Сабақтан қашқан оқушыны жазалау

Сабақтан қашқан оқушыны жазалау
Фото: 38.astana-bilim.kz

Мектепте сабақпен қатар тәлім-тәрбие мен ұлттық мәдениетке де жеткілікті деңгейде көңіл бөлінгенде ғана рухы мықты, тәрбиелі азаматтар өсіп шығары сөзсіз. Тәлім бөлек, тәрбие бөлек. Адамдардың көпшілігі қолынан мұғалім болу келгенімен, тәрбиеші болу келе бермейді. 

Айдар ағай Ержан ағайға қарап:
– Тағы да қашыпты, – деді, – Бұған дейін де талай мәрте ескерткенбіз. Ешқандай сөз өтпейді. Міне, мынау үшінші рет болып отыр.

– Сонда бұлар неге қашады? – деп сұрады ол. 
– Білмеймін. Тәрбиеге көнбей өз беттерінше өмір сүргілері келеді.
– Бұрын қалай ұстап едіңіздер? 
– Бір жолы автобус бекетінен ұстап әкелдік. Екінші рет қашқанда парктегі орындықта ұйықтап қалыпты. Біздегі тәрбиенің қатал, түнге қарай оқушыларға бейсауыт көшеге шығуға болмайтынын жақсы білетін маңайдағы полиция қызметкерлері көріп қап әкелген болатын.

...Үшеуі тағы да мектептен қашуды жоспарлады. Олар бұл жолы пойызбен қашпақшы болды. Билет алуға кассаға жақындағанда, кассир әйел бұлардың «тегін еместігін» сезіп:

– Бұл жер өте қауіпті. Билеттерің мен ақшаларыңды маған бере тұрыңдар, пойыз келгенде өздеріңе қайтарып беремін, – деп алдады. Сеніп қалған оқушылар сөзге келместен, оған билеттері мен ақшаларын берді. Кассир әйел дереу бекет полициясын шақырып алып, әлгі оқушылар қай мектептен екенін білуді әрі сол мектепке хабарлауды тапсырды. Балалардың қасына барып, әңгімеге тартып, олардың қай мектептен екенін білген полиция қызметкері бірден жатақханаға телефон соқты. Айдар ағай көлігіне отырып, пойыз жүрмей тұрып дереу келіп үлгерді. Оқушыларды алып жатақханаға келді. Осы жолы жақсылап тұрып сыбағасын бермекші. Өйткені бұған дейін де талай мәрте ескертілген. Жатақханаға жақындағанда мектеп директоры қарсы алдынан шықты. Айдар ағай оқушыларды өзі жазалаудан бас тартып, мән-жайды түгелдей мектеп басшысына баяндады. Ол бірден:

– Айдар, – деді, – маған үш темір шыбық әкелші, қазір сабағым бар, сабақтан кейін мына үшеуі сыныпқа келсін. Сен бар да мен айтқандай үш темір тауып кел! 

Айдар ағай кетіп бара жатып «Ой, сұмдық! Үш темірі несі, ағаш емес қой ол сынып қалатын. Бір ағаш таяқ та жетпей ме?!» деп ойлады, артынша «Әй, бір білгені бар шығар?!» деп айтқанындай үш темір іздеуге көшті. Аздан кейін үш темір шыбықты да тапты. Директор да сабағын аяқтады. Үш оқушының көзі шарасынан шыға жаздап, қатты қорықты. Операция алдындағы ауру адамдай тізелері қалтырап, жүректері аузына тығылды. Директор бұларға қарап:

– Жүріңдер, – деді қатуланып, – кіріңдер ана сыныпқа! 
Бәрі бірдей сыныпқа кірді. Алайда мектеп басшысы еш күтпеген оқыс қимыл жасады. Қасындағы ағайға қарап:

– Әй, Айдар, – деді, – шеш үстіңдегі жейдеңді. Мен де шешем. Ал сендер мына үш темірді алыңдар. Таяқты сендер емес, сендерге жақсы үлгі-өнеге көрсете алмаған, сендерге осы уақытқа дейін тәрбие бере алмаған біз жеуіміз керек. Таяқ жеуге сендер емес, қайта біз көбірек лайықпыз. Егер біз сендерге тәрбие бере алғанымызда сендер жаман жолды қаламаған болар едіңдер. Ал ұрыңдар мына жалаңаш арқамыздан! 

Сыныпқа кірерде зәрелері қалмай қорыққан оқушылар еш күтпеген мынадай жағдайға тап болғанда, естері шыға жалынып кешірім сұрасты:

– Бізге не істесеңіздер де өз еріктеріңіз, тек өтінеміз кешіріңіздерші, екінші рет қайталамаймыз! – десті жылап. 

Мектеп директоры іштей бұл іске шындап бекінген болатын, дегенмен оқушылардың көзінен жас мөлтілдеп, шынымен жалынып кешірім сұрап тұрғанын көргеннен кейін райынан қайтты. Оқушылар да екінші мәрте қашуды сап тыйды.

vk.com/kitaptar

@. @assel_assanova