Университет ректоры «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырды

Университет ректоры «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырды
Фото: «Қыздар университеті» медиа орталығы

Бүгін Қыздар университетінің ректоры, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Динар Нөкетаева республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.

«Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен игілікті іс-шара барысында Алмалы ауданына қарасты Ә.Шәріпов атындағы №16 мектептің 10-оқушысына қазақстандық «Сымбат» сән үйінің сапалы мектеп формалары,  мектеп сөмкелері, мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп оқушыларына арналған отандық «S-master» компаниясының таза былғары терісінен тігілген аяқ-киімдері табысталып, жаңа оқу жылы алдында балаларға көмек әрі сыйлық ретінде тарту етілді.

Аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен отбасы балаларын мектепке қажетті киім-кешек, құрал-жабдықтармен қамту, балаларды орта біліммен толық қамтылуына жағдай туғызу, сабаққа баруын қамтамасыз етуді мақсат тұтқан республикалық акция соңғы сегіз жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы биыл да тамыздың 1-інен бастау алып, қыркүйек айының 30-ына дейін жалғасатын болады.

Шарапаты мол шараға оқушылардың ата-аналары, Қыздар университеті, «Сымбат» сауда үйі мен «S-master» отандық компания өкілдері және жақсы іске куә болған алматылық тұрғындар қатысты.

«Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырға жан риза» дегендей жетім, қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу әрбір адамның азаматтық парызы болуы тиіс деп білемін. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Біз де отандық сапалы өнімдер шығаратын компанияларға, атап айтқанда, баршаға белгілі «Сымбат» пен «S-master» компанияларына қолдау көрсете отырып,  көмекке зәру әр балаға қол ұшын созып отырмыз. Мұндай акциялар арқылы біз оқушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қане қоймай, олардың білім алуға деген ұмтылысын біршама арттыра түсетінімізге сеніміміз мол. Ең бастысы – біздің балаларымыз жақсы оқып, ата-аналары мен мемлекеттің үмітін ақтаса игі», – деп атап өтті.

Ата-аналар да өз кезегінде қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жылы лебізі мен қол ұшын аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып отырған ел қалаулысы Динар Нөкетаева мен көмегін көрсеткен «Нұр Отан» партиясына үлкен ризашылықтарын білдірді.

Шара барысында ақ тілеулі ағайындардың бірі, жақсы іске жанашыр боп келген «S-master» компаниясының директоры Дәулет Аманғали: «Балаларға қамқорлығымызды аямай, оларды аялай білейік!», деп, барша қауымға өзі ұсынып отырған отандық өнім аяқ-киімдерімен және оның сапасымен таныстырып өтті. 

Балалар мен олардың ата-аналарына қуаныш сыйлаған қайырымдылық шара жаңа оқу жылына жақсы көңіл-күй, жаңа қарқын, білімге деген құштарлық, әрбір бала бойына сенім, жанына жігер ұялататыны сөзсіз. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің», деп дана халқымыз айтқандай, әркез жүрегіміз кең, пейіліміз ақ болып жақсылық жасауға ұмтылып тұрайық!

Г. Берік