Италиялық мұғалім оқушыларына жазға 15 тапсырма берді

Италиялық мұғалім оқушыларына жазға 15 тапсырма берді
Фото: Чезара Катаның парақшасынан

Италияның Polo Scolastico Paritario "Don Bosco" мектебінде сабақ беретін Чезара Ката өз шәкірттеріне жазда істеп үлгеруі керек 15 тапсырма дайындаған. Бұл тізім алдымен фэйсбукте жарияланып, содан соң бүкіл ғаламторға тарап, мыңдаған лүпіл жинады.

Назарларыңызға Чезара Катаның ерекше тізімін ұсынамыз:

1. Күнде таңертең теңіз жағасында жалғыз қыдыр. Күн сәулелерінің суда еріп кеткенін бақылап, сені не бақытты ететіні жайлы ойлан.

2. Биыл үйренген жаңа сөздерді пайдалануға тырыс. Неғұрлым көп сөз қолдансаң, соғұрлым тез ойлайтын боласың. Демек тілдік барьерді жойып, өзіңді еркін сезінесің.

3. Кітап оқы. Көп оқуға тырыс. Бұл міндет емес. Жазда кітап оқу ойлау қабілетіне игі әсер етеді. Өзіңді толғандыратын сұрақтарға жауапты кітаптан табасың.

4. Негатив, жалғыздық сезімдерінен арылуға тырыс. Сені артқа сүйрейтін жағдайлар мен адамдардан құтылуға тырыс. Шабыт ізде. Алға итермелеп, жаңа шыңдарды бағындыруға ынталандыратын дос ізде.

5. Мұңайсаң, қорықсаң күнделік жазуды баста. Сезімдерің мен ой толғаныстарыңды жазып отыр. Егер қаласаң, қыркүйекте соны оқып, сөйлесуімізге болады.

6. Ештеңеден қысылмай, биле! Қайда жүрсең де биле. Би алаңы болсын, өз бөлмең болсын, биле. Жаз – билеп, көңіл көтеретін мезгіл екенін ұмытпа.

7. Ең болмағанда бір рет таңның атуын бақыла. Үнсіз, терең дем алып, күннің ұясынан шығып келе жатқанын қызықта. Көзіңді жұмып, осы күнге жеткенің үшін рақмет айт.

8. Үнемі спортпен шұғылдан.

9. Егер біреуді ұнатып қалсаң, оған сезіміңді әдемі, шынайы етіп жеткіз. Ештеңеден қорықпа. Жауапсыз қалса ештеңе етпейді. Егер ол да өз сезімін білдірсе, 2015 жылдың жазы екеуіңіз үшін ең жылы кезең болып қалады.

10. Сабақтарымыздың конспектін қайта оқып шық. Біздің оқыған дүниеміздің өз өміріңде ізін қалдырғанын байқадың ба?

11. Күннің нұры секілді бақытты, ашық жарқын бол. Теңіз секілді еркін, тәуелсіз бол.

12. Ешкіммен ұрыспа. Тәртіпті, мейірімді, кішіпейіл бол.

13. Терең мәні бар фильмдер қара. Оларды ағылшын тілінде қарауға тырыс. Бұл тіліңді тез дамытатын әдістің бірі.

14. Жаз – сиқырға толы мезгіл. Таңның атып, күннің батуына дейін бақытты өмірді елестетіп, армандарыңның орындалуын тіле. Мақсатқа жету үшін қолыңнан келетін нәрсенің бәрін жаса.

15. Жақсы адам болуға тырыс.

Ф. Абилова