Оқушы неге мектепке барғысы келмейді?

Оқушы неге мектепке барғысы келмейді?

Соңғы 10 жылдың ішінде ата-аналар психолог мамандарға «Балам мектепке барғысы келмейді. Не істеймін?» сынды сұрақтарды жиі қойып жүр. Бұрын-соңды бұл сұрақ жасөспірімдердің ата-анасын көп мазаласа, дәл қазір бастауыш сынып оқушыларына да қатыстырылып айтылып жүр. Бала басында айтарлықтай қиындықтары бар кезде сабақ оқымай, мектепке барудан бас тартады. Яғни мұны сигнал деп қабылдағанымыз жөн. Мектепке бармауына ұстазбен, сыныптастарымен қарым-қатынасы да әсер етуі мүмкін. Әдетте ата-аналарына мәселені одан ары ушықтырады деген оймен айтпайды.

Сен - үлкенсің

Кей отбасының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашар болып, отбасындағы әке мен ана қатар жұмыс істейді. Осының салдарынан үйдегі ауыртпалық мектеп жасындағы балаға артылады. Оқушы үйде сабақ оқып үлгермеуі мүмкін. Жасы үлкен ата-әжесіне шай беріп, өзінен кіші іні-қарындастарына қарайлайды. Үйді тазалап, ата-анасының орнына келген қонақты күтеді. Осылайша балалық шақ артта қалады. Мұндайда психолог мамандарға жолыққан жөн. Ол біз туралы еш нәрсе білмейді. Айтқан сырымызды тек біз рұқсат берген жағдайда ғана жария етеді. Сыныптастарым не ойлайды деп ұялсаңыз, психолог маманға жолыққаныңызды айтпай-ақ қойсаңыз болады.

Балалық шақ кенеттен аяқталуы мүмкін емес. Асыр салып ойнап, әке-шешеңіздің мойнына асылып еркелегіңіз келетінін жақсы түсінеміз. Бірақ білімнің болашағыңыз үшін өте керек екенін ұмытпаңыз. Қиналған сәтте әр істің нәтижесі қандай болатынын ойлаңыз. Мысалы, сіз үй тапсырмасымен қатар үй шаруасын да жасап үлгерсеңіз, болашақта аз уақыт ішінде көп іс тындыруға дағдыланасыз. Айтарлықтай тәжірибе жинақтайсыз.

Үй тапсырмасының шектен тыс көп берілуі

Біз оқып жүрген бағдарламаның қиын екенін Тұрсынбек Қабатовтың әзілдерінен де естіген боларсыз. Ең бастысы, оны тәжірибеңізден өткізіп көрдіңіз. Соңғы жылдардың ішінде көп өзгеріс енгізілді. Мектеп бағдарламаларында да айырмашылықтар көрініс тауып жүр. Осының салдарынан оқушы ҰБТ-ға айтарлықтай дайындықпен бара алмауда. Бұдан өзге жекеменшік мектептер мен гимназияның оқушылары қарапайым мектепке қарағанда әлдеқайда білімдірек болады. Үлгеріміңіз нашарласа, арнайы репититор маманның көмегіне жүгініңіз. Егер оның көмегі тимесе, айналаңызға зер салыңыз. Еліміздегі ең беделді деген қызметкерлер кезінде кітаптан бас алмай оқыған оқушылар болатын. Ал көше кезіп, денсаулыққа зақым келтіретін жұмыстармен айналысып, қайыр сұрап жүрген жандардың жағдайы мен айтпасам да түсінікті шығар. Мүмкін барлығы да таныс арқылы жүзеге асады деп ойлайтын шығарсыз. Алайда қателесесіз. Сапалы білім біздерді кез келген қиындықтан алып шығады. 

Ал Сіз бұдан өзге қандай себептері болуы мүмкін деп ойлайсыз?

Сурет: Massaget.kz

Қ. Бүйенбай