Апатты жағдайдағы мектептер саны азайып келеді

Апатты жағдайдағы мектептер саны азайып келеді
Фото: inform.kz

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Тегісшіл ауылында 300 орынға есептелген жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оқушыларға қуаныш сыйлаған бұл нысан Сарыағаш ауданының бюджет қаржысына салынған.

Қабырғасы қисая бастаған ескі білім ошағының ғимараты құлаудың аз-ақ алдында тұрған еді. Сондықтан оқушылар да соңғы кездері сабаққа баруға жүрексініп жүрген болатын. Енді оңтүстікте апатты жағдайдағы мектептер саны тағы біреуге азайды. Өзбекстанмен шекараға жақын Тегісшіл ауылында жаңа мектептің ашылғанына әсіресе жоғары сыныпта оқитын қыздар қуанып жүр. Олар енді қолөнер үйірмесін ұйымдастырмақшы. Апайымен келісіп те қойыпты. Ескі мектепте үйірме үшін бөлек кабинет болмаған екен.

Роза Әбдірахманова, мектеп оқушысы:

- Ескі мектепте мұндай жағдай жоқ болатын. Біз тігінді білмейтінбіз. Жаңа мектепте машинкалар бар, үйреніп жатырмыз. Алда мектепте өтетін шараларға өзіміз киім тігіп, шеберлік үйірмесін ашуды мақсат етіп отырмыз.

Тегісшілдегі Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп 1958 жылы салынған екен. Содан бері талай жөндеу көрген. Бірақ соңғы жылдары ғимараттың іргетасы шөгіп, қабырғасы сөгіле бастапты. Арнайы комиссия тексеріп, оның апатты жағдайда екенін растаған. Соттың шешімі де бар.

Зибагүл Түктібаева, Тегісшіл ауылының тұрғыны:

- Балаларымыз қандай жағдайға душар болар екен деп қорқып отыратынбыз. Міне, енді мектебіміз заман талабына сай салынып отыр. Бөлмелері кең, жарық. Бұл ұйымшылдықтың арқасында, тоқшылықтың арқасында болып тұр.

Жаңа мектептің сынып бөлмелері кең, әр пәннің өз кабинеті бар. Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 104 білім нысанының құрылысы жүргізілді. Мектебі жоқ екі ауылға мектеп салынды, 24 үш ауысымды мектеп үшеуге азайды. 300 мыңнан астам тұрғыны бар Сарыағаш ауданында биыл 10 мыңнан көп нәресте дүниеге келіпті. Ал 9600 бала алғаш рет мектеп табылдырығын аттаған.

Бұхарбай Парманов, Сарыағаш ауданының әкімі:

- Сол үшін бізде мектепке деген сұраныс жоғары. Енді 2016 жылы өзіміздің жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, 300 орындық мектептің құрылысын бастауға дайындылып жатырмыз.

Аудан облыс пен республикалық бюджетке қол жайып қарап отырмастан, өз мүмкіндіктерін пайдаланып, мектеп салуға кіріскен.

Дереккөз: baq.kz

Е. Жұмабайұлы