Мексикалық оқушылар "бестік" алмайды

Мексикалық оқушылар "бестік" алмайды
Фото: arissston.livejournal.com

Әр елдің білім беру жүйесі әртүрлі. Мәселен, Мексикада оқушыларды 4-5 жастан бастап қабылдайды және білімдері «1», «7» деген бағалармен бағаланады екен. Міне, осы секілді айырмашылықтар бұл елде жетіп артылады. Сонымен, мексикалық замандастарымыз қалай білім алады екен, таныс болыңыздар.

Мексикалық мектептер

Мексикада мектептердің мемлекеттік және жекеменшік түрі бар. Мемлекеттік мектептерде Мексика азаматтығы бар барлық бала білім ала алады. Ал шетелдік балалар ақылы түрде оқиды. Онда да тек белгілі бір шарттар бойынша қабылдана алады. Сондықтан, Мексикадағы шетелдік оқушылардың басым бөлігіне жекеменшік мектептерге баруға тура келеді. Бір қызығы, олар балаларды мектептерге 4 жастан бастап қабылдайды.

Мексикалық сыныптар

Мексикалық ата-аналар балаларын мектепке апарарда, алдымен, мектептің жетістіктеріне, Мемлекеттік білім беру комиссиясында тіркелген-тіркемегеніне назар аударады екен. Бір қызығы, оқушы бастауыш сыныптарда біз секілді төрт жыл емес, алты жыл оқиды. «Орта буын» деп 7-9 сынып оқушыларын айтады екен. Оқушылар 10-12 сыныпта жоғарғы сынып оқушылары атанады. Тегінде, бұл елде жоғарғы сынып колледж есебінде жүреді. Демек, жоғарғы сыныптың оқушылары «студент» аталады. Олар жоғарғы сыныптарға келер алдында өз қабілетіне қарай физика-математика, химия-биология, экономикалық-әкімшілік және гуманитарлық бағыттардың бірін таңдайды. 

Оқушылар қандай баға алады?

Кітаптар бастауыш сыныптар үшін тегін, ал 7-12 сынып оқушылары үшін ақылы. Бағалау шкаласына келер болсақ, біздегідей «4» не «5» емес. Бұл елдің оқушыларының күнделігіне 1-ден 10-ға дейінгі бағалар қойылады. Оқушылар бір оқу жылы кезінде 5 рет емтихан тапсырады. Әрі әр оқу жылының соңында ұлттық емтихан тапсырады екен. Егер оқушы «алтылықтан» төмен баға алса, Швеция еліндегідей емес – келесі жылы қайталап оқиды.

Олар ұзақ демалады

Мексикадағы оқу жылы тамыз айының үшінші аптасында басталып, келесі жылы маусым айының соңында аяқталады. Оқушылар Рождество мен Пасха мерекесінде ең ұзақ демалысын өткізеді. «Semana santa» деп аталатын Пасха мейрамындағы демалыс екі аптаға, кейде одан да көп күнге созылады.

Тілді меңгерту әдісі

Мектептерде сабақтар испан және ағылшын тілінде өтеді. Ал жекеменшік мектептерде испан тілін үйрететін спорттық, би, көркемсурет үйірмелері бар. Яғни, бала қабілетін аша отырып, бойына испан тілін сіңіріп өседі.

Г. Берік