Венгр оқушыларына 50 пайыздық жеңілдік жасалған

Венгр оқушыларына 50 пайыздық жеңілдік жасалған
Фото: picpickle.com

Әлемдегі барлық бала білім алып, үйренуге құқылы. Дегенмен әр елдің танымына, қоғамдық жағдайына байланысты оқу жүйесі әртүрлі болары анық. Мысалы, Венгр мектептерінде мейрам қарсаңында оқушылар мерекелік киім киеді екен.

Венгрияда ата-аналар баласының кітабын өзі қамтамасыз етеді. Оқу жылының басында оқушының барлық оқу құралы тексеріледі. Бағалау жүйесі біздің елдегідей, бірақ «екілікпен» қатар «бірлік» деген баға бар екен. Сабақ таңғы 8.00-ден басталады, әр сабақ 45 минутқа, ал қоңырау 10-15 минутқа созылады. Оқу жылы 185 күннен тұрады. Ол қыркүйек айынан маусым айының ортасына дейін жалғасады. Мереке күндері арнайы демалыс бекітіледі. Бір қызығы, мейрам қарсаңында оқушылар мерекелік киім кию керек.

Мектепке қабылданған барлық оқушыға «Оқушы билеті» беріледі. Бұл билетпен оқушы барлық сауда орталығында, театр, кинотеатр, мұражай, мейрамхана, дүкен және транспорттық көлікте 50 пайыздық жеңілдікпен кіріп, саудасын жасай алады.

Қызығы Венгрияда егер оқушы сабаққа себепсізден-себепсіз бармаса, ата-ана жауапкершілікке тартылады.

1-4-сынып аралығы бастауыш мектеп деп саналады. Бастауышта бүкіл пәннен бір мұғалім сабақ береді. Бұл да біздің елдегі білім беру жүйесімен ұқсастық. Бұл кезеңде 3-сыныпқа дейін сандық бағамен емес, фигуралармен бағаланады. Мысалы, «жұлдызша», «төртбұрыш» деген секілді. Баланың психологиясына бағытталған көптеген іс-шара ұйымдастырады. Бұл бағалаудың жанама түрі іспеттес. 4-сыныптан кейін дәстүрлі бағалар қойыла бастайды.

Жалпы мектептерде оқушыларға 3 мезгіл тамақ беріледі. Мектепке тамақ әкелуге тыйым салынған.

«Орта буында» оқушылар 5-8-сынып оқиды. Бұл аралық «felsõ tagozat» деп аталады. Бұл кезеңнен оқушылар кейін 9-11-сынып – жоғарғы сыныпқа көшеді.

Г. Берік