Шетелде білім алғыңыз келе ме?

Шетелде білім алғыңыз келе ме?
Фото: Nocamels.com

Мектеп бітіргеннен кейін жоғарғы оқу орнын таңдау күрделі мәселе. Біріміз Қазақстандағы оқу орындарын таңдасақ, біріміз шетел асуды жөн санаймыз. Елден жырақта білім алған өте дұрыс. Дегенмен, алған білімімізді халықтың пайдасына жарату керектігін де ұмытпаған жөн. Ел көріп, жер танып, әр мемлекеттің өзіндік менталитетімен танысып, тәжірибе жинақтағанның кімге болса да пайдасы өте зор. Осы орайда, шетелде білім алам деушілер болса, Шанхай рейтінгісін ұсынамыз. Аталмыш іріктеуде  әлем университеттері арасында топ жарып алғашқы 200 университет қатарына іліккен мемлекеттерді көрсетеді.

1. АҚШ

Тізімнің көшін бастап, сапалы білім беруі жоғары беделге ие болған университеттері бар мемлекет АҚШ болып табылады. Мемлекет университеттерінің  40%-ы ТОП-200 рейтінгісінде көш бастап тұр. Аталмыш оқу орындарының қатарында Гарвард, Стэнфорд, Массачусест технологиялық институты, Йель сынды университеттер бар. АҚШ жоғары білім берумен қатар орта білім беру үшін де шеттен адам қабылдай алады.

2. Ұлыбритания

Еуропадағы ең озық білім беру жүйесі Ұлыбританияның еншісінде. Сонымен қатар мемлекеттің жоғарғы оқу орындарында 107 Нобель сыйлығының лауреаты қызмет етеді. Айта кететін тағы бір ерекшелік мемлекет компанияларының 70%-ы университеттермен арнайы келісімшартқа отырған. Олардың негізгі мақсаты инновациялық өндірістерді жас мамандармен бірге жүзеге асыру.

3. Германия

Германияның білім беру саласына бөлетін жылдық инвестициясы күн санап артуда. Мемлекеттің  450 жоғарғы оқу орны мемлекеттік аккредациядан өтіп қана қоймай, 17500 білім беру бағдарламасының үздік жиынтығын жасады. Сырттан келген студенттер неміс тілінде де, ағылшын тілінде де білім ала алады. Оның үстіне, маман ретінде өзіңді көрсете білсең, сол елдің азаматтығын алып тұрақты жұмысқа орналасуға да мүмкіндік зор.

4. Қытай

Әлемнің жетекші университеттері қатарына Азиядан алғашқы болып ТОП-200 тізіміне ілінген бұл мемлекеттің бүгінгі таңда қарқыны мықты. Қытай Халық Республикасына жыл сайын Еуропадан сұраныстар артуда. Қос диплом бағдарламасы бойынша бірнеше университеттер жұмыс жасайды. Оған дәлел "Қонақ үй бизнесі" бойынша Швейцар мектебі ашылды. Сонымен қатар, Xi’an Jiaotong-Liverpool University  оқу орнында британ дипломын алу мүмкіндігі де қарастырылған.

5. Франция

Францияда әрбір бесінші евро білім беру саласына жұмсалады. Білім беру саласына жұмсалатын ақшаның орташа көрсеткіші – 150 миллион евроны құрайды. Болон үдерісін қолданған алғашқы мемлекеттер қатарында да осы мемлекет тұр. Студент үш саты бойынша білім алуын жалғастыра алады. Үш сатыны толықтай аяқтаған адам ғана диплом ала алады.

Шетелде білім алу қызықтыратын болса, халықаралық IQ кеңесшілерімен ақылдасқан жөн. Қазақстанда осы тұрғыда "Болашақ" сынды бағдарламалар жүзеге асқан.

 

Ә. Жутаева