Келер жылы мемлекеттік білім беру гранттары қалай тағайындалады?

Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту шеңберінде 2019 жылдан бастап мемлекеттік білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалатын болады. Сондай-ақ мамандарды даярлау бағыттарының жаңа сыныптауышы (классификатор) енгізіліп отыр, - деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігі.

Бүгінге дейін еліміздің жоғары оқу орындарында мамандықтардың тізімі нақты көрсетілген сыныптауыш пайдаланылған болатын. 2019 жылдан бастап білім берудің даярлау бағыттарының жаңа сыныптауышы енгізілетін болады.

Жаңа сыныптауышта мамандықтардың нақты тізімі емес, мамандарды даярлау бағыты көрсетілетін болады. Сәйкесінше, еліміздің жоғары оқу орындары дербес білім беру бағдарламаларын жасап алады. Осыған орай, мемлекеттік білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалатын болады. Мәселен, "Математика пәні мұғалімдерін даярлау" тобына "Математика", қосарланған "Математика-Физика", "Математика-Информатика" мамандықтары кіреді. Ал "Ақпараттық технологиялар" тобына - "Информатика", "Ақпараттық жүйелер" және тағы басқалары, - делінген ресми хабарламада.

Білім беру гранттарының тағайындалуы бұрынғыдай мамандықтар бойынша емес, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша жүзеге асырылатын болады. Грант ұтып алған соң оқуға түсуші (талапкер) ЖОО-ға таңдаған білім беру бағдарламасы бойынша тіркеліп, ЖОО-ға құжаттарын тапсыру кезінде таңдап алған мамандығы бойынша білім алатын болады.