Канадалық оқушыларға үздік атану үшін сабақ оқу аздық етеді

Канадалық оқушыларға үздік атану үшін сабақ оқу аздық етеді
Фото: westerngate.org

Әр елдің білім беру жүйесі әртүрлі. Мәселен, Канадада оқушылар "төрттік" не "бестіктермен" бағаланбайды және үздік атану үшін тек қана сабақ оқу аздық етеді. Осы секілді айырмашылықтар бұл елде жетіп артылады. Сонымен, Канададағы замандастарымыз қалай білім алады екен?

Канада мектептерінде бес миллионнан астам оқушы білім алады. Елдегі оқушылардың 95%-ы  мемлекеттік мектептерде оқыса, қалған 5%-ы жекеменшік мектептерде оқиды. Жекеменшік мектептерде білім алу ақылы, мемлекеттік мектептер канадалықтар үшін тегін, ал шетел азаматтары үшін ақылы. Бір қызығы, бұл елде жекеменшік мектептерге ата-аналар сәбилері жасқа толмай жатып та кезекке тұрып қояды екен.

Балаларды мектепке  6 жастан бастап қабылдайды. Бастауыш сыныпты 6 жыл, орта сыныпты да 6 жыл оқиды, толығымен 12 жыл білім алып шығады. Оқу жылы қыркүйектің алғашқы аптасында басталып, маусым айының соңына дейін жалғасады. Ата-аналар баласының қабілетіне қарай оқу бағдарламасын таңдап алады екен. Тіпті, мұғалімді үйіне шақырып оқытады.

Бұл елдегі білім ошақтарының барлығы дерлік компьютерлермен жабдықталған. Сабақтар екі тілде – ағылшын және француз тілінде өтеді. 

Оқу жылы екі тоқсанға бөлінген. Бірінші тоқсанда 4 негізгі сабақ оқытса, қалғандары екінші тоқсанда оқытылады. Демек, бірінші тоқсанда оқушы күн сайын тек қана негізгі төрт сабақты оқитын болады. Олар бізден 30 минут ұзақ оқиды. Яғни, әр сабақ 75 минутқа созылады. Үй тапсырмасы ретінде жаттығулар емес, реферат жазу, жоба қорғау секілді жұмыстар беріледі. 12-сыныпта оқушыларға университетте өздік тапсырмаларды қалай қорғау керектегі үйретіледі.

Бағалау жүйесі 

Канадада бағалау жүйесі пайыздық мөлшермен есептеледі. Мысалы, 50-60% – қанағаттанарлық дегенді білдірсе, 65-75% – жақсы, ал 80-90% – өте жақсы деген үлгерімді білдіреді.

Келесі сыныпқа өту үшін оқушы барлық емтиханнан 50%-дан жоғары жинау керек. Егер оқушы оқу жылында 80%-дан жоғары балл жинаса, емтиханнан босатылып, мақтау қағазына ие болады. Оқу жылы кезінде тек математика және ағылшын пәнінен тоқсан сайын емтихан тапсырса, қалған пәндерден жыл соңында тапсырады.

Үздік оқу қиынға соғады

Үздік оқу оқушыларға оңайға соқпайды. 80-90%-ды жинау үшін сабақта алған баға аздық етеді. Қатарының алды болуы оқушылар үшін жоба қорғап, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуы керек. Мектеп тынысына да, сабақ үлгеріміне де жауапкершілікпен қарайтын оқушылар үздіктің үздігі атанады.

Ата-ана – мектеп – оқушы

Бұл үштік одақ бір-бірімен тығыз байланыста болады. Қарым-қатынасты жүйелеу үшін мектептерде мынадай тәртіп қалыптасқан: оқушылар арнайы папка дайындайды. Бұл папкада оқушының сабақ үлгерімі, тәртібі және мектептегі жаңалықтар жазылып отырады. Апта соңында ата-ана жаңалықтарға толы папканы оқып, танысып отырады.

Г. Берік