Қазақстанда алғаш рет оқушыны кәсіпкерлікке баулитын олимпиада өтті

Қазақстанда алғаш рет оқушыны кәсіпкерлікке баулитын олимпиада өтті
Фото: google.com

Қазақстандық дарынды оқушылардың жасаған жобалары таяу арада тұрмыстық бұйым немесе өндірістік қажеттілік ретінде қолданысқа енгізілетін болады. Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының ұйымдастыруымен өткен Ұлттық инновациялық жобалар олимпиадасының марапаттау салтанатында белгілі болды, деп хабарлайды Қозғалыстың баспасөз қызметі.

«Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы өткен шілде айынан бастап, қазан айына дейін Қазақстанның барлық аймағындағы мектептерден «Жасыл энергетика», «ІТ», «Модельдеу және робототехника», «Тұрмысқа пайдалы өнертабыстар» тақырыптары бойынша оқушылардың жобаларын қабылдаған болатын. Бүгін Қозғалыс ұжымы олимпиаданы қорытындылады.

Мұхтар МАНКЕЕВ, «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы Кеңесінің төрағасы:

- Бұл олимпиада дәстүрлі олимпиадалармен салыстырғанда басқа әдіспен ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсат – оқушылардың жобаларын әрі қарай дамыту және өндіріске енгізу. Олимпиада осынысымен ерекшеленді. Мұндай олимпиада елімізде алғаш рет өткізіліп отырғанын да атап өткім келеді. Олимпиадаға «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Білім және ғылым министрлігі, республикалық «Дарын» орталығы, Назарбаев универистеті, Еуразия технологиялық университеті, «Bilim Media Group»  қоры қолдау танытты. Олимпиада финалына қатысқан 20 баланың екеуіне серіктестеріміз тарапынан білім гранты, 10 оқушыға компьютерлік академияның тегін оқу сертификаты мен бағалы сыйлықтар табысталды. Негізгі жүлде «Ментор сертификаты» деп аталады. Сертификатқа ие болған оқушылар Қазақстанға танымал кәсіпкерлермен бірге өз жобасын дамытуға мүмкіндік алады. 

Келіп түскен 200-ге жуық жобаның ішінен 20 жобаны сарапшылар тобы іріктеп алды. Бұл 20 жоба бүгін көпшіліктің қатысуымен қазылар алқасының алдында қорғалды. Үздік деп танылған 10 жобаға арнайы менторлар бекітілді.

Атап айтқанда, «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы Кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев астаналық Санжар Пернебаев пен Арсений Колесниченкоға менторлық ететін болады. Сонымен қатар, белгілі кәсіпкер Әділ Нұрғожин алматылық Иван Крепак пен Диана Жалғасқа, MOS Business Incubator кәсіпорнының бас директоры Павел Коктышев павлодарлық Кенесары Тлевбердиев пен оралдық Қуаныш Аманғалиға, «Open Technologies Group» мекемесінің құрылтайшысы Қайрат Ахметов ақтаулық Никита Афанасьев пен көкшетаулық Шахана Погребицкаяға, «Documentolog» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Байжан Қанафин алматылық Шыңғыс Қуанышбаймен астаналық оқушылар - Гауһар Тұрғамбекова, Ясмин Кисикова, Карима Садықованың бірлескен жобаларына менторлық етеді.

Менторлардың негізгі міндеті - жобаны әрі қарай дамыту және оны халық тұтынатын тауарға айналдыру жолдарын қарастыру. Алдағы 2018 жылы менторлар оқушылармен жыл бойы бірге жұмыс істейді.

Ерекше атап өтетін мәселе, менторлардың оқушылармен қалай жұмыс жасап жатқандығын бақылауға да мүмкіндік қарастырылған. Ол үшін «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы отандық ірі телеарнадан арнайы бағдарлама ашып, рэалити шоу форматында 2018 жылдан бастап тұрақты түрде көрсетіп отыратын болады.

Г. Берік