ХІ республикалық «Зерде» конкурсы өтті

ХІ республикалық «Зерде» конкурсы өтті
Фото: bilim.astana.kz

Оңтүстік Қазақстан облысының шәкірттері 2015-2016 оқу жылындағы оқушылардың зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының ХІ республикалық «Зерде» конкурсында топ жарып, жүлделі орындарға ие болды.

Ақмола облысының Щучье қаласында өткен жарыста өңіріміздегі «Төржан» гимназиясы, №1 А.Пушкина атындағы мектеп-гимназиясы, №71 жалпы орта мектебі, З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицей мен №9 мектеп-лицейі, Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп гимназиясы және А.Асқаров ат. №77 мектеп-лицейінің оқушылары математика және әдебиет секциялары бойынша бірінші орынға ие болса, қазақ тілі мен әдебиеті және өлкетану пәндері бойынша екінші орынды иеленді. Ал физика техника, қоршаған ортаны және адам денсаулығын қорғау, экология және этномәдениеттану секцияларынан Оңтүстіктің оқушылары үшінші жүлделі орынға лайықты деп табылды.

Конкурсқа Республиканың барлық облысынан және республикалық білім ұйымдарынан 500-ге жуық оқушы қатысқан болатын. Оңтүстік Қазақстан облысынан 17 оқушыдан тұратын команда 13 жоба бойынша бағын сынады.

Ғылыми жоба жарысынан топ жарған оқушыларымыз мұнан соң, республикалық «Балдаурен» оқу–сауықтыру орталығының арнайы орындарында, суға жүзу, ойын, спорт және 3D кино залында болып, «Бурабай-Щучье» аймағы мен Бурабайдың ең көрікті орындары «Оқжетпес», «Жұмбақтас», Абылайхан алаңдарына арнайы саяхат жасап, бір серпіліп, жоғары көңіл-күймен қайтты.

Айта кету керек, 1-7 сынып оқушылары арасында «Зерде» шығармашылық жобалар мен зерттеу жұмыстарының республикалық конкурсы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2005 жылдан бастап өткізіліп келеді.

«Зерде» конкурсының негізгі мақсаты – оқушыларды жастайынан зерттеу жұмыстарына тарту, сонымен қатар, зерттеушілік дағдыларын жетілдіру арқылы олардың интеллектуалдық шығармашылық әлеуетін арттыру, оқушылардың жас кезінен бастап шығармашылық жобалау және зерттеушілік дағдыларын дамыту болып табылады. 

Дереккөз: baq.kz

Е. Жұмабайұлы