Үлгілі болу үшін

Үлгілі болу үшін
Фото: massaget.kz

Мектеп – өмірде қандай тұлға болатыныңызды айқындайтын өткел. Мектеп қабырғасында жүріп қалыптасқан әдет-дағды бүкіл өмірге себепкер болады. Мысалы, күнделікті үнемі толтырып отыратын оқушы мұны міндет деп түсенеді, ал күнделік – күнделікті орындалатын үй тапсырмасы жазылатын «құжат».  Өмірде де сондай дағдымен жүреді: ертеңгі күнгі жасайтын істерін қағаз бетіне түртіп отырады. Осы қасиетімен өзгелерге үлгі бола алады. Үлгілі болу үшін үй тапсырмасын дайындап, сабақта белсенді болып, байқау, шараларға қатысу аздық етеді.

Сонымен, тағы қалай «үлгілі» атануға болады?

Қауесетке ермеңіз. Адамды жолдан тайдыратын бір нәрсе – қауесет. Көптің айтқанына еріп, қоңырауда сыныптастармен бір үстелге жинала кетіп, біреуді жамандаудан аулақ болыңыз. Біріншіден, құмға сіңген уақыт: уақытыңызды текке жоғалтасыз. Екіншіден, біреуді жамандағаннан пайда таппайсыз. Біреуді сынау, оны ұнатпау – тәкаппарлықтың белгісі. Сіз өз бауырыңызды өзгелерге жамандамайсыз ғой. Сол үшін де сыныптасыңызды өзгелерге жаман қырынан танытпаңыз.

Алданып қалмау. Аңғалдық, аңқаулық жақсы адамды идеал етіп көрсетпейді. Аңғал болмау үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Бар болғаны шындықпен өмір сүру. Мысалы, «сабақ болмайды» дегенді естісеңіз, старостадан не сынып жетекшіңізден бұл сөздің шын-өтірігін анықтап алыңыз. Қазақта «Батыр – аңғал» деген даналық бар. Алдануға тез берілмейтіндігіңізді өзгелер де уақыт өте аңғара бастайды.

Өзгеге көмек. Сабақтан қиналып жүрген сыныптасыңыз көмек сұраса, білгеніңізді аямаңыз. Ал егер математикадан бақылау өтіп жатқанда, бейберекет мазалай берсе, есептің формуласынан хабар беріп қойыңыз. «Осы әдіспен есептеп көр, сабақ біткен соң, талқылаймыз» деп бағдарын беріңіз. Білгеніңмен бөлісу – зор адамгершілік қасиет. Біле тұра айтпасаңыз, қателігіңіз.

Жаман әрекет.  Егер сыныптасыңыз бұзық әрекетіне сізді араластырмақ ниетте болса, оны тежеңіз. Бұл істің арты неге апаратынын түсіндіріңіз. Арам пиғылдан аулақ болыңыз. «Бұл ісімізді апай не ата-анамыз білетін болса, бізден көңілдері суиды, інілерімізге үлгі болмаймыз ба?» деп санасына жеткізіңіз. Ал егер бұзық сыныптасыңыз «Ақылсынуын» деп мінез көрсетіп жатса, бәрі-бір бұл ұсыныстан бас тартатыныңызды айтыңыз. Бұл жағдайды мұғалімге айтудан да қорықпаңыз. Аққа – әділет жақ.

Мектеп ережесі. Сіздің бойыңыздан мін таппас үшін тағы бір заңдылықты есте сақтау қажет: мектеп ережесі. Сол ережелерге бағынып тура жолмен жүрсеңіз үлгілілерге де үлгілі бола аласыз. Бірыңғай мектеп ережесін сақтап, сабаққа кешікпей келіп, дәлізде оң жақпен жүріп, үлкендерді сыйлап, кішілерге ізет білдіріп, патриоттық сезімдерге адал болып жүрсеңіз болды. Бұл ереженің ауырлығы да жоқ.

Мұндай қабілеттер бойыңыздан табылса, өзгелерге өнеге боларыңыз сөзсіз.

Г. Берік