Ділдә Тілегенова: "Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста"

Ділдә Тілегенова: "Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста"

Бүгінгі заманның ағысы зымырап ұшқан құспен тең. Көзді ашып-жұмғанша кеш батып, таңның қалай атқанын байқамай қаламыз. Әрқайсымыз алдымыздан самалдай есіп келген жаңа дәуірдің лебін сеземіз. Бұл қандай дәуір? Біздіңше, бұл - атақты әлеуметтанушы Э.Тофлер айтқан «Үшінші толқынның» санамызға кіріккен дәуірі. Яғни адамдардың ақпаратты білуге құмартып, технологияны меңгерген дәуірі. Қаймана жұрттың қамын ойлап, ел басына күн туғанда етікпенен су кешкен батырлардың ұрпағы - осы дәуірдің өкілдері. Олардың уақыттары шектеулі, әр минуты санаулы, қолдарынан ноутбук, смартфон, планшет түспейді. Ғаламтор арқылы барша әлеммен қарым-қатынасқа түсіп, әлемнің түкпірлерінде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып отырады. Және кез келген қиын-қыстау кезеңде дұрыс шешім тауып, жан-жақтылығын көрсетеді. Солардың бірі біздің кейіпкеріміз – Ділдә Тілегенова. Ділдә Алматы қаласында дүниеге келген. Бүгіндері Мүслім Базарбаев атындағы №138 мектеп-гимназиясының 11 «А» сыныбының оқушысы. Биыл алтын ұядан қанат сомдап, үлкен өмірге қадам басады. 

− Ұстаздарыңыздан «Алтын белгі» үміткері екеніңізді естіп жатырмыз. Ол кісілердің үкілі үмітін ақтауға дайындығыңыз қалай болып жатыр?

− Өздерінің алтын уақытын біреудің бақытына, келешегіне арнаған ұстаздардың үмітін қалай ақтамасқа? Сол үшін бар күш-жігерімді, ақыл-парасатымды біліммен толықтыруға тырысудамын. Білгенім бір тоғыз емес, тоқсан тоғыз болсын деп оқу құралдарын қайталап жүрмін. Сыныптастарыммен бірге тест тапсырмаларын талдап, қосымша әдебитеттерді оқып, игерген білімді үнемі есте сақтауды жөн көремін.

− Көп уақытыңызды дайындыққа арнайтын секілдісіз? Бос уақытыңызда не істейсіз?

− Негізі уақытымыз ҰБТ дайындығына кететіндіктен, қолым қалт еткенде сурет салумен әуестенемін. Сурет салу арқылы миымды тынықтырып, шығармашылық қабілетімді дамытамын. Суретімнің нәтижесі мені қанаттандыра түседі. 

− Қолға алған ғылыми жобаңыздың мақсаты қандай?

− Қазақстанда балалар және диеталық тағамдарына арналған глютинозды күріштің сортын шығару үшін бастапқы отандық формаларын дәстүрлі сұрыптау жолымен алу. Қазақстанда бұрын соңды өндірілмеген, әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие, жаңа эксклюзивті глютинозды шығару мақсатында жұмыс істеп жатырмын. Қазіргі таңда алғашқы глютинозды жаңа отандық формалар алынды.

− Достарыңыз Шұғыла апамыздай мың бұралған биші екеніңізді жасырмады. Бидің қандай түрлерін меңгергенсіз?

− Би жалпы қазақ халқының құрметтейтін өнерінің бірі болғандықтан, жас кезімнен би үйірмелеріне үзбей қатысып келемін. Дәстүрлі би түрлерінен басқа, қазіргі заманауи би түрлерін де игердім. Мысалы: хип-хоп, спорттық би, латын-америка би түрлері.

− Өлеңдеріңізді көбінесе қай тақырыпта жазасыз?

− Өлеңдерін сүйіп оқитын ақындарға арнау өлеңдерді жазғанды ұнатамын.

− Осыған дейін «Ералаш» бағдарламасында рөл сомдаған екенсіз. Режиссер берген образды сомдап шығудағы қиындықтар туралы не айтасыз?

− Актерлік шеберлік жылдар бойы шыңдалатын қабілет болғандықтан, "Ералаш" бағдарламасында рөлдерді орындауда қиындықтардың болатыны заңдылықты. 5 минуттық роликті 4 сағат түсіргеніне қарағанда, бірден табысқа жете қоймағаным анық (Күліп алды).

− Сәнбике болу сіз үшін хобби ме әлде табыс көзі ме? 

− Сәнбике болуды қай қыз армандамайды? Егер сәнбике болуғы ойың да, бойың да жетіп тұрса, неге сәнбике болмасқа? Бірақ қазіргі таңда, бұл мен үшін хобби ретінде қалды. Болашақта мүмкіндік болып жатса, өзімді сынап көруге қарсы емеспін. 

− Қандай спорт түрлерін меңгергенсіз?

− Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде, көркем гимнастикамен айналыстым. Жоғары сыныптарға барғанда, ойлау қабілетімді дамыту мақсатында, шахмат және өзіміздің дәстүрлі ойынымыз - тоғызқұмалаққа біраз қызуғушылық танытқан болатынмын. Спорттың аталған түрлерінен аудандық, қалалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Сонымен қатар, жүзу мен тенниске қатыстым.

− Көкейіңізді кернеп жүрген қандай армандарыңыз бар? Массагет оқырмандарымен бөлісе отырсаңыз. 

− Армансыз адам - қанатсыз құс сияқты болатындықтан, менің де армандарым көп. Солардың ішінде ең үлкен арманым – мүмкіндігімше көп тілді игеріп, сол тілді қолданатын халықтардың өмірінен мағлұмат алсам деймін. Бұдан өзге белгілі бір мамандықтың иесі болып, еліме қызмет еткім келеді.

− «Қазіргі жастар кітап оқымайды» деген пікірге көзқарасыңыз қандай?

− "Қазіргі жастар кітап оқымайды" деген пікірге қарсымын. Техниканың қай түрі болмасын, кітапты ешқайсысы ауыстыра алмайды. Кітап оқу арқылы адам өмірге қалыптасады, эстетикалық талғамын қалыптастырады, адамдармен мәдени қарым-қатынас жасауға үйренеді, танымы кеңейе түседі. Жақсы-жаманды бір-бірінен ажыратуға мүмкіндік алады.

− Сүйікті жазушыңыз кім?

− Ақындардан Абай Құнанбаев пен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін, поэмаларын жастайымнан жаттап, бірнеше "Көркем сөз оқу" жарыстарына қатыстым. Әсіресе Абай атамыздың "Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,  Сонда толық боласың елден бөлек" деген өлең жолдары мен үшін өмірлік ұстанымым тәрізді.

Барлық бітіруші түлектің ҰБТ–дан сүрінбей өтіп, жақсы балл жинауларына тілектеспін. Атаанамыздың, ұстаздарымыздың үкілі үмітін ақтаймыз деп сенемін. Болашақта қалаған мамандық иесі болып, армандарыңыз орындала берсін!

Оқи отырыңыз:

Ерасыл Мирасбек: "Өмірде өз таңбаңды қалдыр"

Аяжан Базилжанова: "Жұдырықтай жүрегім елім деп соғады"

Сыныпта қандай топтар болады?

2014-2017 жылдары жоғары сұранысқа ие болатын мамандықтар

Сурет: Massaget.kz, ©Ерасыл Мирасбек, Ділдә Тілегенованың жеке архиві

Қ. Бүйенбай