14 мыңнан аса түлек ҰБТ-да шекті балды жинай алмады

14 мыңнан аса түлек ҰБТ-да шекті балды жинай алмады
Фото: ҰБТ, тест, жас түлек, нәтиже, 140 балл, ұлттық бірыңғай тестілеу, Рамазан Әлімқұлов

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге 98 698 түлек қатысып, оның 14,6 мыңнан астамы жоғары оқу орынға түсу үшін қажетті ұпайды жинай алмады. 

Биыл ҰБТ 167 бекетте өткен. Оның ішінде 3 бекет коллеждің базасында, 116 бекет мектептің базасында және 48 жоғары оқу орнының базасында орналасқан. 

2018 жылы ҰБТ бойынша ең жоғары 140 балды Алматылық түлек Шиара Құдайбергенова алды. Бұл биылғы жылдың ең жоғарғы балды алған жалғыз түлегі. Сонымен қатар 130-139 ұпай жинаған 1 405 түлек бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық. 

«Биыл ҰБТ-ға жалпы 102 мың 447 түлектен өтініш түсті. Яғни 102 447 түлектің 98 698-і немесе 96%-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Оның ішінде ҰБТ-ны 77 мың 224 түлек яғни оқушылардың 75%-і қазақ тілінде, 25 177 түлек, яғни шәкірттердің 25%-і орыс тілінде тапсырды. Сонымен қатар биыл алғаш рет 28 оқушы ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырған. Алғашында ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырамын деген 46 өтініш түсті. Бірақ 28 түлек қана ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырды. Оның ішінде 5 оқушы Астанадан, 7 оқушы Атыраудан, 6 оқушы Шымкенттен және қалғандары басқа қалалардан болды. ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырғандардың орташа балы – 85балл. Нәтижесінде тестілеуден шекті балды алған түлектердің саны – 84 065 немесе 85% жетіп олтыр. Өкінішке қарай, шекті балды алмағандардың саны – 14 633 немесе 14%. Сондай-ақ, 9 түлектің ҰБТ нәтижесі жоққа шығарылды. Қазақстан бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуде орташа балл – 83. Былтыр ол 80,5% болған», - деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұл ОКҚ-дағы брифингте. 

Сонымен қатар Рамазан Әлімқұлов қанағаттанарлық нәтиже көрсете алмаған түлектердің 25 шілде мен 3 тамыз аралығында ҰБТ-ны екінші рет тапсыруға өтініш бере алатынын атап өтті. Яғни 15 тамыз бен 19 тамыз аралығында ҰБТ-ны қайта тапсыруға мүмкіндігі бар. 

"Өткен жылдан бастап тамыз айында ҰБТ-ны қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Тамызда да қойылған межеден аса алмаса, түлек шартты түрде Қазақстандағы жоғары оқу орнына түсе алады, содан кейін бірінші семестрдің соңында ҰБТ-ны үшінші рет қаңтар айында тапсыруға болады. Бұл жағдайда түлек білім беру грантына үміткер бола алмайды", - деп өз сөзін түйіндеді Рамазан Әлімқұлов.

Н. Үсенова