ҰБТ алдында нені ескеру керек?

ҰБТ алдында нені ескеру керек?
Фото: nis.edu.kz

ҰБТ-ға дайындық кезінде бар жауапкершілік түлектің мойнына артылып, тестіге дайындалатын уақыт аралығы эмоциялық қиындықтармен байланысты болады. Дайындығы жақсы түлек қана ҰБТ-дан жоғары нәтижеге қол жеткізе алады.

– Жоғарыда айтқанымыздай жауапкершілік түлектің мойнында болғанымен, оқушының жақсы нәтиже көрсетуіне ата-анасы әсер ете алады. Төмендегі кеңестер әр оқушыға арналған. Сонымен қатар, оларды түлектің ата-аналары да ескергені жөн.

– Ғалымдар ақыл-ой еңбегі физикалық жаттығуларға қарағанда көп энергияны шығындайтындығын дәлелдеген. Сондықтан ҰБТ-ға дайындалып жүрген оқушы әрдайым тоқ жүргені абзал. Бұдан өзге калориясы көп тағамдарды аз-аздан күніне 4-5 рет жеу арқылы күш-қуатын қалпына келтіріп отырады. Ақыл-ой мен дене еңбегін кезектестіретін жандар жеміс-жидек, көкөніс, бал, ет, балық сынды тағамдарды тұтынғаны жөн.

– Ата-аналар болашақ өмірге қадам басқалы отырған балаларына ыңғайлы жағдай жасап, табысқа жетуіне септігін тигізе алады. Ол үшін үйдегі тыныштықты қамтамасыз етіп, жұмыс үстелін дұрыс безендіруі керек. Кейбір мамандар осылайша бала психологиясына әсер етуге болатынын айтады.

– Кейбір оқушы дайындыққа барын салып кірісіп, құрдастарының қатарынан қалып қояды. Көңіл күйлері осылайша бұзылады. Ата-аналар мұндайда не істей алады?

– Тәуліктің 24 сағатын дайындыққа арнау – қате. Сондықтан ақыл-ой мен дене еңбегін алмастырып, оқушыларға таза ауада жүруге, көзді демалдыруға мүмкіндік беру керек. Ең бастысы – дайындық барасында дұрыс ұйықтау тәртібін қалыптастыру.

– Ата-ана ҰБТ тапсыратын баласы үшін алаңдаған сайын жағымсыз көңіл күйлері баласына жұғады. Егер ата-ана күйзеліске төтеп бере алса, бала да жігерлене түседі. Сонымен қатар, шынайы жанашырлық танытқан абзал.

Г. Берік