Лагерьдегі ойын түрлері #2

Лагерьдегі ойын түрлері #2
Фото: massaget.kz

5-8 тамыз аралығында Алматы облысы Қапшағай қаласы «Алтын Емел» демалыс орнында «Болашағыңды басқар» атты жазғы лагерь ұйымдастырылды. «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподақ ұйымы Қоғамдық Бірлестігі алғаш рет қолға алған шараға Алматы қаласы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы қолдау көрсетті.

Лагерь қалай өткені жөнінде қысқаша мәлімет берген едік. Оның қызығы әлі біткен жоқ. Ұйымдастырушылар жас көшбасшыларға арнап көптеген қызықты ойындар ұсынды.

БАСЫ

"Бетпе бет". Бұл командалық жарыс. Екі команданың капитаны тағайындалады. Қалған ойыншылардың қолдары байланады. Жүргізуші қағазға жазып сөз көрсетеді, қолы байлаулы ойыншылар соның бейнесін жасап, капитанға қандай сөз екенін түсіндіреді. Қай капитан бірінші табады соған ұпай еншіленеді.

"Милиметр". Команда ойыншылары бір-бірін жалғау арқылы (киім, қалың жіп, шынжыр қолдануға болады) ең ұзақ жол жасау.

"Ғимарат". Командаларға бірдей мөлшерде қағаз, скоч, трубочка беріледі. Ойыншыларға өз ғимараттарын тұрғызуға уақыт беріледі. Ғимараты біткеннен кейін олардың шыдамдылығын тексеріп ең ұзын ғимаратты женімпаз деп санаймыз.

"Тамшыдан көл". Бұл су жағасында ойналады. Қатысушыларға бір рет қолданылатын стақан беріледі. Олар осы стақанды аузымен тістеп, ұстамай, су алуы тиіс. Мәредегі шелекке жеткенше екі қолын созып, стақанға қол тигізбестен жүгіріп, ішіндегі суды шелекке құяды. Шелекке көп су жинаған команда ұпайы көп болады.

"Ән сал, жаным". Командалар арасынан бір ойыншы шығып, ойын жүргізушісі жасырын көрсеткен әндерді түрлі дауыста салуы тиіс. Команда тапқан сайын келесі ән көрсетіледі. 2 мин. уақыт беріледі.

"Крокодил". Бұл ойынға бұрын ойнамағандар, хабарсыздар қатысады. Қатысушылар қолтықтасып, бір-бірін мықты ұстап тұрады. Жүргізуші ойыншыларға: "Барлығыңыздың құлақтарыңызға сыбырлап, әртүрлі жануардың атын айтамын. Кімге крокодил деп айтсам, сол жерге құлауы керек. Басқалары оны құлатпай ұстап қалуы тиіс",- деп түсіндіреді. Қызығы сол, крокодил деген сөз барлығына бірдей айтылады да, хабарсыз ойыншылар түгелдей жерге құлап, күлкіге қарқ болады.


@. @assel_assanova