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі, жоғары санатты ұстаз Өмір Шыныбекұлына қойдық.

Кешегі алған білім бүгін ескіріп жатқан әлемдегі қарқынды өзгерістер еліміздегі білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін көрсетіп отыр.

Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдарда білім берудегі басты мақсат сауат ашу болса, ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап кеңестік білім беру жүйесі Диалектикалық материализммен «қаруланған» «Коммунизм құрылысшысын» дайындауға ден қойды. КСРО ыдыраған соң біраз жыл бағдарды жоғалтып алдық. Тәуелсіздік алғалы бері еліміздің білім саласына бірнеше рет реформа жасауға әрекеттер жасалды. Бірақ ол әрекеттердің бәрі сөз жүзінде қалды. Жасыратыны жоқ, дайын білім беруге негізделген дәстүрлі оқытудан алынған механикалық түрде есте сақталған мәліметтерді емтихан кездерінде ұтымды пайдалануға болады. Бірақ мән-мағынасы терең меңгерілмей, жай ғана жатталғандықтан, тақырыпты оқыту аяқталған, соң немесе емтихан біткен соң керексіз болып қалатын және оқушы оны өмірде тиімді пайдалана алмайтын.

Ал ХХІ ғасырдағы білім берудің мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін мектептен тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету, өмірімізге дендеп енген сандық технологияларды терең меңгерту.

Дегенмен «ештен кеш жақсы» дегендей, бүгінгі күні «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?», «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?» деген мәселелер бойынша жұмыс жасау керек екенін түсіндік.

Осы екі мәселені шешетін мұғалім қандай болуы керек?

Бұл тұрғыда Стэнфорд университетінің құрметті профессоры, білім саласындағы бірнеше сыйлықтың лауреаты, педагогика, психология, медицина және математика саласындағы оқыту мен оқуды бағалауды зерделеуге баға жетпес үлес қосқан көрнекті ғалым Л.Шульманның мұғалімнің «үш көмекшісі» (бас, қол, жүрек) атты теориясы – мұғалімнің білімі, білігі мен тәжірибесі ғана маңызды емес, оның жан дүниесінің тазалығы мен рухани байлығының сай болуына баса назар аудартады.

Дүниежүзіне танымал педагог-психолог А.Пажарес деген ғұламаның айтуынша, қазіргі заманда білім беру процесінде балаларға мұғалімнің білімінен гөрі, ұстанымы (принципі) күштірек ықпал етеді. Баланы жыл он екі ай алдау мүмкін емес. Жаныңыз таза болмаса, сезіп қояды. Абыройды ешкім де сатып ала алмайды. Ол әр адамның өзіне байланысты. Алдымен адам өзін сыйлауы керек. Сонда ғана оны өзгелер құрметтейді.

Қазақта «балажан» деген сөз бар. Өз баласын бәрі де жақсы көреді. Ал барлық баланы «балам» деп қабылдау көп адамның қолынан келе бермейді. Егер мұғалім шәкіртін жақсы көрмесе, онда оның ертерек мектептен кеткені жөн. Бала жақсы көргенді де, жек көргенді де сезіп тұрады.

Жалпы, мұғалім үшін ең жоғары баға – шәкірттерінің өз мұғаліміне еліктеуі, ұқсауға тырысуы! Ал мұғалім абыройлы болу үшін не істеу керек?

Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп, технология жылдам дамып жатыр. Сондықтан өмір бойы үздіксіз білім алатын заман туды. Мұғалім ертеңгі сабаққа дайындалу барысында, сабаққа қатысты оқушылар тарапынан қойылуы мүмкін тіпті жанама сұрақтардың өзіне дайын болуы шарт. Мұғалімнің бір міндеті тәрбие беру екенін ескерсек, мұғалім өз пәні мен педагогикадан өзге диалектика, метафизика, философия, психология, риторика, социология және т.б. ғылымдарды меңгерген интеллектуал болуға міндетті.

Жан дүниесі таза, рухани бай және жан-жақты білімді – интеллектуал маманды мектепке қалай әкелеміз? Өз бағасын білетін адам 60-70 мың жалақыға жұмыс істеуге көне ме? Осыдан бірер жыл бұрын Шымкент қаласындағы ең беделді ЖОО-ның Мемлекеттік аттестациялау комиссиясына (МАК) мүше болдым. Болашақ тарихшы мен археологтар алдымыздан өтті. Сонда бір аңғарғаным, «Тарих пәнінің мұғалімі» деген мамандыққа ылғи мектепті сүйретіліп әзер бітірген аутсайдерлер түседі екен. Олармен салыстырғанда, «Археология» мамандығын бітірушілердің білімі ғана емес, жалпы өмірге, дүниеге деген көзқарасы мүлдем өзгеше! Бүгінгі күні «Педагогика» мамандығын кім таңдайтынын өздеріңіз жақсы білесіздер.

Ауылды жерлердегі жағдай тіпті сорақы. Мектеп тұрақты жалақы беретін жалғыз жұмыс орны болғандықтан кешегі агроном да, веттехник те, қолына біраз қаржы жинаған тракторшы да ЖОО-ны сырттай бітіріп алып мектептерде мұғалім болып жүр. Сырттай оқудың жайы өздеріңізге белгілі.

Екінші мәселе, Алматы мен Астанадағы ЖОО-ның педагогикалық факультеттерінің түлектері қайда кетіп жатыр?

13 жылдан бері жұмыс жасап жатқан ұжымға, осы 13 жылда орталықтағы ЖОО-ны бітірген бірде-бір маман келген емес. Келген мамандардың барлығы – көшедегі толып жатқан ашық-шашық оқу ордаларының түлектері. Соңғы он шақты жылда ЖОО-ның студенттерін іс-тәжірибеден өтуге мектептерге жібермейтін де болған. Айналып келгенде, тағы сол әдіскер–ұстаздарға төленетін қаражат мәселесінен қиналады.

Оның үстіне мектеп мұғалімдерін мерекелерде алаңға шығу, концерттерге қинап билет сату, қинап газет-журналдарға жаздыру, сенбілік секілді артық шаруаларға жегіп қоятынымыз тағы бар. Бұл туралы қоғамымыз бен билік тұтқасын ұстаған азаматтарымыз ойлануы тиіс. Әйгілі Отто Бисмарктің «Мектепке қаражат аяған мемлекет түрмелер салуға мәжбүр болады» деген қанатты сөзін естен шығаруға болмайды. Бүгінгі күні еліміздің білім саласына жаңа бағдарлама енгізіліп жатыр. Мұғалім ретінде айтсам, бағдарламаның бірер бабынан басқасы көңілімнен шықты. Тек ескеретін бір жайт, бағдарламаның іске асырылуы мектеп пен мұғалімге ғана байланысты емес. Мектептің материалдық-техникалық базасын жасақтайтын шенеуніктерге де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Биылдан бастап мектеп табалдырығын аттаған балақайларымыз 3 тілде білім алады. Осы жерде көңілімізде аздап күдік бар. Иә, неше тіл білсең де артық емес. Ағылшын тілін үйрете алатын дәрежеде білетін маман 50-60 мың теңге жалақысы бар мектепке барады ма? Ауыл мектебінің жайы қалай болады?

Бала тәрбиесі үшін басты жауапкершілік ата-ананың мойнында. Бірақ бүгінгі ата-аналардың үлкен бөлігінің бала тәрбиесіндегі рөлі, баласына жатар орын, ішер тамақ, киер киім әперумен шектеліп отыр. Қалған шаруаның барлығын мектепке артып қойды. Ата-аналардың үлкен бөлігінің санасында «баламның қарны тоқ, көйлегі көк болса, қалғанына мектеп жауапты» деген ұғым берік қалыптасты. Түннің бір уағында «Баламды тауып бер!» деп баласының сынып жетекшісі немесе мектеп басшыларына қоңырау шалатын ата-аналарды көріп жүрміз. Бала оқыс жағдайға ұшыраса немесе бірдеңе бүлдірсе, алдымен мектеп кінәлі болып шығатынын өздеріңіз де көріп отырсыздар. «Қызым – үйде, қылығы – түзде» деген халық даналығын көпшілік ата-ана әлдеқашан ұмытқан. Қалай болғанда да, баласының болашағы үшін ең алдымен ата-ананың жаны ауыруы керектігі өресі бар адамға айтпаса да түсінікті. Ал біздің ата-аналар білім берумен қатар тәрбие, оқулық және т.б. мәселелерді мемлекеттің мойнына арта салды. Тіпті тоқсанда бір болатын ата-аналар жиналысына бас сұғуды қойды. Бар болғаны 5-6 ата-ана келуі мүмкін, одан артығын жалынып келтіре алмайсың. Сөйткен ата-ана, баласының бойындағы құдай берген қарым-қабілетін елеп-екшемей, «білім мен дипломды» сатып әпергісі келеді, мектеп бітірген соң жоғары мектепке сүйрейді! Беретіні өтпей қалса, мектепті жамандап шыға келеді. Яғни қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіп, ата-ананың жауапкершілігін арттыру қажет. Сонда ғана мұғалімнің қадірі артады.

Гүлзина БЕКТАС,

Айдана НҰРМҰХАН

Дереккөзі: "Айқын" газеті
0
Рейтинг: +0

Фото: strategy2050.kz
Қосылған күні: 02 қазан 2016, 16:41

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.