Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы TEDx-тың ең жас спикері атанды

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы TEDx-тың ең жас спикері атанды

Астана қаласында "көпшілікке жол тартуға лайық идеялар" форматындағы TEDx халықаралық конференциясы өтті. Аталған шарада Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы ең жас спикер болып қызмет жасады.

2015 жылдың наурыз айында Астанада «Алып идеялардың жүзеге асуы» (How big is big) атты тақырыпта конференция өтті. Аталған конференцияға отандық және шетелдік белсенді тұлғалар қатысты. Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика-математика бағытындағы 9 "F" сынып оқушысы Буликбаева Айгерім спикерлердің бірі болды. Айгерім TEDx тарихында ең жас қатысушы болып саналады.

TEDх жобасы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жаңа бастама ретінде қолға алынып отырса да, оның тарихы АҚШ-дан басталады. Ол 1984 жылдан бастап жүзеге аса бастаған. Осы жылы Калифорния қаласында "көпшілікке жол тартуға лайық идеялар" ұранымен TED "Technology Entertainment Design" конференциясы өткен. Конференция барысында қатысушылар өз тәжірибелеріне сүйеніп, адамзаттың ақыл-парасат деңгейін көтеруге бағыттайтын жобалар ұсынады. Бұл конференцияға әлемге әйгілі Билл Гейтс, Альберт Гор және Ұлыбритания премьер-министрі Гордон Браун қатысқан. Күнделікті тұрмыста қолданып жүрген Macintosh компьютерлері мен компакт-диск осы жерде таныстырылған.

Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі TEDx NIS клубтары 2012 жылы WikiBilim қоғамдық қорының қолдауымен құрылған. Бүгінгі таңда аталған клубқа 17 Зияткерлік мектептің 450 оқушысы мүше болып қабылданған. Клуб мүшелері орыс, қазақ, ағылшын тілдерін жетік меңгерген көшбасшы ғалымдардың, өзге салада жүрген тұлғалардың көпшілік алдында оқыған дәрістері мен идеяларын талқылайды. Мұнымен қатар, өздері таңдаған тақырыптарда TED форматына сай мәтін баяндама дайындайды. Клуб мүшелері логистикалық талаптарға сай дағдыларды, шешендік өнерді, ұйымдастырушылық қасиетті, спикерлікті, интернетті толықтай меңгереді. Қарсыласының пікірін сыйлап, өзінің көзқарасын қорғауды, топ пен жеке басы үшін шешім қабылдауды үйренеді.

Дереккөзі: is.edu.kz

Сурет: nis.edu.kz

Қ. Бүйенбай