Үнді мектебінде оқушыға баға қойылмайды

Үнді мектебінде оқушыға баға қойылмайды
Фото: forum.santabanta.com

Әлемдегі барлық бала білім алып, оны үйренуге құқылы. Дегенмен әр елдің танымына, қоғамдық жағдайға байланысты оқу жүйесі әртүрлі болары анық. Мысалы, үнді мектебінде оқушыға баға қойылмайды. Осындай ерекшеліктері бар Үндістанның білім беру жүйесімен таныс болыңыздар.

Мектепке дейінгі даярлық

Үндістанда балабақша деген түсінік мүлдем жоқ екен. Бала мектепке аяқ басқанға дейін оның тәрбиешісі де анасы болады. Егер ата-ана жұмысбасты болса, онда баланы міндетті түрде туысқанының қарауына қалдырады екен. Есесіне мектепке дейінгі даярлық сыныптар бар. Мұнда балалардың жасына байланысты бөліп оқытады.

Мектепке дейінгі даярлық сыныптарында балалар санауды үйреніп, ағылшын және хинди тілінің алғашқы баспалдақтарынан өтеді. Балалар мектептен мектепке ауысар кезде үлкен сыннан өтеді: алфавитті жатқа айтып, көркем жазудан тапсырма орындап, 100-ге дейін санап, санды санға қосып білімдерін дәлелдейді.

Мектепке дейінгі даярлық мектептері 4 топтан тұрады:

«Play group» – сыныбы ең жас тәрбиеленушілерге арналған. Мұнда тіпті 2 жасар балалар да тәлім ала алады. Негізінен бұл топта балалар тек қана ойнайды.

«Nursery group» – бұл балдырғандар тобы. Мұнда балалар ойнайды да, білім алады да. Үй тапсырмасы беріліп, жеңіл жаттығулар орындайды.

«Lower Kindergarten» – бұл топта 5 жасар балалар ағылшын тілі мен хинди тіліне жаттығып, 100-ге дейін санауды үйренеді.

«Upper Kindergarten». Ал бұл топтың тәрбиеленушілері ағылшын тілінде сөйлеп, оңай математикалық есептер шығарып, қолөнерге қол үйрете бастайды.

Мектепте білім алу

Бұл елдің мектепте білім беру жүйесінде айтарлықтай өзгешелік жоқ. Біздің елден ерекшелігі – барлық оқушыға тегін тамақ беріледі. Ең бастысы, төрт жастан бастап мектепке қабылданады. Математика, тіл, география, сызу секілді дәстүрлі пәндер оқытылады. 7 сыныптан бастап, біздің елдегідей биология, химия, физика ғылымдарына бөлінеді. Сонымен қатар, саясат, жаратылыстану секілді пәндер оқытылады.

Сабақ аптасына алты рет болады. Ал күніне 6-8 сабақтан өтеді. Үнді мектептерінде оқушыларға баға қойылмайды. Есесіне жылына екі мәрте жалпы мектепішілік емтихан өтсе, жоғарғы сынып оқушылары үшін ұлттық тестілеу сынағы өтеді. Мектептегі оқытушылардың дені – ер адамдар. 

Г. Берік