Испан оқушылары үш тоқсан оқиды

Испан оқушылары үш тоқсан оқиды
Фото: espanarusa.com

Қиындығы мол болғанымен, берер жемісі де көп білім мен ғылым адамзат баласын өрге жетелейді. Өркениетке ұмтылған әлемнің әр тұрғыны қай жерде болмасын білім алуға міндетті. Әр елдің білім беру жүйесінде өзінше қиындықтары болады. Мәселен, Испанияда оқушылар үш-ақ тоқсан оқиды екен. Сол секілді бұл елдің білім берудегі түрлі ерекшеліктерімен таныс болайық.

Білім алу сатысы

Испанияда мектепке дейінгі білім алу екі кезеңнен тұрады: балабақша (3 жастан бастап) және дайындық тобы (3-6 жас аралығында). Бұл елде мектептің 3 түрі бар: мемлекеттік мектеп, жартылай мемлекеттік мектеп (католиктік мектеп), жекеменшік мектептер. Барлық мектепте балалар 6 жастан бастап қабылданады да, бастауыш сыныпта 6 жыл білім алады. 12 жасқа келгенде орта мектепке ауысып, мұнда 4 жыл оқиды. Олар орта мектептен кейін Bachillerato деп аталатын жоғары сыныпта білімін жалғастырады не арнайы мамандырылған оқу орындарына құжат тапсырады.

Білім алу жүйесі

Мектептерде сабақ негізінен испан тілінде оқытылады. Сонымен қатар, оқушы мектепті екінші ресми тілді (каталон,  валенсий, галисий, баск тілдері) меңгеріп шығуы шарт. Барлық мектепте сабақ қыркүйек айының ортасында басталып, маусым айының ортасында аяқталады. Әр оқу жылы 3 тоқсанға бөлінген. Ал әр тоқсан 11 аптадан құралған. Алғашқы тоқсан қыркүйектің ортасынан желтоқсанның аяғына дейін жалғасып, екі апта Рождество демалысымен аяқталады. Ал екінші тоқсан 6 қаңтардан басталып, сәуірдің соңында 2 апталық көктемге каникулмен бітеді. Ал үшінші тоқсан маусым айының соңында аяқталады. Жазғы демалыс 10-11 аптаға созылады. Сонымен қатар, оқушы сабақтан мүлдем қалмауы тиіс. Егер оқушы дәрігерге қаралып, ем қабылдайтын болса, ата-анасы мұғалімге ескертіп, алдын ала дәрігерден анықтаманы көрсетуі керек екен.

Ал күнделікті сабақтар таңғы сағат 9.00-ден басталып, 16.00-ге дейін жалғасады. Әр сабақ 45-50 минутқа созылады. Кей мектептерде оқушы өз еркімен кешкі сағат 22.00-ге дейін мектепте қалып, үй жұмысын жасап не спортпен айналыса алады. Сыныптағы оқушылар саны негізінен 20-30-дан аспайды. Жеке меншіктегі мектептерде одан аз болуы мүмкін. Сыныпта ұл-қыз араласып оқиды, ал католиктік мектептерде ұлдар бөлек, қыздар бөлек білім алады.

Қандай пәндер оқытылады?

Бұл елдің бастауыш сыныпта оқу заңдылығы біздің елдің оқыту жүйесіне ұқсас. Оқушы математика, әдебиет, ана тілі, дүниетану, музыка, дене шынықтыру пәндерін өтеді және барлық пәнді бір мұғалім өткізеді. Орта мектепке көшкенде информатика, өнер, физика пәндері қосылады да, әр пәннен әртүрлі мұғалім сабақ береді. Жоғарғы мектепте сахна өнері, сурет өнері, экономика және басқару, жаратылыстану ғылымдары, әлеуметтану және техноголия пәндері негізгі болып есептеледі.

Бастауыш сыныптан бастап жоғарғы сыныпқа дейін оқушылар барлық сабақтан емтихан тапсырады. Сынақтан сүрінген оқушының келесі жылы емтихан тапсыруға мүмкіндігі бар. Емтихан 10 балдық жүйемен есептеледі. Ең жоғарғы балл – 10 балл.

Сонымен қатар, Испанияда әр оқушы мектептен алып келіп, үйіне дейін апаратын арнайы автобустармен қатынайды.

Г. Берік